Қазір 3 жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, «Koksai resort», «Алмалы» (Жамбыл ауданы) туристік аймақтары мен Тараз қаласындағы «Зербұлақ» аквапаркі туристердің барлық сұраныстарына сай қызмет көрсетеді.
«Осы жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысында облысқа 95 644 турист саяхаттап келді. Оның ішінде 1 455 шетелдік, еліміздің өзге өңірлерінен келген 94 209 турист бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 40,1 пайызға өскен. Бүгінде облыс аумағында 225 туристерді орналастыру, 525 тамақтану, 21 демалыс орны, 16 туристік ұйым, 9 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай жұмыс істейді. Туристерге 1,3 млрд теңгенің қызметі көрсетілді», деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысты жұмыстар да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, Жамбыл ауданы «Ақыртас» археологиялық кешеніндегі ауызсу мәселесі жеке инвестордың қаражаты есебінен шешімін тапты. Тараз қаласындағы «Таскөл» демалыс орталығы электр желісімен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 4 туристік нысанның инфрақұрылымын дамытуға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Туристерге толық ақпарат беретін, яғни анықтамалық қызметтің барлық ресурстары қамтылған 4 туристік ақпараттық терминал халық көп шоғырланатын орындарға қойылған.
Туризм саласын дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – кәсіби мамандар даярлау. Өткен жылы гидтер мен экскурсоводтар курсы ұйымдастырылып, 30 маман халықаралық дәрежедегі сертификат алды. Биыл «Жанды сабақтар» жобасы, «Taraz City bus» экскурсиялық бағдарламасы, «Көктем көркі – қызғалдақ» іс-шарасы жүзеге асырылды.
2024 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Аталған бастама аясында Жамбыл облысының туристік әлеуеті мен мүмкіндіктері таныстырылды.
Айта кетелік, Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне 56-қала болып енгізіліп, еліміздің алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болды. Осы мәртебені әрі қарай бекіту мақсатында жыл сайын «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып тұрады.