Медицина • 12 Қараша, 2024

Балалардың көз ауруларын емдейтін хирургия жетілдіріліп келеді

99 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы базасының Көз микрохирургиясы бөлімшесінде күрделі витреоретиналдық патологияларды хирургиялық емдеу әдісі жолға қойылды десек те болады. Осы мақсат жолында аталған бөлімше Constellation Vision заманауи лазерлік хирургиялық жүйесімен жабдықталып, шетелдерде күрделі офтальмологиялық операция жасауға маманданған орталықта арнайы 3 офтальмолог-хирург даярланып отыр.

Балалардың көз ауруларын емдейтін хирургия жетілдіріліп келеді

Витреоретиналды хирургия – көз торы мен әйнек тәрізді дене ауруларының ауыр түрлері кезіндегі оталарымен байланысты ауыр кесел. Бұл дерт қазір бүкіл жаһанда күрт дамып келе жатқан көз хирургиясының ең күрделі саласымен байланысты заманауи медицинаның ең жоғары технологиялық бағыттарының бірі.

Әсіресе, соңғы 10 жылда елімізде балалар арасында көз торы мен әйнек тәрізді дене кінәраты белең алғандықтан, Балалар жедел медициналық жәрдем орталығының Көз микрохирургиясы бөлімшесі негізінен шала туған нәрестелердің ретинопатиясы, отбасылық экссудативтік витреоретинопатиясы сынды, Коатс ретиниті мен көздің басқа да ауыр кеселдеріне операциялар жасауға көшкен.

«Осы орайда компаниямыз Қазақстандағы балалар офтальмологиясының озық қызметтерін дамытуға септесып жатқанын мақтан тұтады. Біз медициналық мекемелерді жабдықтап, мамандандырылған офтальмологтарды оқыта отырып, көздің күрделі патологиясы бар балаларды отанымызда жоғары сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге көмектесеміз. Бұл бастама біздің медициналық көмекке қолжетімділікті жақсарта отырып, отандастарымызды емдеу сапасын жақсартуға бейілділігімізді көрсетеді», дейді «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Еркін Зікібаев.

Қалай десек те, соңғы жылдары Қазақстанда балалардың витреоретиналды және лазерлік хирургиясы дамып келеді. Қазір осы дертке шалдыққан балалардың көбеюіне байланысты оларға Алматыдағы көпбейінді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының базасында ота жасалынып жатыр. Мұнда 2 айлық нәрестелерден бастап, одан да үлкенірек сәбилерге Делиде балалар витреоретиналды хирургиясы бойынша әлемге танымал маман профессор Нихил Палдан дәріс алған офтальмолог-хирургтер бригадасы қажетті хирургиялық ем-дом жүргізе алады.

Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында өткен айтулы оқиғаға орай, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Назгүл Иманғалиева: «Біздің басқарма балалар денсаулығын сақтауда инновациялық тәсілдерді дамыту мен енгізуді толығымен қолдайды. Сондай-ақ біз халыққа мемлекеттік медициналық орталықтарда көрсетілетін озық медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуді қолдаймыз», дейді.

Орайы келіп тұрғанда, Constellation Vision офтальмологиялық хирургиялық жүйесі көздің алдыңғы және артқы бөліктерінің түрлі патологиялары кезінде лазерлік әрі витреоретиналдық оталарды жүргізуге арналған заманауи медициналық кешен екендігін атап өту керек. Ол әйнек тәрізді дене мен тіндерді кесуге, көз бұршағын эмульсиялауға, көз алмасының артқы бөлігін жарықтандырып, қан кетуді тоқтату үшін диатермияны қолдануға және витреоретиналды оталар жасау кезінде қажетті басқа да ондаған манипуляцияларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Маңызды оқиға барысында AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова: «Биылғы қаңтар-қазан айларында еліміздегі 57 бала ата-аналарымен бірге витреоретиналды ота жасау үшін шетелдерге, Үндістан мен Ресейге баруға мәжбүр болды. Бүгін іске асырылып отырған жобаның арқасында біз ата-аналардың осындай оталарды жасату үшін шетел асып, қыруар қаржы шашуын тоқтата аламыз деп ойлаймын. Және Қазақстандағы балалар офтальмологиялық қызметін дамытуға белсенді үлес қосып,  осы орайда «Шеврон» компаниясымен күш-жігерімізді біріктіріп, қолдағаны үшін алғыс айтамыз», деді.

 

 

АЛМАТЫ