Басылым • 14 Қараша, 2024

Балалар әлеміне саяхат

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Sardar G» баспасынан жуырда жарық көрген «Ғажайып шақ» атты жинағынан оқырмандар мектеп оқушыларының тыныс-тіршілігін арқау еткен шағын хикаяттар, мөлтек әңгімелермен таныса алады.

Балалар әлеміне саяхат

Автор атап айт­қан­дай, кі­тапқа «бү­гінгі мектеп оқу­шыларының аталары мен әжелері балалық шақтарында бастан кешкен» оқиғалары арқау болған. Осынау белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген балауса шәкірттердің қызықты әлемін елестететін туындылар топтамасы жас ұланның оқудағы, қоғамдық пайдалы еңбектердегі іс-әрекеттері, ізденістері, өзара достық қарым-қатынастары жайынан сыр шертеді.

Мәселен, «Біз табысар қиыр­­лар» хикаяты адамгершілік, азаматтық көз­қарастары түр­ліше қалыптасып келе жат­қан сыныптастардың пікір қай­шы­лығы барысында өзара қақтығысып қа­луы мен түсінісіп, татуласуы жөнінде тар­тымды да тағылымды мысалды алға тар­тады. Әртүрлі тұрпаттағы сыныптас­тар мінез-құлқын арқау еткен «Менің досым» әңгімесі де оқырманын бей-жай қалдырмайды. Балалардың алғашқы сезімдерін суреттеген өзге туындылары да («Кем­пірқосақ – көк аспан», «Ер­ке», т.б.) сүйсіне оқисыз. Ал «Бет­бұрыс», «Тә­жірибе, қоян және біз» хикаяттары ба­ла­лардың оқуды сабақтан тыс жұмыстағы  ғы­лымилыққа пара-пар ізденістерімен қа­лай ұштастырғанын, сол реттегі  қарым-қаты­настарын көрсетеді.

Жинақтағы екі хикаят оқыр­манды оқушылардың ғы­­лыми-техникалық фантас­тика көкжиегінде самғаған қиял­дарымен таныстырады. Бірінде («Батыр-Болат пен Гүл-Жауһар») оқу озаттары космос лифтімен көк­ке көтеріліп, ғарыштағы демалыс лаге­рінде шым-шытырық оқиғаларды бас­тан кешсе, келесіде («Ғарышқа жаяу сая­­хат») тау ішіндегі лагерьде тынығып жүрген оқу­шылар өзге ғаламшардан кел­ген кемеге кезігеді, түр-тұрпаты өз­де­­ріндей, бірақ таңырқарлық қа­сиетке ие ғарышкер баламен танысады...

Сондай-ақ «Сенім», «Сы­нып­тастар», «Армандастар» атты хикаяттарда ауыл мен қала мектептерінде оқитын жеткіншек, жасөспірім шәкірт­тердің арман-қиялдары, әлемді ересектерше тануға тырысулары, болашаққа өздерінше жос­пар құрулары жөнінде әңгімеленеді.

 

Балжан ХАБДИНА,

баспа  және  полиграфия  ісінің  қайраткері