30 Сәуір, 2015

Асу бермес асқар жоқ

857 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ырыс, Бақыт қондырған ел басына,

Ұлықтап, тізгін бердік Елбасына!

29-04-01

Менің халқым – ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар халық. Мың­жылдық тари­хын­дағы ең бі­ре­­гей бетбұры­сында халқымның зор сенімін арқа­ла­ғаным – мен үшін ең биік мәртебе. 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

 29-04-02

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзі

Қымбатты отандастар! 26 сәуір еліміз үшін тағы бір тарихи, тағдырлы күн болды. Президент сайлауы Қазақстан халқының кемеңгерлігін бүкіл әлемге паш етті. Ел бірлігіне беріктігі мен кемел келешекке сенімін танытты. Мәңгілік Елдің мызғымас ұстындарына адалдығын көрсетті. Бұл таңдау – жарқын болашаққа қадам басқан Қазақстанның таңдауы! Бірлігін берекеге ұластырып, ұлы істер жолында ұйысқан барша халықтың жолы! Өзінің, ұрпағының болашағын қасиетті Отанымыз –  Қазақстанмен бірге көретін әрбір азаматтың ерік-жігері! Бүгінгі мерейлі сәтте маған берілген сенім мандаты – мемлекеттілігімізді нығайту жолындағы қыруар істеріміздің бағасы! Қазақстанды ең қуатты елдердің қатарына қосуды көздейтін ұлы мақсатқа берілген халқымның ақ батасы! «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақ­стан-2050» Стратегиясына, «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы мен «Бес халықтық реформаға» елімнің білдірген қолдауы. Өмірін халқының бақыты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын. Құрметті қазақстандықтар! Қымбатты достар! Серіктестерім мен тілектестерім! Ел Конституциясына сәйкес жаңа ғана мен өзімнің халқыма ант бердім! Ондағы сөзді мен бүгін алғаш рет ең ізгі де жарқын мереке – Халық бірлігі күні қарсаңында айттым. Болып өткен президенттік сайлау біздің қоғам бірлігінің күшін нақты айғақтап берді. Мен біздің барша халқымызға ризамын! Біз бүкіл әлемге халықтың бірлік күші мен берік топтасқандығын көрсеттік. Болып өткен сайлау тарихқа электораттық қатысу жөнінен халық ең көп қатысқан сайлау ретінде кіретін болады. Қазақстандықтар Отанға қызмет етуге шақырып, тағы бір мәрте маған үлкен сенім көрсетті. Біз бірге күрделі жолдан өттік: өзімізге сендік, Тәуелсіздік алдық, мемлекет құрдық, әлемге жаңа Қазақстанды таныттық, өзімізді біртұтас және ұлы ұлт ретінде таптық. Сіздердің сенімдеріңіз мені қашанда рухтандырып, сенімділік пен күш берді. Қазір мен,  бұған дейінгі жылдардағыдай, барлық жауапкершілікпен халыққа адал қызмет ететінімді, еліміз бен барлық азаматтарымыздың игілігін сақтайтынымды, біздің жоғары жалпыұлттық мүдделерімізді қорғайтынымды айтқым келеді. 2015 жылдың 26 сәуіріндегі сайлау Қазақстан халқының топтасқандығын, жұдырық­тай жұмылғандығын, болашаққа бағыт ұстан­ғандығын қуаттап берді. Біз – бір отбасымыз және біздің бір ғана Отанымыз бар. Әрқай­сымыздың тағдырымыз – Қазақстан тағдырында. Біз бей-берекеттіктен берекелі өркендеу жолына бірге өттік. Біз әсіреліксіз және катаклизмдерсіз күрделі «үшжақты транзиттен»: кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға, демократия мен жаңа этносаралық келісімге өте алдық. «Қазақстан-2030» алғашқы ұзақ мерзімді Стратегиясын қабылдап, біз орнықты даму жолына нық түстік. Еліміз 1997-98 жылдардағы «Азия дағдарысын» еңсерді. Сын-қатерлерге қарамастан, біз жаңа елордамыз – Астананы, барлық қазақстандықтардың мақтанышын салуды бастадық. Біздің мемлекеттік құрылысымыздың әлеуеттілігі 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыстың сын-қатерлерін табысты еңсеруімен дәлелденді. Басқа мемлекеттерден ерекшелігі Қазақстан экономикалық өсімін сақтады және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін төмендеткен жоқ. 2012 жылға қарай Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті экономиканың елулігі қатарына енді. Біз халықтың табыс деңгейі орташа ел болдық. Біз