«Rixos Khadisha» қонақүйінің турнир залында дүние жүзінің ең үздік 10 шахматшы қызы: гроссмейстерлер Тань Чжунъи (Қытай, 2 551), Александра Горячкина (FIDE, 2 533), Хампи Конеру (Үндістан, 2 530), Катерина Лагно (FIDE, 2 527), Элизабет Петц (Германия, 2 458) пен халықаралық шеберлер Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2 487), Ставрула Цолакиду (Грекия, 2 439), Дивья Дешмух (Үндістан, 2 501), Нургюль Салимова (Болгария, 2405), Батхуягийн Монгонтуулар (Моңғолия, 2 344) айналма жүйесі бойынша бір-бірімен жарысқан болатын.
Сайыстың жабылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, «KazChess» бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, ФИДЕ мен федерацияның бас серіктесі – «Freedom Holding Corp.» компаниясының өкілдері қатысып, жүлдегерлер мен Гран-приге қатысушылардың алдағы істеріне сәттілік тіледі.
«Бүгін біз халықаралық әйелдер шахмат турнирінің сәтті аяқталуына куә болдық. Бұл жарыс тек спорттық бәсеке емес, әйелдер шахматын дамытудың, жаңа таланттарды ашу мен өзара достық қарым-қатынас орнатудың алаңына айналды. Баршаңызға, әсіресе жеңімпаздарға, адал күресіп, тамаша нәтиже көрсеткендеріңіз үшін зор алғысымды айтамын. Әрбір қатысушының еңбегі мен табандылығы бізге нағыз үлгі-өнеге болды. Осындай турнирлер шахмат әлемінде мықтылар мен жаңа таланттарды тудыратыны сөзсіз», деп атап өтті Қ.Асылов.
Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приі сайысының ақшалай жүлде қоры да қомақты. Алты кезеңнің әрқайсысының жүлде қоры 80 000 еуроға тең. Оның ішінде бірінші орын алған шахматшыға 18 000 еуро табыс етіледі. Ал екінші орынның жүлдесі 13 000 еуроны құрайды. Бұл сында үшінші орын алған Бибісара Асаубаева 9 500 еуро ақшалай жүлдемен марапатталды. Бүкіл турнир сериясының жалпы жүлде қоры – рекордтық 600 000 долларды құраса, оның 120 000 доллары жалпыесепте үздік болған он ойыншыға үлестіріледі. Классикалық шахматта Гран-при турнирі ақшалай жүлдесімен ғана емес, рейтингті жоғарылатуға мүмкіндік беретін ерекшелігімен де аса маңызды. Бұған қоса, үміткерлер Гран-при серияларында жеңіске жеткен жағдайда әлемдік шахмат тәжін иеленуге мүмкіндік сыйлайтын «FIDE Women’s Candidates 2026» турниріне жолдама алады.