Суретті түсірген – Қанат БАЙДРАХЫМОВ
Әлеуметтік нысандардың ашылғаны әуелі халықты қуанышқа бөлейді. Шекаралас Аманбөктер ауылында 500-ден астам тұрғыны бар жаңа блокты-модульді медициналық пункт пен ауылдық әкімдік үйі пайдалануға берілді. Дәл осындай медициналық пункт 600-ден астам адам тұратын Абай ауылында да ел игілігіне ұсынылды. Шыны керек, Аманбөктер мен Абай ауылдарындағы 60-жылдары салынған бұрынғы екі медициналық пункт те қазіргі санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін еді.
«Сарқандықтар үшін биыл берекелі жыл болды. Міне, ауыл-ауылда жаңа нысандар бой көтеріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі артып келеді. Биылғы жаз жаңбырлы, ауа райы қолайлы болды. Бір ғана қызылша емес, барлық егін шаруашылығының өнімі бітік шықты. Соның арқасында диқандардың көңілі тоқ. Аудан шаруаларының әл-ауқатын көтеріп отырған сала – қант қызылшасы. Біз өткен жылы 1 500 гектар тәтті түбір сепкенбіз. Былтырғы жыл ауа райы қолайсыз болып, бұршақтан аман қалған 1 300 гектардан 62 мың тонна қызылша алдық. Ал биыл 3 мың гектарға қызылша септік. Бүгінгі күнге дейін 2 922 гектарды жинап үлгердік, 389 гектары жиналу үстінде. Шаруа қожалықтары Ақсу қант зауытына өткізген өнімдерінің ақысын, субсидиясын да алып, марқайып қалды», дейді аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев.
Мәселен, өткен жылы аз себілді дегеннің өзінде аудан 4 млрд 800 мыңға ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Мұнымен қоса, жаңа технологияны да пайдаланып жатыр. Тамшылатып суару бойынша бір шаруа қожалығы 40 гектарға тәтті түбір отырғызған. Осы технологияның нәтижесінде өнімі де жоғары шығып, гектарына 90 тоннадан айналған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жалпы ауданның 33 мың гектары суармалы жер. Соның 10 мың гектарын тамшылатып суаруға көшірмек ойда.
«Иә, ауданымыз дамып келеді. Ауыл шаруашылығы саласында өнім мол болды. Оған қоса халықтың көкейінде жүрген біраз мәселе шешімін тауып жатыр. Бүгінге дейін медициналық көмек 1965 жылы салынған ғимаратта көрсетіліп келді. Бұл біраз қолайсыздық туғызды. Енді қажетті жабдықтары бар, жаңа, заманауи медициналық мекемеде медициналық қызмет көрсетудің сапасы да артады. Ғимарат жылы, жарық, жайлы, мұнда жұмыс істеу де бір ғанибет», дейді денсаулық сақтау саласының ардагері Күлпаш Жантелова.
1974 жылы салынған Аманбөктер ауылдық әкімдігінің үйі апатты жағдайда еді. Жаңа ғимарат барлық талаптарға сай келеді, мамандарға ыңғайлы жұмыс кабинеттері қарастырылған.
Жаңа блокты-модульді медициналық пункт салтанатты түрде ашылған Абай ауылының тұрғындары да риза.
«Тұрғындар ғана емес, біз де қуаныштымыз. Өйткені материалдық база ескірген болса, оған қоса ғимарат санитарлық нормаларға сәйкес келмесе, сапалы медициналық көмек көрсету де қиын. Енді міне, жаңа медициналық пункт салынды. Мұнда алғашқы, жедел медициналық көмек көрсету, скрининг, вакцинация жүргізу, балалы әйелдерді тексеру, науқастарды орталық ауруханаға жіберу, патронаж ұйымдастыру жұмыстарына қажетті барлық жағдай бар», дейді Абай ауылындағы медпункттің аға медбикесі Жамал Доланбаева.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы Сарқан ауданының Ешкіөлмес, К.Қазыбаев, Бірлік ауылдарында 3 блокты-модульді медициналық пункт іске қосылған, сондай-ақ биыл Черкаск ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Жетісу облысы