әлемдегі 50 аса ірі экономиканың қатарына қосылдық. «Қазақстан-2030» Стратегиясы діттеген жеріне жетті. Мен 1997 жылы алға қойған басты міндеттер бар-жоғы 15 жылдың ішінде орындалды. Мен біздің мемлекеттілігіміздің қадір-қасиеті туралы нақты көзге елестетуге мүмкіндік беретін маңызды асуларды атадым. Қазір мұның барлығы аға ұрпақтың жақсы есінде. Бірақ жас ұрпақ еліміздің бүгінгі игілігінің бағасын білуі және есінде сақтауы тиіс. Халқымыз мінезінің ең үздік сипаттары – сындарлылық, салмақтылық, прагматизм дәл сол қиын жылдары көрінді. Осы құндылықтарға адалдық біздің Мәңгілік Ел – ғасырларға ұласатын  күшті де тиімді мемлекет құру туралы арманымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2050 Стратегиясы ұлт алдына жаңа кеудешіл міндет: әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Екінші онжылдықтың басындағы әлемдегі жағдай біздің жедел дамуымызға ықпал етті. Бірақ бүгін жаһандық әлем онша оңтайлы емес сценарий бойынша дами бастады. Дағдарыстар мен жанжалдар дүниенің төрт бұрышын біздің көз алдымызда тітіркендіріп отыр. Азаматтары қайыршылықта өмір сүріп немесе әскери жанжалдарда қаза тауып жатқан жолы болмаған мемлекеттер саны ұлғая түсуде. Тұрақсыздық Орталық Азияның шекараларына да тым жақын келіп тұр. Соңғы 2-3 жылда, жаһандық проблемалардың өсе түскенін көре отырып, мен Қазақстанымызды қалай нығайту мен қауіпсіздендіру және аса табысты 30 елдің қатарына ену жолынан адас­тырмау туралы ойладым. Мен жағдайды басқа мемлекеттердің көшбасшыларымен талқыладым. Барлық жауапкершілікпен ұлтқа мына жайды ескерткім келеді. Біздің әрі қарайғы дамуымызға әлі 5 жаңа сыртқы сын-қатерлер қауіп төндіруін жалғастыруда. Бірінші. Бұл – әлемдік тәртіптің дағдарысы мен ортақ белгісіздіктің өрістей түсуі. Қауіпсіздіктің әлемдік жүйесінің беріктігі жаңа сипаттағы жанжалдармен сыналуда. Әлемдік аренада экстремизм мен зорлық-зомбылықты пайдаланатын жаңа жүйесіз ойыншылар пайда болуда. Екінші сын-қатер – әлемдегі экономиканың турбуленттілігі жалғасуда. Санкциялық, «валюта­лық» және сауда соғысы барлық елдерде проблемаларды ушықтыра түсуде. Үшінші. Климаттың өзгеру үдерістері бүгін болжап болмайтын салдарлармен өтіп жатыр, түрлі катаклизмдерге жетелеуде. Төртінші. Орталық Азия әлемдік опырылудың жаңа желілеріне ілігуі ықтимал, бұл да бүкіл өңір үшін сын-қатерге айналмақ. Бесінші сын-қатер – жаһандық тәртіптегі дағдарыс пен әлемдік экономиканың тұрақсыз­дығы осы сын-қатерлермен күрес жөніндегі халық­аралық үйлестіру жұмыстарына күмәнмен қарауға мәжбүрлейді. Әлемдік экономиканың турбуленттілігіне жауап ретінде біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын дайындадық. Оның басты мақсаты жаңа жұмыс орындарын құру мен жаңа экономикалық өсім үшін іргетасты нығайтуда батыл да жедел іс-қимыл таныту болып табылады. Алайда, сыртқы қатерлер өсе түсіп отырғанын түсіну маңызды. Сыртқы қатерлермен күресте шамамыз жету үшін бізге  ішкі жағымызды нығайту қажет. Осы жылдары қол жеткізілген таңғалдырарлық табыстарымыз бен игіліктеріміз мызғымайды деп есептеу үлкен қателік. Мен ел алдындағы тұрған бес ауқымды ішкі міндеттерді көріп тұрмын. Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұлан-ғайыр елміз. Сондықтан, бізге Біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірлерді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының барлығы біздің мемлекеттілігіміздің ХХІ ғасырдағы сын-қатерлері. Әлемдік өзгерістер уақыты әр мемлекетті таңдау алдына қояды: реформалар немесе құлдырау. Өзгерістер кезеңінен өзін өзі жаңартуға, яғни реформаларға қабілеттілер лайықты өте алады. Біздің алдымызда орасан зор қағидатты міндет тұр: біздің мемлекеттік кемемізді  суға батпайтын ету. Алдағы жылдарға міндет: Қазақстанды нығайту және тіпті, әлемдік дауылдарға қарамастан, әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына сенімді түрде ену. Мен өзімнің сайлауалды тұғырнамам болған 5 институттық реформаны ұсындым. 