Үкімет • 14 Қараша, 2024

Креативті индустрияны дамытатын жаңа нормалар енгізіледі

133 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Атап айтқанда, депутаттар креативті өндірісті қолдауға және спортты дамыту жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Креативті индустрияны дамытатын  жаңа нормалар енгізіледі

Ең алдымен депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Михаил Бортниктің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыға дауыс берді. Өйткені Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның айтуынша, Президент Жарлығымен ол биыл 7 қараша­да Орталық сайлау комиссиясының мүшелігіне өткен. Сондықтан отырыс барысында палата депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Бұдан соң жиында «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген өзгерістер назарға алынды. Құжатта кірістің азаюы мен шығыстың ұлғаюы қарастырылған.

– Жоба екі негізгі бағыт бойынша рес­публикалық бюджет көрсеткіш­терінің өзгеруіне байланысты әзірленді. Біріншіден, 2024 жылға арналған кірістердің нақтыланған болжамы бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендеген. Бұл ретте мақсатты трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша 2 трлн теңге тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар шығыстар мен тапшылықтар 2023 жылға арналған бюджет қаражатының 61,3 млрд теңгесі қалдығын пайдалана отырып, Үкімет жүргізген бюджеттік түзетулер ескері­ліп өзгертілген. Осылайша, түзетілген бюджет шығыстары 61,3 млрд теңгеге ұлғаяды, ал 2024 жылға арналған тапшы­лық 3,6 трлн теңге болады, – дей келе Мәжіліс депутаты Т.Савельева Қаржы және бюджет комитеті бұл жобалар бо­йынша қорытынды әзірлейтінін жеткізді.

Әрі қарай қатысушылар Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустриялар­ды қолдау және дамыту мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде қысқаша баяндамасына құлақ түрді. Депутат өзгертулердің мақсатын түсін­діріп, құжатта авторлық құқық, шығар­машылық және зияткерлік әлеует­ті рет­тейтін, сондай-ақ креативті өндіріс­­ті дамытуға бағытталған нормалар қа­рас­тырылып отырғанын айтты. Нәтиже­сінде, заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге шешім қабылданды.

Депутаттар Үкімет бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын да қарады. Құжат бірыңғай электрондық архив ақпараттық жүйе­сін бекітуді, архивтік құжаттарды, оның ішінде қолжазбаларды, суреттерді, күнделіктерді сақтау және пайдалану тәртібін реттеу сынды біршама жаңашылдықты көздейді.

Сондай-ақ палата мүшелері «Қазақ­стан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Фискалды басқару және қаржы секторы реформалары­ның бағдарламасы – 1-кіші бағдар­лама) рати­фикациялау туралы» және «Қазақ­стан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Фискалды басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 1-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы» Заң жобаларының қорытынды әзірлеулері жөніндегі Қаржы және бюджет комитетінің ұсынысын тыңдады.

Яғни Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін Азия Даму банкінен және Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 15 жылға 52,3 млрд және 52,7 млрд иен көлемінде қарыз алады. Тиісті келісім Мәжілісте ратификацияланды. Қос банктен алынатын 105 млрд иен көлеміндегі қарыз жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген сомасы шегінде алынбақшы. Қаражат ел экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін тартылып жатыр. Қаулы жобасын қатысып отырған 91 депутат жақтады.

Ал күн тәртібіндегі «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат, қоғамдық даму, мәд­ениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырды.

– Бұл заң жобасы негіздемелік сипатта 3 үлкен бағытты қамтиды. Бірінші, саланы реттейтін ұзын саны 9 заңға өзгерістер енгізіп, осыған орай олар­дың мақсатын, міндеттері мен прин­циптерін қайта анықтайды. Екінші, министрліктің құзыретін заңнамалық тұрғыдан шамадан тыс реттеу мәселесін шешеді. Атап айтқанда, бұрын заңнамаға министрлік мойнындағы міндеттерді, соның ішінде ішкі процедураларға және басқа мемлекеттік органдармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты нормалар ендігі жерде министрліктің ережесімен реттеледі. Үшінші маңыз­ды жайт – креативті индустрия өкіл­деріне мемлекеттік қолдау шаралары. Ұсынылып отырған заң жобасы креативті өндірісті қолдаудың нақты шараларын көздейтін мемлекеттік саясатты анықтайтын өзгерістерді ұсынады. Мәселен, Үкіметке осы саясатты жүргізу және осы саланы дамытуға жауапты заңды тұлғаларды анықтау сияқты нақты құзырет беруді көздейді, – деп түсіндірген министр сөзін аталған заң жобасы тиянақты түрде сараптамадан өтіп, барлық мүдделі тараппен талқыланын айтып қорытындылады.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Жанарбек Әшімжанов мәдениет саласы қызметкерлерінің аттес­тациясына қатысты сауал қойды.

– Мәдениет қызметкерлерін және мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестациядан өткізу қағидаларын бекіту жөнінде құзырет алып тасталған. Заң жобасында құқық қорғау практикасында 5 жылда бір рет аттестациядан өткізу бойынша бұл талап сақталмайтыны келтірілген. Себебі бұл үлкен еңбек ресурстары мен шығындарды талап етеді. Әрі аттестация қорытындысы бойынша үлкен өзгерістер болмайды деп отырсыздар. Алайда мұндай құзыреттілікті алып тастау нормасы оның қолайсыздығымен және тиімсіздігімен заңсыз негізделетін секілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамада бұл құзыретті алып тастау сыбайлас жемқорлық қылмысының бел­гі­леріне жататыны жазылған, – деді ол.

