Білім • 12 Қараша, 2024

Сапалы білімге әркімнің-ақ бар таласы

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы қаласында жұмыс сапарымен жүрген Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсем­баев халықаралық, республикалық олимпиада­лардың жеңімпаздары мен жүлде­герлері, балалар-жас­өс­пі­рімдер ұйымдарының белсенділерімен кездесті.

Сапалы білімге әркімнің-ақ бар таласы

Кейінгі  20 жылда Алматының бел­сенді оқушылары пән­дік олимпиадаларда ең үз­дік командалар тұғырынан түспей келеді. Осы мерзімде 100-ден астам оқушы халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанды.

Министр талантты, мақсатшыл оқу­шыларға сенім арта отырып, олардың халықаралық додалардағы жеңісіне зор ризашылық білдірді. Еліміздегі білім­нің бәсекеге қабілеттілігін халықара­лық деңгейде дәлелдеген білімпаздар жеңісінде білікті ұстаздар мен ата-ана­­лардың сенімі мен еңбегі жатқаны белгілі. Осы орайда министр білімге құштар жастарға мемлекет әрі қарай да тұлғалық қалыптасу, даму кезеңдеріңде қолдау білдіретінін жеткізді.

Осы сапары аясында ата-аналар комитеті өкілдерімен жүздескен министр балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие жұмысы, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында құрылған ата-аналарды қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру, мектептермен өзара іс-қимылды дамыту мәселесін көтерді. Оқу жылы басталғалы еліміз­дегі қолдау орталықтарында 25 мыңнан астам дәріс өтіп, оған 1 миллионнан астам ата-ана қатысқан болатын. Ендігі кезекте осы орталықтардың жұмысын жетілдіру, балалар өміріне бейжай қарамау, оларды интернет кеңістіктен қорғау, отбасы қамқорлы­ғын күшейту, мұғалімдермен сенімді диалогті жетілдіруге байланысты өзекті мәселелер қозғалды.

Бүгінде елімізде қамқорлыққа, білім алуда қолдауға мұқтаж балалар саны 200 мыңнан асады. Өкінішке қарай, бұл санаттағы балалар саны жыл са­йын көбейіп барады. Мысалы, былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 15 мыңға, яғни 8 пайызға өскен. Олардың 66 мыңы мектепке дейінгілер болса, мектеп жасындағылар 137 мыңды құрайды.

Қазіргі кезде елімізде арнайы қол­дауды қажет ететін балаларды оқыту, тәрбиелеу, оңалтумен 496 арнайы білім беру ұйымдары айналысатын болса (99 арнайы мектеп, 45 арнайы бала­бақша, 108 ПМПК, 221 түзету кабинеті, 10 аутизм орталығы, 13 оңалту орта­лығы), оларда 9 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр.

Жақында Мемлекет басшысының жарлығымен екі педагог «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленгені белгілі. Абырой биігінен көрінген ұстаздың бірі Гүлжанар Нұрпейісова 80 жылдық тарихы бар Алматы қаласындағы зағип­тар мен нашар көретін балаларға арнал­ған №4 арнайы мектеп интернатында 26 жыл математика пәнінен сабақ беріп келеді. Министр Ғани Бейсембаев арнайы ат басын бұрып, осы мектептің ұжымымен кездесті.

Министр тәжірибелі ұстаздың сабағына қатысып, оқушылармен сұхбаттасты. Ұстаздықты өмір тәжіри­бесімен ұштастыра білген Гүлжанар Нұрпейі­сова әрбір сағатты балалар­дың ерекше­ліктерін, қажеттіліктерін басшы­­лыққа ала отырып өткізуге тырысатынын айтады. Ұстаз әзірлеген оқу-әдістемелік материалдар, сонымен бірге брайль қарпі және әріптері оқы­лымды оқулық әрбір оқушының сабақты жеңіл меңгеруіне ықпал етіп келеді. Оқу үрдісі барысында балалардың ерекшелігіне қарай бейім­делген түрлі әдістемелік ма­те­риал­дар да тақырыпты жылдам мең­ге­руге қолайлы жағдай туғызып отыр.

«Сапалы білімге тең қолжетімділік – елі­міздегі барлық балалар үшін негіз­гі басым­дықтың бірі. Арнайы және инклю­­зивті білім берудің қол­же­тім­ді­лігін қамтамасыз ету және сапасын арт­­тыру мақсатында заңнаманы жетіл­діру­ге, еңбек жолын ерекше бала­ларға ар­­на­ған педагогтерді қолдау мен білік­ті­лі­гін арттыруға ерекше көңіл бөлі­ніп ж­атыр. Мұндай ұстаздардың еңбегі қа­­шан да марапатқа, құрметке лайық. Гүл­­­жанар Нұрпейісова сынды ұстаз­дар на­ғыз ағартушы, қоғам төрге озды­ра­­тын тұлғаның қандай болуы керек еке­нін өз үлгісімен дәлелдеп келеді», деді министр.

Бұл мектеп-интернатта ерекше білім беруді қажет ететін 236 бала білім алып жатыр. Десек те, оңтүстік астанада осы санаттағы балалармен жұмыс істеу үшін 500-ден астам маман жетіспейді. Егер де көрсеткішті республика бойынша қарастыратын болсақ, Астанада – 525, Шымкентте – 367, қалаларымен қатар Түркістан облысында – 256, Маңғыстау облысында 208 маман жетіспейді. Түйткілді мәселені шешу үшін тиісті ведомство педагог ассистент мамандығын кәсіби стандартқа енгізбекші. Бұған қоса мектептерде тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балаларға жеке көмекші міндеті қарастырылып жатыр.

Инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан осы бағытты дамыту мақсатында былтыр арнайы және инклюзивті білім департаменті ашылды. Министр атап өткендей, әрбір ерекше қажеттілігі бар бала арнайы көңіл бөлуді, жеке-дара жұмыс істеуді қалайды. Осы мақсатта ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығының жұмысын жандандыру уақыт күттірмейді. Ал кадр даярлау мен қайта даярлау ісіне ыждағаттық қажет. Педагогтерді даяр­лайтын жоғары оқу орындарының бағдар­ламаларына «инклюзивті білім беру» модулін енгізу мен біліктілікті артты­ру­дың жаңа курстарын әзірлеу арқылы салада қордаланған бірқатар мәселені жеңілдетуге болады.

Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін 69 пайыз мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептердің 88, колледждердің 80 пайызында жағ­дай қарастырылған. Мектептерде жабдықталған 1 мыңнан астам кабинет жұмыс істеп тұр. Арнайы біліммен қамту көрсеткіші 84 пайызға жеткен. Биылғы оқу жылынан бастап мүгедектігі бар балалардың колледжге түсу квотасы да ұлғайды.

Алматы қаласына сапары барысында Оқу-ағарту министрі сонымен қатар бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, педагогикалық ұжым, білім саласының ардагерлерімен де кездесіп, түйткілді сұрақтарға жауап берді.

 

АЛМАТЫ