Сараптама • 12 Қараша, 2024

ІЖӨ: іркіліс пен миллиардтық меже

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел экономикасының алдында ішкі жалпы өнімді (ІЖӨ) екі еселеу – 220 млрд доллардан (2022 жылғы ІЖӨ) 450 млрд долларға дейін көбейту міндеті тұр. Макроэкономикалық заңдылықтардан ешқайда қашып құтыла алмаймыз, ендеше бірнеше қызықты есептеу жасап көруге болады. 2023 жылы теңге бағамы 456 болып тұрған кезде ІЖӨ 263 млрд доллар болды. 2029 жылдың соңына дейін 6 жыл бар және АҚШ-та инфляция орташа 2% болып тұрғанда ІЖӨ инфляция есебінен 12,6%-ға дейін немесе шамамен 33 млрд долларға дейін көбейеді (яғни 296 млрд долларға дейін). Әрі қарай нақты өсім ықпалы болуға тиіс.

Егер 2024 жылы нақты өсім 4,5% болады деп есептесек, онда 2029 жылы ІЖӨ 450 млрд долларға жету үшін жыл сайынғы өсім 7,8%-ды құрап отыруға тиіс. Макроэкономикалық ұзақмерзім­ді аспектіде валюта бағамы инфляция айырмашылығына байланысты өзгереді. Егер АҚШ-та инфляция 2% болса, бізде орташа алғанда 7% болады. Сонда 6 жылда бағам 34%-ға, 456-дан 611 теңгеге дейін құнсыздануға тиіс. Әрине, 2030 жылға таман теңгені 500 деңгейінде ұстап тұруға болады, алайда бұл теңсіздік елімізді алдағы жылдары қуып жетеді. Біз мұндай кезді 2009, 2014, 2015 жылдары бастан кештік, тиісінше оның бағасы біз үшін тым қымбатқа түседі.

Теңгенің нақты бағамы әлсіремей, тіпті нығаюы үшін АҚШ-пен салыстырған­да еңбек өнімділігі алға озуға тиіс. Негізі, бұған қол жеткізуге болады, бірақ біздің экономикамыздың құрылымымен қиын­дау. Сондықтан 7,8%-дық өсімге қол жеткізу өте қиын. Себебі біздің өсіміміз көп жағдайда экономикадағы фискалды импульс есебінен қамтамасыз етіліп жатыр. Бізде экономикалық өсімге қалай қол жеткізілетіні туралы талдауға тырысып көрейін. 2023 жылғы ІЖӨ-ні мысалға ала­йық. ІЖӨ-нің жалпы көлемі 119 трлн теңге бол­ды, соның 8 трлн – таза тұтыну салығы және 111 трлн – қосылған құн. 111 трлн теңге­нің 67,5 трлн – қызметтер өндірісі және 43,5 трлн – құрылысты қоса алғандағы та­уарлар өндірісі. Бізде қызметтердің басым үлесін сауда саласы алады – 21 трлн теңге. Бұл – негізінен, сауда компанияларының та­уарды, жұмыс пен қызметті қайта сатудан түсетін кірісі және бұл жерде халықтан бөлек, мемлекеттік сатып алу, соның ішінде «Самұрық-Қазына» арқылы мемлекет те қатысады. Үлкен фискалды импульс сауда өсімі мен ІЖӨ есебінде ескеріліп кететін сауда компаниялары табысының өсімін қамтамасыз етіп береді. Білім, денсаулық және кәсіби ғылыми қызмет жиынтығында 13 трлн теңге береді және бұлар мемлекеттік шығыстар қатарына жатады. Аталған салада шығын көп болған сайын ІЖӨ-ге қосылатын үлес те артады.

Тау-кен саласының (оған мұнай өндірісі де кіреді) пайдасы 15 трлн теңгені құрайды. Оның тең жартысы бюджетке салық ретінде кетеді, сосын мемлекеттік шығын қатарына енеді, сөйтіп тікелей ІЖӨ-ге әсер етеді. Сонымен қатар Жайлы мектеп және жол құрылысы секілді ұлттық жобалары бар құрылыс саласы да белсенді өсім көрсетіп жатыр. Бұл да айналып келгенде фискалды импульстің көрінісі. Сонымен бірге ҚТЖ сияқты басты тасымалдаушының тарифтерінің өсімі де фискалды импульске жатады. Сонда мемлекеттік шығындарды алып тастайтын болсақ, онда ІЖӨ өсімі үлкен қысым жағдайында қалар еді.

ІЖӨ-нің 5%-ға өсуі – шамамен 6 трлн теңге. Ал биыл Ұлттық қордан 6,2 трлн теңге алдық. Бұл фискалды ақша аталған өсімге жетуге көмектесетін шығар деп үміттенемін, әйтпесе әзірге тек 4%-ға жете алдық. Басқаша айтқанда, біздің өсім негізінен классикалық голланд ауруы­на сәйкес келеді, яғни мұнай рента­сын фискалдық арна арқылы қайта бөлу арқылы жүзеге асырылады.

Қордан қазіргі алуымызды түсімдер (мұнай табысы) әрең-әрең жауып жатыр. Өсімді мемлекеттік шығыс есебінен 7% және одан жоғары ұстап тұру мүмкін емес. Өйткені бізде соған сай табыс жоқ, тіпті мұнай кірісін есептесек те. 7%-дан жоғары өсім үшін экономика құрылымын өзгертіп, шетелдік инвестицияны тарту және ауыр реформаларды жүргізу керек. Ал ондай реформаны енгізу біраз уақыт­ты қажет етеді. Тіпті екі жылдың ішін­де жүзеге асыру қиынға соғады. Ал күрделі реформалар өз жемісін тек 3-4 жылдан соң беруі мүмкін, оның өзінде алғашқы жылдары рецессияны көруіміз де ғажап емес.