Форум • 14 Қараша, 2024

Журналистердің халықаралық форумы өтті

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында «Turktime: түркі елдерінің медиа және туризм бірлігі» атауымен IV халықаралық түркітілді журналистердің медиа форумы өтті. Келелі кеңеске еліміздің БАҚ өкілдерімен қатар Британия, Германия, Түркия, Әзербайжан, Солтүстік Кипрден келген туризм және медиа саласының сарапшылары қатысты. Онда дәстүрлі журналистика мен dijital жүйе, жасанды интеллектінің жаңа үрдістері және геосаяси ахуалдың түркі елдеріндегі ақпараттық нарыққа әсері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Журналистердің халықаралық форумы өтті

Халықаралық форумның алға қойған басты мақсатының бірі – түркі елдерінің медиа кеңістігіндегі салалық журналистиканың сапасын арттыру. Бұны қалай түсінеміз? Көпшілік санасында журналистика  кез келген тақырыпты қамти беруге тиіс деген жалпы және жадағай түсінік бар. Алайда дүние дидарына дүрбімен үңіле қарасақ, оның күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын байқауға болады. Бұл үдерістің негізінде біліктілігі жоғары маманды талап ететін салалар дамып келеді. Жалпылама тақырыппен жұмыс істейтін тілшінің дағдысы енді аздық етіп, әр саланың қыр-сыры мен күрделі құрылымын түсінетін маманның қажеттілігі туып отыр. Олар сол күрделі дүниені аудиторияға түсінікті тілмен жеткізуге тиіс.

Ақпарат айдынында енді-енді дамып келе жатқан осындай саланың бірі – экономикалық журналистика. Біз хабарлап отырған медиа форумның басты жаңалығы – қаржы тақырыбында халықты ақпараттандырып жүрген журналистер арасында өткен «Еркін сөз-2024» шығармашылық байқауы. Байқау «Түркітілдес журналистер қоры» мен «Халық банк» акционерлік қоғамның ыждағат-қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.

Сонымен медиа-бәйге қорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» аталымы КТК арнасының тілшісі Ұлан Нұрахметке бұйырды.  Ал «Сайттағы үздік мақала» аталымына atrpress.kz сайтының тілшісі Амандық Сағынтайұлы лайық деп танылды. Ал басылым бетінде жарық көрген «Үздік мақала» аталымын  әріптесіміз, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Елігімай Төңкер жеңіп алды. Журналист «Жеке тұлға банкроттығы: мәселенің мәнісі» тақырыбында зерттеу жасап, алаяқтық жолмен несие рәсімдейтін криминалды нарықтың кілтипанын анықтап, қаржылық қауіпсіздік жолдарын айқындаған.

Форумның қорытынды бөлімінде түркі елдеріне ортақ медиа платформа жасақтау қажеттілігі талқыланып, тараптар өзара тиімді жоба әзірлеуге уағдаласты.