Еске алу кешінде қарымды журналистің «Egemen Qazaqstan» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі бола жүріп, Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын зерттеп, насихаттауға зор үлес қосқаны жөнінде де әңгіме өрбіді. 1996 жылы Байтұрсын Ілияс «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастырып, оған басшылық етті. Экспедиция Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының жүріп өткен ізімен Торғай өңірін аралап, ел ішіндегі көнекөз қариялардың аузынан көптеген құнды дерек-мағлұматтарды жинады. Ғылыми сапардан соң қаламгер Ахаңның өмірі мен қайраткерлігі туралы «Алтын бесік» атты зерттеу еңбегін жазды.
Кеш барысында кезінде «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедициясының басы-қасында болған Ибрахим Ағытайұлы сөз алып, Байтұрсын Ілиястың азаматтық болмысы мен журналистік шеберлігі жайында ой толғады.
«Алдымен бір өтініш айта кетейін, кітапхана қызметкерлері, студент жастар бірлесіп кітап талдау дегенді ұйымдастыру керек. Ахметті жазып жүргендердің біразы жақшаның ішіндегі «үлкен ізденіспен» естіген-білгендерін қайталап, көркемдеп жазып жүр. Ал ең бірінші Ахметті танытушылардың бірі – осы Байтұрсын Ілияс. Бір күні ол қоңырау шалып: «Осындай экспедиция ұйымдастырып жатыр едім. Маған жолбасшы болуға қалайсың?» деді. Мен: «Жолбасшы емес, атшы боламын. Мен сіздің бұл сапарыңызға бензин, тоқтап, қонатын орын жағын қамдап, кездесетін адамдарыңызбен кездестіремін», дедім. Сонымен атшы болып бардым. Байтұрсын ағамыздың кереметі – уақ-түйек нәрсенің барлығын түртіп жазып отырады екен. Өте ыждағатты. Ол сапарда тапқан ең басты олжамыз – Ахметті көрген екі торғайлық ақсақалмен кездестік. Біріншісі – Міржақыптың немере баласы есепті Байеке Жұмабаев. 1919 жылы Ахмет атамыз бен Бәдрисапа әжеміз сол Жұмабайдың үйінде болған. Бәкең осы кісіден көптеген құнды материалдар жазып алды», деді Ибрахим Ағытайұлы.
Байтұрсын Ілияс артында «Тың түлектері», «Тоғыз перне», «Патша көңіл» атты тамаша жыр жинақтарын қалдырды. Кеш барысында қаламгердің поэзиясы туралы айтылып, облыстық кітапхананың қызметкері Ботагөз Дүйсенбаева көпшілікке ақынның туған жер тақырыбындағы өлеңдерін жатқа оқып берді.
Қостанай облысы