Тұлға • Кеше

Бейімбетті заманға бейімдемейік

306 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жан дүниесіне терең із қалдырған оқиғалар адамды сол нүктеге айналдырып әкеле беретіні бар. Мұндай құбылысты бір тақырыпқа қайта айналып соға беретін шығармашылық адамдарының өмірінен де байқауға болады. Осындай ерекше­лік қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің шығарма­ларынан да айқын көрініс тапқаны таңдандырмай қоймайды.

Бейімбетті заманға бейімдемейік

Оның ескі де жаңа заманнан бұрын, өзінің өмірін жазғанын ескере бермейміз. Сондықтан да ол әйел теңдігін жазды, ескінің қалдығын сынады деп асығыс айтып қалатын секілдіміз. Бейім­бет шығармаларының негі­зін­де түсірілген фильмдердің терең шықпайтыны, түпнұсқа әңгімедегідей көркем болмайтыны содан. Себебі онда өмір-тағдыр емес, саясат пен науқаншылдық алға шығып кетеді.

Ал енді Бейімбеттің шығарма­ларымен бірге, өзінің өмірбаянын да оқып көрейікші. Бір жасқа толар-толмаста әкеден жетім қа­лып, байдың сиырын сауып жүр­ген шешесінің жолын тосып оты­ратын ашқұрсақ бала көз алды­ңызға келеді. Оның әңгіме­лерінде әкенің орны жоққа тән, әке – шешуші тұлға емес. Ақтық ше­шімді шеше қабылдайды, ше­шуші қадамды шеше жасайды. 

«– Әже!.. – деді.

– Ау, қарағым! – деді Күлпаш.

– Әкем келді ме?..

– Қарағым-ау, әкеңнің қарасы батсын!»

Бейімбеттің әңгімелерінде бақуатты адам тоқшылықты армандаған жандардың фантазиясы сияқты суреттеледі. Олардың үйіндегі «бұзылмаған қазы, бүрулі ет, шұжықтың саны жоқ… Әлі күнге дастарқаннан наны үзілген емес» дейді. Мұны айтқан «аштан өлгенше, анаған ти, мынаған ти» деп, күйеудегі Күлпашты азғырушы сіңлісі Раушан еді. Күлпаш аштан бұратылып жатқан баласы Қали мен қайыр сұрап кеткен байы Мақтымды қимай, сіңлісі үш келгенде де бетін қайтарып тастайды. Бірақ аштық ақыры дегеніне көндіріп тынады. «Бұзылмаған қазы, бүрулі етті есіткенде Күлпаштың аузынан суы ағып, ынтығуға айналды. Бүрліктірген аштық, тамақты есіткен соң, Күлпаштың еркін алып, жеңгендей… жүрегі дірілдеп, көзі қарауытып «тием!..» деген сөз еріксіз аузынан атылып шыға жаздап отырып:

– Әй, қарағым-ай! – деп өксіп жылап жіберді. – Қарағым-ай, өздерің білші… мен естен танған кісі ғой… – деді».

Жазушы астарлап аштықты айтты дегеннің өзінде, мұнда қандай саясат бар? Тіпті болды дегеннің өзінде, саясат туралы бір ауыз сөз жоқ. Адамдардың рухы содан түсті, сондықтан осылай болды деу де біздің шығарып алып айтып жүргеніміз. Әйтпесе тура осындай сюжет желісі жазушының «Әже» әңгімесінде де бар.

Бейімбеттің осы «Әже» әңгімесі бізге: «Күлпашта» ешқандай саясат жоқ» деп аттандап тұрғандай. Жазушы бұл әңгімесін сол үшін жазғандай дағдарып та қаласың. Себебі екі әңгіменің сюжет желісі де, композициялық құрылымы да, кульминациясы да бірдей. Бірақ «Күлпашта» аштық, «Әжеде» нәпсісін тыя алмаушылық негізгі себеп ретінде алға тартылады. Бейімбеттің бір оқиғаны неге екі түрлі етіп жазғанына еріксіз таңдануға тура келеді. Демек жазушы бұл әңгімелерді жазғанда жалаң саясатты емес, кейіпкерлердің бойындағы терең психологизмді бергісі келгенін байқаймыз.