26 сәуір күнгі дауыс беру қорытындысын мен халықтың жедел түрде реформалар жүргізуге деген тікелей мандаты ретінде қабылдаймын. Мен реформаларды жүзеге асыру үшін өзімнің барлық ерік-жігерімді, шешімділігімді көрсетіп, мемлекеттік аппаратты қоғамның күш-жігерін реформаларды орындауға жұмылдыру ниетіндемін. Аса таяу уақытта ел Президенті жанынан  Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болады. Оның миссиясы – 5 реформаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды басқару және мемлекеттік органдардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлестіру. Ұлттық комиссия жанында құрамында беделді шетелдік және қазақстандық сарапшы­лар бар Халықаралық консультативтік кеңес жұмыс істейтін болады. Бұл ең үздік халықаралық тәжірибені пайдалануға жағдай жасайды. Комиссияның бірінші отырысында мен бес реформа бойынша біздің не істегелі жатқанымызды түсіндіретін «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынамын. «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт Жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын. Бірінші. Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау, онда қызметшілер азаматтар құқықтарын құрметтеп және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналады. Екінші. Реформа сот жүйесін жеке мүдде қуушылықтан ада етеді. Әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Жекеменшік құқығы мызғымайтын болады. Инвестициялық сот және халықаралық төрелік сот орталығы үздік халықаралық тәжірибенің үлгісі бойынша елдегі бизнес ахуалды әлемдегі ең тартымдылардың бірі етуі тиіс. Үшінші. Әлемде «қазақстандық эко­но­микалық ғажайып» термині қазірдің өзінде пай­да болды. Шынымен де, біз қысқа мерзімде өте көп жұмыс атқардық. Бүгінде Қазақстан – Орта­лық Азиядағы экономикалық көшбасшы. Бірақ тоқтауға болмайды. Реформалар ұлттық эко­номиканы білімге негізделген озық эконо­микаға айналдырады. Шешуші міндет – қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақ­сарту. Бұл кең көлемде орта тапты құру үшін қағидатты түрде маңызды. Индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін біз түбегейлі құрылымдық реформаларды жүзеге асырамыз. Білім беру мен денсаулық сақтау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдар ұстанатын болады. Экономиканы әртараптандыру үшін біз өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларды тартамыз, ол Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуын қамтамасыз етеді. Біздің еліміз Еуразияның көліктік және логистикалық орталығына айналмақ. «ЭКСПО-2017»-нің жоғары технологиялы инфрақұрылымдары арқауында ерекше мәртебемен «Астана» қаржы орталығы құрылатын болады. Төртінші. Біздің қоғамымыздың көптүрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді Мәңгілік Ел құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық культі, толеранттылық, шын берілгендік пен патриотизм біріктіреді. «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар – астық өсіріңдер; егер алдағы жүз жылды ойласаңдар – ағаш өсіріңдер; егер мәңгілікті ойласаңдар – Адамды тәрбиелеңдер» деген біздің ата-бабаларымыз. Мәңгілік Ел құндылықтары біздің бақуатты болашағымызға бағдарлама болады. Сондықтан біз елдің бірлігі мен топтасқандығы үшін одан әрі де өзіміздің ортақ азаматтық біртектілігімізді нығайтуымыз керек. Бесінші. Реформа мемлекеттік аппараттың жұмысын мөлдір және азаматтарға есеп беретіндей етеді. Мемлекет жинақы болуы тиіс және өкілеттіктердің көбін мемлекеттік секторға беру қажет. Мен ұлтқа ұсынып отырған реформалар жоспары, біріншіден, беймаза әлемде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, екіншіден, инклюзивті, бәрін қамтитын жаңғыртулар жүргізуге жағдай жасайды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз егемен мемлекеттің негізін қаладық. