Бұл – ел шебінде жол талғамайтын «JAK Т-6» және оптикалық-электрондық бақылау жүйесі орнатылған «Соболь» автокөліктері. Темір арғымақтардың кілттерін жүргізушілерге шекара басқармаларының басшылары мен шекарашы ардагерлер табыстады.
Есте болса, былтыр алғаш рет сатып алынған 60-тан аса «JAK Т-6» жүрдек көлігі шекараға эксперимент ретінде жіберілген еді. Шекарашылардың ел шебіндегі жауапты қызметінде аталған көлік сынақтан сәтті өтіп, ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы шекарада дәстүрлі «УАЗ» автокөлігін толық алмастыра алатын заманауи үлгідегі техникамен жабдықтауға шешім қабылдаған.
Шекарашыларға көлік кілтін табыстау салтанатында сөз сөйлеген ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Дәулет Дүйсенбеков: «Шекара қызметін кезең-кезеңімен қайта жабдықтау аясында әскери техниканың жаңа үлгілері қаралады, нәтижесінде, мемлекеттік шекараны тікелей күзететін бөлімшелер осымен екінші мәрте екі мақсатта қолдануға болатын осындай автокөліктерді алып отыр. Бүгін 75 автокөлік табысталды, бұл – өз кезегінде мемлекеттік шекарада құқыққа қарсы іс-қимылды тоқтатуға елеулі үлес қосады», деп атап өтті.
Сондай-ақ Шекара қызметінің отставкадағы генерал-майоры Марат Мәжитов жол талғамайтын автокөліктер шекарашылар үшін қаншалықты маңызға ие екенін айтып, шекара соқпағындағы өз естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара аясында ел аумағы бойынша өткен «Жылдың ең үздік жүргізушісі» сайысының жеңімпаздары марапатталды. Бәсекеде қарсыластарынан оқ бойы озып, жеңімпаз атанған – Маңғыстау облысының Қарақия ауданы бойынша шекара басқармасының келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері Қ.Ергеш. Қолына су жаңа қызметтік көліктің кілтін алған жауынгер өз әсерімен бөлісті.
«Бүгін мен үшін жаңа қызметтік автокөліктің кілтін алу – зор мәртебе. Бұл сәт мен үшін ғана емес, мемлекеттік шекараның бойында қызмет атқарып жүрген барлық әріптесім үшін де аса маңызды. Біз «JAK Т-6» және «Соболь» сияқты жаңа автокөліктер шекараларымыздың қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды тиімдірек орындауға көмектесетінін түсінеміз. Мен өзіме сеніп тапсырылған темір тұлпарымды күтіп ұстауға уәде беремін әрі шекара бөлімшелерін заманауи техникамен жабдықтауға айрықша көңіл бөлінгеніне қуанамын», дейді Қ. Ергеш.
Салтанатты рәсімге келген қонақтар су жаңа көліктердің мүмкіндіктерімен танысқан соң, темір арғымақтар өз департаменттеріне қарай жолға шықты.
АЛМАТЫ