Тұлға • 15 Қараша, 2024

Айта алмасты аңдатқан әңгіме

36 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Атанбойын» айтамыз ба, «боқырау жәрмеңкесіне» тоқталамыз ба? Әлде «сүрме тартып төрт көзден­генін» сөз етеміз бе? Біз мейлі дер едік. Қазақтың жалпақ тілі қай жағына тартса да, қай қиырға салса да жетеді. Бейімбет шығар­машылығына көз жүгіртсе, тіпті құдіреттеніп кетеді.

Айта алмасты аңдатқан әңгіме

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Майлиннің кез келген шығар­масынан қайнаған өмірдің иісі білінеді. Қандай өмір? Әрине, қазақтың өмірі. Және әңгімелері жылдам дамып, тез баурайды. Аса бір тереңдік те, не­бір биіктік те байқалмайтын сыңайлы. Расын­да, қажеті бар ма өзі сол құбылыстардың? Білмеймін. Әйтеуір Биағаң шығармаларын «киіндіре» бермеген. Қаз-қалпында, қалай көріп-білді, айнытпай солай бергенін бай­қаймыз. Көзі түскенін көкейінде киноға тас­палап үлгеретіндей сезімтал түйсіктің иесі. Меніңше, туындыгердің тереңдігі де, биіктігі мен кемелдігі де осы қасиеті емес пе? Жалғыз ауыз сөзбен түйгенде, қазақ қара сөзінің шебері.

Ақын-жазушы кітаптан оқып, адам жаны­ның білгірі болмайды. Ел арасынан, өмір қаза­нынан қайнап шықпаса. Оқырманның біразы қазір мен деп кеудесін соққан шығармаларды оқуға құлықсыз деп ойлаймын. Асқақ пафос, күңіренген қайғы немесе данышпансыған, күлтелеп-білтелеген дүниелер әдебиет үшін керек, әрине. Оқырман үшін, өткенді тану үшін сол уақыттың табиғатына жан бітірсе жеткілікті емес пе? Ал әдебиеттегі былайғы ізденістер туралы әңгіме бөлек.

Сөз өнерінің ұстасы Бейімбет Майлиннің «Шапай кәмсәмөл» әңгімесі өт­кенде қолданыстағы әліпбимен осы газетте тұңғыш рет жарияланды ғой. Тәуелсіз­дік жылдары шыққан көптомдықтарына енбеген шығарманы бейімбеттанушы Серікқали Байменше «Шапай кәмсәмөл» – Бейімбет Майлиннің басқа шығармаларын қайталамайтын, бұған дейін белгісіз болып келген, оқырман назарынан тыс қалған жаңа прозалық еңбегі. Ізбен-ізі белгілі болса да, көзге көрінбей келе жатқан шығармасы» деп жазды. Сол Шапай ғой «құлқынымызды ­тескен».

Әлгі «айдаушы», «атанбойын» сөздерін жазушы футболға байланысты қолданады. Ал Шапайдың өз басына келсек, комсомол түгі де жоқ, қазақтың қара баласы. Айыбы кедей демесеңіз, тұла бойы тұнған махаббат пен әділет. Күпісі жыртық, етігі тырп-тырп етіп жер сүйреген бала ауыл шетінде доп ойнап жүрген жеткіншектерге қосылады. Оқиға өрбіп басталған сәтте-ақ, айналасы үш-төрт абзац аясында Шапай өмірінен біраз хабар беріп тастайды: «Ауылдағы өзіндей балаларды алса, олардың киімі бүп-бүтін. Жыртылса, әкелері қаладан әкеліп береді. Басқа балалардың әкесіндей болмағанға Шапай Ыбырайға ашуланғысы келеді. Жек көрмекші болады. Бірақ әкесі отбасында отырып, «қарағым» деп Шапайды бауырына басса, маңдайынан сипап, бетінен сүйсе, көңіліндегі ашу тарқап кетеді» дейді. Мұнысы әкесі мен баласы арасындағы қарапайым ғана қатынас десек те, доп теуіп жүргендегі көрініс ішіне ылдым-жылдым кірігіп кеткенде, көңілді қозғамай қоймайды. Әңгіме Шапайдың тырпылдаған етігі мен жыртық күпісінен туып отыр ғой. Әйтпесе, доп пен киімді не байланыстырады деуіңіз мүмкін. Яғни Шапай ойнап жүрсе де, көңілі үнемі алаңдаулы. Жүгіріп доп қуаласа да, ойы әкесі базардан киім әкелер ме екен деген қамкөңіл. Бір-бірімен жымдасып жатқан шап-шағын мәтін бөліктері осылайша өте шынайылығымен көкейді түртпектейді. Арасында көңілдің теткитіні де содан ба деп ойлаймыз.

Бір кезде балалар ауыл шетіне ілігіп қалған базаршыларды көріп, ойынды тастай сала алдарынан жүгіре жөнеледі. Осылай ширыға һәм оқырманды ширықтыра берген әңгіменің әрбір тұсын қақпақылдаса, тұнған махаббат пен әділетсіздікке қарсы күрес. Отбасы жылуын қапысыз сезіндіреді. Айтып жеткізе алмайтын сезімдерді аңдаусыз ұқтырып отырады. Базардан келген әкесі Ыбырай: «Қарағым, саған шапан әкелдім, етіктік былғары әкелдім, деді. Шапайдың төбесі көкке жеткендей болды» дейді. Әкелі-балалы үйіне барғандағы әңгіме: «Ырымкүлдің көйлек-жаулығы тозып жүр еді. Жүрерде пәлен ал деп айта қойған жоқ еді. Бірақ өзі біліп бірдеме алар деген ойы бар еді. Үйге кіріп отырысымен Ырымкүл қапшыққа ынтықты:

– Бері әкелші, қарағым, әкеңнің әкелген базарлығын көрелік, – деді. Қапшықты ақтарғанда үш аршын шамасы төмен қол ала шүберек, етік бастайтын былғары және бір сиса шықты.

– Мыналары несі? Маған жаулық алма­ғаның ба? – Ырымкүл өкпелегендей болып байына қарады.

Ыбырай жайлаңқырап сөйледі:

– Саған көйлек алдым. Шапайжанның күпісі тозып жүрген соң тыс алдым, етігін бастайтын былғары алдым».

Бір қарағанда өте жұтаң көрінетін, қара­пайым ғана осындай диалогтер әдебиеттің жаны десе артық емес. Шын әдебиет шынайы өмірден ғана туатынын аңғартады. Шығарманы оқығанда, бұлар бұрынғы өмір­ді, ауылдағы үлкендердің кейбір әрекет­те­рін еске түсіретінін қайтесің? Тіпті диалог басындағы «еді, еді» деген қайталаулар­дың өзі өте жарасымды үйлескенін байқаймыз. Жайшылықта құлаққа түрпідей тиетін сөз қайталау Бейімбет қаламынан туғанда, иландырып, кей тұсында әр жағы не болар екенге жетелеп, жұтындырып қояды.

Шапай әкесі әкелген күпі қаптар мата мен етік бастыратын былғары арқасында сол жылы медресеге барады. Ол кездегі ауыл­дың абыройлысы молда болам деген арманы сонда кесіліп, кейін оқып, азаматқа айналады. Әкесінің ынталандыруының арқасында, әрине. Мұны білген жөн.

Әңгімедегі Шапай мен көрші қыз Зиба қарым-қатынасы Қожа мен Жанарды еске түсіреді. Тек қана Жантас көрінбейді. Ал Бейімбет пен Бердібек туралы кейінірек.