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың бірінші сатысы болатын. Одан кейін нығайып алған соң, біз қалыптасқан мемлекетке қарай қадам жасадық. Бұл екінші саты болатын. Енді ұлы реформаларды бастай отырып, біз Мәңгілік Елге жол саламыз. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың үшінші сатысы болмақ. Құрметті қазақстандықтар! Ұлт Жоспарын табысты орындау қолайлы халықаралық ахуалды қажет етеді. Біз өзіміздің стратегиялық әріптестеріміз – Ресеймен, Қытай Халық Республикасымен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақ елдерімен, Ислам әлемімен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Біз халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыс істейтін боламыз. Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде Қазақстан біздің өңіріміздегі қауіпсіздік пен экономикалық дамудың ортақ архитектурасына қолдау көрсетеді. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ бойынша өзіміздің ең жақын әріптестеріміз – Ресеймен, Беларусьпен, Қырғызстанмен және Армениямен қатынастарымыз айрықша болмақ. Қазақстандық дипломатия ислам әлеміндегі және посткеңестік кеңістіктегі өткір өңірлік дау-жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі күш-жігерін ұлғайта түсетін болады. Құрметті отандастар! Қымбатты достар! Бүгінде біздің алдымызда жаңа сын-қатерлер туындап отыр. Біздің жауабымыз – мемлекетті нығайту және ұлтты жаңғырту. «Асу бермес асқар жоқ» дейді қазақ даналығы. Қазақстандық жол біздің ұлтымызды бір мақсат пен ортақ арманға топтастырды. Сайлау әрбір қазақстандықтың өз алдындағы және ел алдындағы өз борышын түсінетінін көрсетіп берді. Менің реформалардың табыстылығына, менің халқым мен мемлекеттің табыстылығына деген сенімімнің қайнар көзі де осында. Мен ұлтқа өзім мәлім еткен реформаларға барынша кең түрде атсалысу жөнінде үндеу тас­таймын. «Республика» сөзі латыннан сөзбе-сөз «ортақ іс» деп аударылады. Қазақстанды жаңғырту – біздің ортақ ісіміз де осы. Алда қандай сынақтар тұрмаса да, біз мемлекетіміздің қуаты мен халық даналығына арқа сүйей отырып, оларды еңсеретін боламыз. Осынау салтанатты сәтте Ақтаудағы №7 мектеп-лицейдің бесінші сынып оқушысы Карина Данилованың конкурстық шығармасынан менің жан дүниемнің ең бір тереңіне қозғау салған сөзді келтіргім келеді: «Менің Чешенстан мен Тәжікстандағыдай соғыс болмайтын, әр кезде де қолайлы және бейбіт елде өмір сүргім келеді, Ұлы Отан соғысының ардагері болып табылатын менің ұлы атам мен ұлы әжем ол елден кетуге мәжбүр болды. Аспанымыз бейбіт болсын – міне, әрқайсымыз үшін де ең бастысы осы», деп жазады ол. Біз есейген ұлтпыз, жаңа дәуірге батыл қадам жасаудамыз. Біздің мәңгілік Қазақстан жері ізгілікті болсын! Біздің біртұтас ұлтымыз қуатты болсын! Қымбатты отандастар! Менің халқым – ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар халық. Мыңжылдық тарихындағы ең біре­гей бетбұрысында халқымның зор сенімін арқа­ла­ғаным – мен үшін ең биік мәртебе. Кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – баршамызға ортақ парыз. Жаңа ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп  беріп, дамыған елдердің қатарына қосылу – ортақ жауапкершілік. Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымас тұрақтылық пен еселенген байлықты мирас етеміз. Бүгін  Қазақстан тарихының жаңа беті ашылды. Біз дамудың даңғылына тың қарқынмен аяқ басамыз. «Бес халықтық реформаны» табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз. ХХІ ғасыр – бірлік пен достықтың қуатымен озатын ғасыр. Біз бейбітшілік пен келісімге, татулық пен тұрақтылыққа тәу етіп, тәубе дейміз. Осы құндылықтарымыздың қадіріне жету арқылы Мәңгілік Ел боламыз. Сол жолда талмай еңбек етейік, қадірлі халқым! Қазақстанның жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болсын! Елдіктің туы биікте желбіреп, абыройы­мыз асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!