Өз кезегінде А.Балаева министрліктің мәдениет саласындағы қызметкерлерінің аттестация мәселесі заңнамадан алынып тасталып, министрліктің нақты ережесіне енгізілетінін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында заң жобасына «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін регламенттейтін Ғылым және жоғары білім министрлігінің түзетулері енгізілген. Осыған қатысты талқылау барысында Мәжіліс депутаты Вера Кимді «Келешек» капиталына қатысты бірнеше мәселе алаңдатты. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен бастапқы білім беру капиталын есептеу кезінде 6, 7 және одан да жоғары жастағы балаларға қатысты бөлігін нақтылады. Сауалға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жауап берді.

– «Келешек» капиталының мемле­кет­тік жинақтау жүйесінен үш айырма­шылығы бар. Бірінші, 5 жасқа толған салымшыға мемлекеттен 60 АЕК көле­мінде, ал жетім балалар мен ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК алғашқы жарна аудары­лады. Екіншіден, «Келешек» жүйе­сінде сыйақы есептеу кезінде банктер үшін ең төменгі мөлшер белгі­ленеді. Ол Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлемеден кем болмауға тиіс. Үшінші айырмашылық, жобаға кепілдікті қамтамасыз ететін сақтандыру компаниялары қатысады. Баланың ата-анасы еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағ­дайда немесе асыраушысынан айрылған жағдайда сақтандыру компаниялары бала 18 жасқа толғанға дейін ата-анасы­ның атынан капитал аударуды жүргізуді жалғастырады, – деді вице-министр.

Депутаттар кино, «Қазақфильмге» қатыс­ты толғандырған сауалдарын да қой­ды. Бірнеше уақытқа созылған талқы­лау нә­­ти­жесінде қатысып отырған 90 депу­­тат­­тың 3-і қарсылық білдіріп, 12-і қалыс қалып, 75-і жақтап, заң жобасы мақұлданды.

Отырыста қаралған соңғы мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денешынық­тыру және спорт, сондай-ақ нормалар­дың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Құжатта еліміздің спорт саласында жаңа іріктеу жүйесін енгізу қарастырылған.

– Қазір республика бойынша 180-нен аса спорт түрі дамытылып отыр. Спорт түрлерінің барлығы бойынша спорт резервін даярлау жүзеге асырылады. Бірақ жыл сайын 13 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрінен медаль жеңіп алынады. Осының бәрі спортшыларды даярлау жүйесіндегі жаттығудың бастапқы кезеңінен жоғары жетістіктер спортына дейінгі сәтсіздіктердің нәтижесі саналады. Осылайша, біз жыл сайын уәкілетті орган ретінде балалар-жасөс­пірім­дер спорт мектептері мен мектеп-интер­наттар шығындарының өскенін байқай­мыз. Шығындардың елеулі бөлігі олим­пиадалық емес спорт түрлерінің дайын­дығына жұмсалады. Заң жобасын әзірлеу барысында жақын маңдағы (Өзбекстан, Беларусь), алыс шетелдер­дің (Ұлыбритания, Германия, Норве­гия) халықаралық тәжіри­бесі зерттелді. Құжат аясында спорт федерациялары­ның қызметі де өзге­реді, – деді заң жобасы жөнінде баян­дама жасаған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Құжатты талқылау кезінде депутат Ерлан Сайыров елімізде тіркелген 180 спорттың бәрін қаржыландыру мәселесі ақылға қонымсыз екенін айтса, депутат Елнұр Бейсенбаев спорт саласына бөлінген қаржының айтарлықтай нәтиже көрсетпегенін дәлелмен кел­­тір­ді. Ал депутат Мұрат Әбенов «Астана» велокомандасына неліктен қыруар қаражат бөлінетінін, депутат Айдарбек Қожаназаров ұлттық спортты қолдауға деген бюджет жыл сайын қысқарып бара жатқанын айтып, себебін сұрады. Кейін депутаттар дауысқа салып, заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Әдеттегідей күн тәртібіндегі мәселе­лер қаралған соң, жиын қатысушы­лары депутаттық сауалдарға көшті. «Ақ жол» фракциясы мүшелерінің атынан сөз алған депутат Қазыбек Иса «Қазақфильмге» қатысты мәселені көтерді. «Respublica» партиясының фракциясынан Руслан Берденов Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ортақ нарықтағы отандық тауар өндірушілері мен жалпы бизнестің ахуалы алаңдататынын айтып, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады. Ал Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов еліміз­дің мұнай-газ саласындағы ең ірі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Ембімұнайгаз» акцио­нер­лік қоғамының Атырау облысы Қызыл­қоға ауданы Тайсойған учаске­сінде мұнай өндіру іздеу-барлау жұмыс­тары­на және мұнай өндіру жөніндегі келі­сім-шартта жергілікті халықтың мүд­десі мен құқықтарын ескеріп, «Ембі­мұ­найгаз» акционерлік қоғамы әлеумет­тік міндеттемелер алу қажет екенін айтты.