Бұл ақиқатқа айналып барады. Түскен мамандығына көңілі толмаса да, амалсыз төрт-бес жылды өткізіп, қатырма қағазды қалтаға салып, одан соң әр мекеменің есігін қағып, жұмыссыз жүрген «мамандар» аз емес. Әлемде 80 мың мамандық болса, біз соның 10 мыңдайын меңгеретін секілдіміз. Қазір талапкерлердің 70 пайызы ата-ананың айтуымен, достарының нұсқауымен, жарнаманың «жарылқауымен» мамандық таңдайтын көрінеді. Тек 19 пайыз талапкер таңдаған мамандығына табанды екен.
Студенттермен ой бөліссең, бесеудің біреуі оқып жүрген мамандығына көңілі толатынын айтса, қалғандары кездейсоқ келгендерін жеткізеді. ҰБТ-да төртінші пән деген бар. Сол бойынша бірінші таңдаған мамандығыңа түсе аласың, қалғаны әлгіндей амалсыздың тірлігі. Мәселен, медицина мамандығын «сүйдіңіз», бірақ тілек қабыл болмады. Төртінші пән биология, сол бойынша ауыл шаруашылығына қажет маманды оқытатын ЖОО-ға түсуіңе мүмкіндік бар. Грантқа қолы жетпегендер ата-анасының қалтасына қарай жекеменшік оқу орындарын жағалайды. Біздегі мамандық дайындау осылайша жалғасу үстінде. Кейде астарына үңілмей, дайындалған маман нашар деп жатамыз. Сонда мемлекеттің қаржысы, ата-ананың ақшасы қалайша ақталмайды, оның себебі не дегенде зерттеп-зерделеу қажет тәрізді.
Біз бұл ойды неге қозғап отырмыз? Елбасының тапсырмасына орай индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қажетті 35 мыңнан астам маман дайындау керек екен. Бұл үшін жаңа бағдарламалар жасалып, материалдық база күшейтіліп, профессорлар әлеуеті арттырылмақ. Сонда осыған дейін дайындаған мамандарымыз ілікке алынбайтын болды ма? Бұл бағдарлама да бұрынғы бағдарламалардың сүрлеуімен кетіп, маман дайындау деген мақамды қашанға дейін созамыз?
Жаңа қадам алдында мектеп түлектері арасында мамандық таңдау, кәсіпке баулу бойынша жұмыстар жүргізсек, ұтылмас едік. Бұл жұмысты қанша жерден күстәналасақ та кеңес заманында жүйелі жүргізілетін. Соны да ескерсек, еш артықтығы жоқ секілді. Себебі, осы күндері білім ұяларынан өмір баспалдағына аттағалы отырған ұл мен қыздың ойы болашағына тиянақ, еліне септігін тигізуге құрал болар мамандық таңдау емес, ҰБТ-ның қасаң сұрақтарын жаттаумен өтіп жатыр.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».