Бейне жазушының сана түкпірінде анасының сауыншы болып жүріп, сол үйден тіске басар бірдеңе ала келетіні қалып қойған тәрізді. Бұл көрініс қайырымды бай образын тудырмаса да, әйтеуір бір көмектің сол жақтан келіп тұратынын аңдатады. Күлпаштың байы Мақтым да, Зылиқаның байы Сарымсақ та отбасының тіреуіші болу керек деген табиғи инстинкті ақтамайды.

Бейімбеттің «Әдет құшағында» деген повесінде де дәрменсіз Қапан Сақыпқа қорған бола алмайды. Сақып сүймесе де сүйгенін айдатып жіберген әлеуетті адамға қатын үстіне барады. Бұл повесть бір тараптан «Шұғаның белгісіне» де ұқсаңқырайды.

Әрине, Бейімбет Майлин өмірдің көп қырын жан-жақты суреттеп жазған қаламгер. Алайда оның бүкіл шығармашылығына жарық сәуле түсіріп тұрған қос шығармасы «Күлпаш» пен «Шұғаның белгісі» дер едік. «Талақ» пен «Әже» де осы екі шығармаға тақырыбы жағынан өте жақын.

«Шұғаның белгісі» повесі жазушының өз басынан өткен жағдайдан туғаны айтылып та жүр. Бірақ біз «Күлпаш» пен «Әже» әңгімелерінде де анасының жолын күткен баланың тағдыры барын еске салғанды жөн көрдік. Бейімбет әкесінен бір жасында, шешесінен алты жасында айырылған. Ондай таршылық заманда мұндай жетімдіктің ізсіз өтуі мүмкін емес. Осы шығармалардың бәрінде де баланың көзімен берілетін көріністер мен диалогтар өте әсерлі. Шындығында мұнда ешқандай саясат жоқ, саясатты жазам деген Бейімбетте ой да жоқ. Бейімбет тым саясатшыл жазушы емес. Әйгілі «Сайлаудан келеміз…» деген өлеңінде де саясатқа мысқылмен қарайды.

«Ал онда Бейімбет шығармаларындағы саяси сахналар қайдан шықты?» деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл сахналар сол уақыттың көрінісі ретінде алынады. Кейіпкерлері осы кез, осы уақытқа тап келіп қалған адамдар сияқты. Осындай қоғамдық жағдайда адамдар өздерін қалай ұстайды, олардың өзара қарым-қатынасы қалай болады? Біреу біреуді тастап кете ме, әлде қайтып келіп құтқара ма?

Осы арада жазушының өзіне тікелей қатысты бір ситуация бар. Ол «Күлпаштағы» әке Мақтым мен бала Қалидың өлімі, «Әже­дегі» шеше Зылиқаның құлындарына жете алмай демінің үзілуі, «Айт күндеріндегі» Бе­кен мен Зейнептің аштан өлуі, барлық жерде өлім. Бұл бала Бейімбеттің өз басындағы жағ­дай десе де болады. Аштықты жаза қояйын деген саяси шешім емес, сол бір кезеңнің әдебиеттегі көркемдік шындығы да осы.

Аталған шығармаларында жазушы халық жаппай қырылған аштықты жазбайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Айт күндері» әңгімесінен мына бір ұзағырақ үзіндіні толық келтіргенді дұрыс санадық:

«Ауылдың орта шеніндегі ақ боз үйдің маңайында лық толған адам, топтанған арба, ат... кілең бозбала. Бір топ ауыл қыдырып «айттық» алып жүр. Ауыл гу-гу.

