Сурет: ru.freepik.com
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) деректері бойынша елімізде жыл басынан бері астық экспортының өсуі тіркелді, бұл ретте жаңа тасымалдау бағыттары игеріліп жатыр. Атап айтқанда, арпа, жасымық және жүгері тасымалы бірнеше есеге артқаны байқалады. «Қазақстандық арпаны Иран кейінгі 2 айда 8 есе өсіммен қайта импорттай бастады. 10 айда арпа экспорттық тасымалы 710 мың тоннаны құрап, 69%-ға өсті» деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Жүгері дәнінің экспорты биыл 1,5 есе өсіп, 117 мың тоннаны құрады. Тәжікстанға тасымалдау 38%-ға, Өзбекстанға тасымалдау 3 еседен астамға өсті. Сондай-ақ биыл Иранға жүгері дәнін тасымалдау басталды. Жасымық экспорты 7 есе артып, 80 мың тоннаға жетті, басым бөлігі Еуропа елдеріне жіберілді. ҚТЖ мәліметінше, бұршақ тасымалы үш есе артты. Ауғанстанға импорт көлемі екі есе, Өзбекстанға үш есе өсті. Сондай-ақ күріш өндірушілер Әзербайжан мен Беларусь жаңа нарықтарын игеру арқылы экспортты +47%-ға (52 мың тонна) арттырды.
Сонымен қатар 2024–2025 маркетинг жылында Қытайға май өнімдерін экспорттау бойынша рекорд жаңартып, 250 млн доллар көрсеткішіне жеткізуді көздеп отыр. Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (МДӨҰҚ) басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, экспорттың өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – елімізде өндірілген ақуызы жоғары жемшөптер үшін Қытай нарығының ашылуы болды, ол үшін қытайлық сатып алушылар жоғары баға ұсынып отыр. Отандық май зауыттары Шанхайда өткен Қытай халықаралық импорт көрмесінде 56 млн долларға келісімшартқа отырды. Я.Ибрагимовтің айтуынша, Шанхайда биыл отандық 12 май зауыты май өнімдерін ұсынады.
Қазір Қытай біздің май өнімдерін сатып алу бойынша қаржылай көрсеткіште көш бастап тұр. Майлы дақылдар өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы отандық 24 май зауытын Қытай кеден тізіліміне жедел енгізуге жәрдемдескен салалық министрліктер — Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан болған қолдаудың маңыздылығын атап көрсетті. Сондай-ақ өсімдік майларының ай сайынғы экспорттық көлемін біркелкі бөлу бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен үйлестірілген жұмыс маңызды аспект болып саналады. Май өңдеушілер екі жыл ішінде Қытайға өсімдік майы мен мал азығы экспортын 300 млн доллар деңгейінде жеткізуді жоспарлайды.
Еліміздің «CIIE-2024» көрмесіне қатысуы Қытай нарығына май өнімдері экспортын кеңейту мен еліміздің Азиядағы сауда позициясын нығайтудағы маңызды қадам болды. Еліміздегі ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті айтарлықтай үлкен, бұл оның ірі нарықтарға: Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне жақын болуына байланысты.
Өнеркәсіптік инвесторлар одағының деректері бойынша елімізде ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңгені құрайды. Ол 2025 жылы 300 млрд теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында 8 кәсіпорында тракторлар мен астық жинайтын комбайндар шығарылады, бұл қазірдің өзінде шаруалардың осы техникаға деген жылдық қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Тағы 20-дан астам кәсіпорын тіркеме және аспалы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын шығарып, импортқа тәуелділікті азайтты. Бүгінде тракторлар мен комбайндардың, сондай-ақ аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасының әрбір шығарылатын үлгісіне дәнекерлеу, кесу, ию және бояу операциялары орындалады. Трактор кабиналарын дәнекерлеу және бояу, сондай-ақ энергиямен қаныққан тракторлар корпусы элементтеріне пластикалық бөлшектерін дайындау мерзімінен бұрын игерілді. Келесі жылы өндірушілер астық бункерлерін, көлбеу камераларды, ұсақтағыштарды және комбайн кабиналарын жасау бойынша операцияларды меңгеруді жоспарлап отыр. Еліміздегі ең ірі ауыл шаруашылығы машина жасау локализациялау орталығы Қостанайда жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасы мен автоөнеркәсіпке арналған 25 мың бірлік торап, агрегат, компонент пен қосалқы бөлшек шығарады.
Биыл отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға байланысты субсидиялау туралы шешім нәтижесін беріп отыр. Жетекші шетелдік өндірушілер біздің нарыққа қызығушылық танытады. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, әлемге әйгілі «John Deere» компаниясы біздегі жергілікті қатысуын құрастыру кооперациясы арқылы кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Deere & Company», «Eurasia Group» және «Бәйтерек» холдингі құрастыру ынтымақтастығы арқылы «John Deere» компаниясының жергілікті қатысуын кеңейтуге бағытталған меморандумға қол қойды. Бұл стратегиялық серіктестік инновацияларды ынталандыруға, жергілікті өндірістік қуаттарды нығайтуға, елдің тұрақты экономикалық өсуіне ықпал етуге арналған және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге, цифрлық трансформацияға және тиімділікті арттыруға бағытталады», деп атап көрсетті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
«Ең озық технологияларды пайдалана отырып және білім алмасуды қолдау арқылы біз экономикаға да, жергілікті қауымдастықтарға да пайда әкелетін тұрақты өсудің негізін қалап жатырмыз», дейді «John Deere» ТМД және Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы және көгал жабындылары бизнесінің президенті Чаба Лейко.
Айта кету керек, Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қабылданған шаралар аясында биыл келесі бағдарламалар жүзеге асырылды:
Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың жаңа тетіктері қабылданды: Инвестициялық субсидиялау бағдарламасын іске асыру шеңберінде өндірісі елімізде жолға қойылған техниканың импорттық баламаларын субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды.
Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін несие/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың сараланған тетігі қолданылды (отандық өндіріс техникасын сатып алу үшін сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін, импорттық техника үшін 15%-ға дейін субсидияланады).