17 Маусым, 2015

Әлия

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
алия3 Ақтөбе топырағында халқы­ның аяулы қарылғашы, Шығыс­тың қос шынарының бірі, қан майданда ерлермен бірге ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Кеңес Одағы­ның Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойы басталып та кетті. Алдымен облыс орта­лығындағы батыр қыздың мемо­риалдық кешеніне соғыс және еңбек ардагерлері, Әлияның туыстары, «Әлия гүлі» достарын шақырады» VІ халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне қатысушылар және ақтөбеліктер гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары А.Арын­ғазиева жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, «Біз Әлия ерлігіне бас иеміз» деді. Әлияның нағашы інісі Сапар Молдағұлов батыр қызына құр­мет көрсетіп жатқан халыққа риза­шылығын білдірді. Мұның өзі Әлия апайының рухының алдындағы ұрпақ парызы екенін тілге тиек етті. Салтанатты сәтті ««Әлия гүлі» дос­тарын шақырады» VІ халықаралық балалар шығар­машылығы фестиваліне қаты­сушылар мың бұралған бимен бедерледі. Одан кейін мерейтой қонағы әскери ғылымдар докторы Ким Серікбев Әлияның ерлігі арқылы тек ақтөбеліктер ғана емес, барша қазақстандықтар мақ­танатынын  жеткізіп Әлия мен Мәншүктің өмірі мен ерлігі туралы ой толғады. «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе қалалық қайырымдылық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Әлия апамыз жайлы мазмұнды сөз айтты. Ақын Амантай Өтегенов Әлия туралы жырдан шашу шашты. Шара барысында «Әлия гүлі» халықтық би ансамблі, облыстық филармония әртістері өз өнерлерін көрсетіп, Марат Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті, әуесқой суретші А.Корваттың сурет көрмесі ұйымдастырылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.