17 Маусым, 2015

Қазақ үшін құнды еңбек

530 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
DSC_0101Алматыда Ұлттық кітапханада «Қазақ диаспорасы және репатриация. 1991-2012» атты орыс тіліндегі ұжымдық ғылыми монографияның тұсаукесері өтті. Қазақ диаспорасының даму тарихы мен олардың тарихи отанына иммиграциясы туралы жинақтау мен талдауына арналған ғылыми зерттеулердің қорытындылары енген еңбектің таныстырылымына белгілі қоғам қайраткерлері, шеттегі этностық қазақтардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге үлес қосқан ғалымдар, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері, оралман бауырлар, жоо-ның оқытушылары мен студенттері жиналды. Алдымен монография авторлары – тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балта­баева, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жарас Ер­мек­бай және философия ғы­лымдарының кандидаты Айтбала Баймағамбетованың 10 тараудан тұратын қазақ диаспорасы, репатриация, көші-қон саясаты, демография және диаспорология тарихының мәселелеріне арналған үлкен ғылыми жұмыстарымен құттықтағанымыз жөн шығар. Олай дейтініміз, авторлар эт­никалық иммигранттарды қа­былдау мен орналастырудың әлемдік тәжірибесін де жан-жақты қарастыра отырып, Германияның саясаты, назар аударуға тұрарлық Израильдің репатриация үдерісінің тәжірибесі, көршілес Ресейдің көші-қон саясатының өзгерістерін де қамтыған. Соған орай, салыс­тырмалы түрде Қазақстандағы этникалық көші-қон саясатының қалыптасуы мен дамуы, сондай-ақ, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түр­­кия, Ауғанстан, Иран мен басқа елдердегі болып жатқан репатриацияның тәуекелдері, табыстары мен келешегі көрсетілген. Монография ғылыми сипатта жазылып, географиялық, пәндік және атаулы көрсеткіштермен, қысқарған сөздер тізімімен, сондай-ақ, түрлі-түсті суреттермен қамтылған. Алғаш рет Қазақстанда қазақ диаспорасы жастарының білім алу мақсатында иммиграция­лау мәселелері талданған. – Ерекше назар аударатын жайт, бұл еңбек Қауымдастықтың қоржынындағы алғашқы ғылыми монография емес, – деді жоба авторларының бірі Талғат Ма­машев еңбектің маңызы мен алар орнына кеңінен тоқтала келіп. – Алайда, біздің алдымызда Азия, Түркия, Еуропадағы қазақ диаспорасының қалыптасуы мен дамуын көрсету міндеті тұрған жоқ, өйткені, атал­ған жағдай Г.Меңдіқұлованың «Қазақ диас­порасының тарихи тағдыры. Қалыптасуы мен дамуы» монографиясында қамтылған болатын. Дегенмен, Қауымдастық осы монографияның толықтырылған нұсқасын «Қазақ диаспорасы: тарихы мен бүгіні» деген атпен қайта басып шығарды. Ал үш жылдан кейін Қауымдастықтың мұрындық болуымен елші Қалыбек Қобландин мен Гүлнара Меңдіқұлованың ұжымдық моно­графиясы қа­зақ тілінде «Өзбекстандағы қа­зақ­тардың тарихы және бүгінгі дамуы» деген атпен жарық көрді. Бүгінгі тұсауын кесіп отырған монография Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс ко­митетінің қолдауымен, Білім және ғылым министрлігінің гранты бойынша жарық көріп отыр. Шетел қазақтарының саяси, әлеуметтік-демографиялық және мәдени дамуының ерекшеліктері Қытай, Моңғолия, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь елдерінде ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында өткізілген халық санағының есебінде тал­данған. Менің білуімше, халық санағының жарық көрген материалдары еліміздің ғылыми кітапханаларының қорында жоқ. Жалпы, зерттеудің жылнамалық шектеуі 1991 және 2012 жылдар аралығын қамтиды. Көріп отырғанымыздай, жылнаманың төменгі шектеулері Қазақстанның тәуелсіздік алуымен және қазақ­тардың өз тарихи отанына оралу үдерісімен анықталады. Еңбектің жоғарғы шектеулері – бұл еліміздің мемлекеттік көші-қон саясатының заманауи тәжірибесін жинақтаған кезең. Бір айта кететін жайт, модератор Талғат Асылұлы интернетте және әлеуметтік желілерде осы монографияның шыққаны туралы хабарлама берген сәттен бастап оның қай тілде шығарылғаны туралы сауалдар, пікірлер келіп түсе бастағанын, ал монографияның орыс тілді қауым және бұқаралық ақпарат құралдарын таныстыру мақсатында орыс тілінде жарық көргенін, өйткені, қазақ тілінде осы тақырыптағы жарияланымдар жеткілікті екенін, оның үстіне, репатрианттардың қазақстандық қоғамға бейімделуі еліміздің адами және зияткерлік әлеуетінің дамуы мәнінде көрсетілгенін атап өтті. «Ал екінші жағынан, мемлекеттік органдар мен қабыл­даушы қоғамның оралмандарды әрі қарай ықпалдастыруға байланысты өзекті міндеттері күн тәртібінен алынбайды», деді төраға орынбасары. Кітапқа зор еңбек сіңірген ғылыми редакторы «Интеллект Орда» әлеуметтік-мәдени ғылым­дарды бірлестірудің халықаралық институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов те әр ғылыми еңбектің негізгі мақсаты, маңыздылығы – қоғамдағы осы тақырып қызықтырып немесе айналысып жүргендерге жаңа бағыт-бағдар беріп, жолдарын айқындап беретінін атап өтті. «Кітапта негізінен қазақ диаспорасының, репатриациясының қайтып келуі, яғни жалпы көші-қондағы ең маңызды да күрделі мәселелерді көтеріп, қамтыған,  –  деді ол.  – Біз­дер қазақ диаспорасының тарихы дегенде, қазақтар екенін, олардың нақты адамның тағдырынан тұра­тынын ұмытпағанымыз жөн. Олар қалай отанына көшіп келді, қандай жағдайларды бастан кешкенін тү­сі­нуіміз қажет. Тіпті, адам жат елде әуежайға келгеннен бас­тап өзін біртүрлі сезінеді. Яғни, олардың әлеуметтік бейімделуі қалай жүріп жатыр? Қоғамда өз орнын тауып жатыр ма? Бұл үлкен мәселе. Өйткені, қазір жағдай басқа. Маған өте ұнағаны, оралман деген сөздің қажетті бір жағдайларда ғана пайдаланып, отандастар, өзіміздің ағайындарымыз елімізге қайтып келе жатыр дегенге ерекше назар аударуы. Өйткені, олардың келіп-кетуінде саяси, идеологиялық, экономикалық қырлары көп. Біз түбінде бір халықпыз, бір ағайын­быз. Сондықтан бұл мәселені талдауда, әсіресе, шетелдік сарап­шыларға «біз тағдырымыз бір халықпыз, түбі бірігуіміз керек» дегенді құлақтарына құя беруіміз керек. Осылайша алдағы уақытта Қазақстанның, қазақ халқының бүтін бір тарихы жазылуы тиіс. Жиында монография авторлары Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қызметіне белсене атсалысып жүрген оралман ағайындардың барлығына көрсеткен көмектері, көтерілген мәселеге жанашырлықпен қа­рап, сұхбат бергендері үшін ризашы­лықтарын білдірді. Қытайдан келген оралман, Қазақстанда үлкен жетістіктерге қол жеткізген әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің қытай тілі кафе­драсының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы: «Мен бұғанға дейінгі дүниежүзі қазақ диаспорасы жайлы Қауымдастықтың шығарған еңбектерімен жақсы таныспын. Меніңше бұл кітап солардың ішіндегі шоқтығы биік сүбелісі, сапасы жоғары, маз­мұны кең еңбек деп санаймын. Бүгінгі таңда кітаптың орысша шық­қаны өте орынды. Өйткені, орыс тілді оқырмандар, жазушылар қазақ тілінде қандай дүниелер шығып жатқанын біле қоймайды. Сондықтан кейбір зерттеу, аналикалық мақалаларда әртүрлі пікірлер айтылып қалып жатады. Бүгінде дүниежүзінде әр ұлт шетелдегі өз өкілдеріне, диаспорасына ерекше назар аударуда. Диаспора зерттеу әлемдік өркениетті зерттеумен қатар жүріп жатқан үдеріс. Ал бұл еңбектің құндылығы – Елбасының жиырма жылдан бері көші-қон мәселесінде жүргізген саясатының жемісі, нәтижесі екендігін көрсетеді. Бұл не үшін керек? Бұл – Қазақ­станның болашағы, қазақ қоғамының дамуы, біздің Мәңгілік Ел болуымыз үшін қажет» десе, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА-ның коррес­пондент-мүшесі Уәлихан Қалижан бұл еңбектің құндылығы, қасиеті – Қазақстандағы көші-қон сая­сатының бүкіл мазмұндалған сипатын көрсететін, оралмандар тағдыры қазақтың тағдырынан бөлек еместігін, түрлі жағдайларға байланысты қазақтың жері Қытай мен Ресейге өтіп, сол ата қоныстағы қазақтар шетел қазақтары болып қалғанын, сондықтан олардың бәрі қиыншылықтан қашып кетті деген орынсыз айыптауларға жол бермеу керектігін, ал мына кітапты оқыған адам сол сауалдарға жауап алатынын екпін түсіре жеткізді. Сондай-ақ, жиында Қазақстан Президентінің мұрағаты дирек­торының ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Әлім­ғазинов, Ш.Уәлиханов атындағы та­рих және этнология институты бөлім меңгерушісі, тарих ғы­лы­мдарының докторы Айжамал Құдай­бергенова, Қазақстан-Британ университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Даулет Шейх-Әли, 1992 жылы Моңғолиядан келген оралман, тарихи Отанында үлкен жетіс­тіктерге қол жеткізген, мем­ле­кеттік қызмет жолын Көші-қон комитетінің Алматы облы­сы бойын­ша департаменті дирек­торының орынбасары лауазымды қызметін атқарып, бүгінде көші-қон сала­сының қызметкері, көші-қон жө­ніндегі 3 кітаптың авторы Кұрметбек Сансызбайұлы аталмыш құнды еңбек жайлы ойларын ортаға салды. Болашақта бұл еңбек қазақ, ағылшын тілдеріне аударылып, Қытай, Моңғолия, Түркия, Еуропа елдеріндегі қазақтар үшін қайта басып шығару жоспарланған. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».