– Айт құтты болсын!

– Жақсылығы бірге болсын!

Жер ошақтың басында үш-төрт адамның басы құралып қалды. Бірдеме есітіп бастарын шайқасып отыр.

– Есіл ер-ай, қор болған екен...

Бірден-бірге жайылып хабар ақ боз үйдің маңайындағы көп адамға да жетті.

– Қатыны мен Бәкен кайтыпты...

– Қашан?

– Бүгін.

– Алда, бишара-ай!

– Қайтқандары да дұрыс болған екен, тірідей көр болып еді.

– Айт күні қайтқаны тілеулері дұрыс болған екен бишаралардың.

– Дүние деген осы, жігіттер, – деді ортада отырған бір ақсақалды кісі.

– Едәуір жыл болды-ау. Өгіз өлгеннің басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей-ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкең қатынымен аштан өліп отыр... тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттеріңді жеген соң, жаназасын жерге тигізіңдер, сауап қой...

Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап ойын қылуға айналды. Ақсақал сөзін тыңдаған жан жоқ...

Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге... аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көптің көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты!..» болды».

Мұнда ел ішіндегі надандықтан басқа не бар? «Күлпашта» да біреулер аштан өліп жатқанда, енді біреулер қатын үстіне қатын алып жырғап отырады. «Бұзылмаған қазы, бүрулі ет, дастарқаннан наны үзілмеген». «Әдет құшағында» да қорғансыз жандарды бопсалап, қызын күштеп тоқалдыққа көндіреді. «Әжеде» де екі баланың анасын азғырып, біреуге тоқал қылып қор етеді.

Жазушы қиын кезеңде адамдарды осылай сынаққа салып, бейшара болмыстарын образға айналдыруға ұмтылғаны көрініп тұр. Біз ол шындыққа шыдамай, жазушы көтерген жайттарды заманға аудара салғымыз келетін секілді. Бейімбет шығармаларын кеңестік дәуірде үстем тапқа қарсы пайдалансақ, тәуелсіздік алғаннан кейін тоталитаризмді әшкерелеуге жұмсай бастадық. Сонда бас­тарына ауыртпалық түскен қандастарының қатын-баласын тартып алып, ауылдастары аштан өліп жатқанда құрбан шалып, айтшылап жүргендерді қайтеміз?

Басқа ештеңе жазбаса да, Бейімбет жоғарыдағы бір-екі повесть, үш-төрт әңгімесімен-ақ классик болып қалар еді.

Оның шығармаларын бүгінде оқылымды ете түсетін көркемдік шарттардың бәрі бар. Бейімбет диалог құрудың, образ сомдаудың, адамдардың табиғатын ашудың қас шебері. Қызыл жалаудан дамбал тіккен арзанқол науқаншылдық Бейімбетке қажет те емес. Бейімбет шығармалары онсыз да ұлт қасіретін ашатын образдарға тұнып тұр. Ендеше Бейімбеттің елден ерек көркемдік болмысын заманға бейімдеп әуре болудың қажеті де жоқ.

Сөз соңында айтарымыз, Бейімбет тақырыбын ала жаздай дүмпіткен аза­маттарға да мың да бір рахмет. Міне, қазір қоңыр күз де келді, әңгіме сабасына түсетін де уақыт болды. Үлкен жазушыларымыз боқырау айы деп суреттеген қарашаның он бесінде дүниеге келген Бейімбет Майлин­­нің туғанына 130 жыл толды. Заман өзгергенмен, адамдар өзгермеген, біреу тойып секіргенде, біреу тоңып секірген күндерде Бейімбеттің томдарын тағы бір парақтап шығуды өзімізге парыз санадық. Соңғы бетін жауып, сәл тоңазып отырып терезеден қарағанда, жартылай қалаша киінген шала интеллигент біреу сыртта бүрсеңдеп кетіп бара жатты.

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше