Өндіріс • 13 Қараша, 2024

Әлемдік брендтен кем соқпайды

58 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«High Industrial Lubricants & Liquids (HILL) Corporation» ЖШС қозғалтқыш, турбина, трансмиссия, гидравлика майларын, жақпамайлар өндіреді. Сондай-ақ қолданылған майларды қайта өңдеумен айналысады. Өндіріс цехтары жоғары технологиялы қондырғылармен жабдықталған. Автоматты араластыру, қоспасы бар бөшкелерді босату, пластик ыдыстар шығару, өнімді құю желісі секілді қондырғылармен қамтамасыз етілген. Бүгінде зауытта 300 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан.

Әлемдік брендтен кем соқпайды

2010 жылы құрылған «HILL» Corporation ЖШС – Шымкент қаласының ең ірі салық төлеушілерінің бірі. «HILL» қозғалтқыш майларын ескі және жаңа көліктерге, әлемдік автоөндірушілердің барлық модельдегі жеңіл көліктеріне қолдануға болады. Трансмиссия майлары автоматты және механикалық беріліс қорабы мен басқа да трансмиссия түрлеріне жарайды. «HILL» Corporation ЖШС-ның мотор майлары жүк таситын автомобильдерге, автобустарға, ауыл шаруашылығы көліктері мен арнайы техникаларға, теміржол, суда жүретін көліктерге, әуе кемелеріне арналған. Зауыт өндіретін өнеркәсіптік майлар гидравликалық, редукторлық, турбиналық, компрессорлық қондырғылар үшін керек.

Өнімнің 75 пайызы өз елімізде тұтынылса, қалған 25 пайызы ТМД мемлекеттерінің нарығына экспортталады. Кәсіпорын жылына 70 мың тонна қозғалтқыш майын, 28 мың тонна өңделген май, 1 500 тонна жақпамай өндіруге қауқарлы. Компания майларды ASTM («American Society for Testing and Materials») стандартына сәйкес «Infineum», «Lubrizol», «Chevron Oronite», «Afton» секілді әлемдік өндірушілердің базалық майлары мен қоспаларын америкалық «FMC Technologies» қондырғысында блендинг, яғни бір-біріне араластыру арқылы шығарады. Зауытта «Fastroil», «HILL», «HILL Grease» деген сауда белгілерімен құрамы, құрылымы бөлек 400-ге жуық май өндіріледі. «Fastroil FF» деп аталатын соңғы үлгідегі май өндірісі қолға алынған. «HILL Corporation» майлау материалдары «General Electric», «MAN», «Cummins», «CAT», «MWM», «Jenbacher», «ZF», «MAG», «Deutz», «MTU», «Avtovaz», «Kamaz», «VOLVO», «Mack», «Renault», «Mercedes-Benz» секілді әлемдік өндірушілер тарапынан арнайы рұқсат қағазбен, сондай-ақ сертификатпен расталған. Өндіріс орны «Fluid Solutions» неміс технологиясымен қолданылған ескі майлау материалдарын өңдеп, одан І топтағы базалық майлар жасап шығарады.

Компания еліміздің экологиялық талаптарына жауап беретін заманауи зауыт құра білді. Сонымен бірге қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды азайту мақсатындағы «Жасыл» экономика саясатын жүргізуге де атсалысып жатыр. «HILL Corporation» ЖШС директоры Азамат Жолшыбековтің айтуынша, «Жасыл Еуразия» байқауында қалдықтарды тиімді жою аталымы бойынша 2-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ «ERG Supply Award 2023», «ERG Sustainability Award» конкурстарында «Ең мықты өндіруші» марапатына ие болды. Одан бөлек, осы жылдың тамыз айында компанияға «Green company» атағы беріліп, «Жасыл сертификат» марапатының иесі атанды.

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқар­ма­сының мәліметіне сәйкес, биылғы 9 айда өңдеу өнеркәсібінде 712 млрд теңгенің өнімі шығарылған. 43,3 мың тонна мұнай-газ-химия өнімі өндірілген. 2019 жылмен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестиция 3,2 есе артқан. Биыл жоспарға сәйкес мегаполисте дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шыға­ратын жаңа кәсіпорын пайда болады. Эко­но­микадағы орта кәсіпкерлік үлесі 6 айда 9,3 пайызға жетті. 1 000 кәсіпкерлік нысан мемле­кеттен қолдау тапқан. Цифрлық тех­нологияларды пайдаланатын өңдеуші кәсіп­орын­дар үлесі биылғы жоспарда 13,3 пайыз болып белгіленген. Мегаполисте 19 ірі, 42 орта, 876 шағын өндіріс орны бар. Тоғыз айда 810,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Былтырғы кезбен салыстырғанда көрсеткіш 2 пайызға арт­қан. Өңдеу өнеркәсібінде металл бұйымы, химия, фармацевтика, резина, пластмасса, тамақ, сусындар, машина жасау мен мұнай өңдеу өнімдерінің көлемі жылдан-жылға өсіп келеді.

Шаһарда мың гектардан астам аумақты құратын 7 өнеркәсіптік аймақ бар. Онда 601,7 млрд теңгеге 426 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінге дейін 225 млрд теңгеге 293 жоба нақты жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 8,5 мың адам жұмыспен қамтылды.