Қоғам • 12 Қараша, 2024

Алматыда баланы ажалдан құтқарған азамат марапатталды

56 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Есентай өзеніне батып бара жатқан жасөспірімді құтқарған 25 жастағы азаматқа мемлекеттік сыйлық табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап. 

Алматыда баланы ажалдан құтқарған азамат марапатталды

фото: Алматы қаласы ТЖД

Жас қаһарман Әлихан Жақсылық Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Оған сыйлығын Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың өзі табыс етті.

«Шұғыл әрекет еткеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз — сіздің шешімталдығыңыз арқасында қайғылы жағдайдың алды алынып, баланың өмірі сақталды», деді ТЖД басшысы.

Айта кетейік, Әлихан Жақсылық 2020 жылы Қызылорда облысындағы «Болашақ» университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдаған. Оны қолдауға ата-анасы Сәкен Оразбаев пен Бақытгүл Сүгірова, әжесі Бағжан Қалбайқызы барды.

Еске салайық, 27 қазан күні Қызылорда қаласының тумасы Әлихан Жақсылық жұмыс және уақытша баспана іздеп Алматыға келген. Сағат 14:00 шамасында Мақатаев көшесі маңындағы Есентай өзенінің жағалауында келе жатып, кенеттен балалардың айғайлаған дауысын естіген. Бірнеше секундтан кейін оған бір бала жүгіріп келіп, мән-жайды түсіндіріп, өзенге құлап кеткен досына көмектесуін өтінді. Әлихан дереу өзенге түсіп, суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған еді.