Теңге • 15 Қараша, 2024

Теңге дизайнында тек те, тегеурін де бар

87 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл теңгенің айналымға енгізілгеніне 31 жыл толды. Алғашқы дербес банкнотымыз Батыс валюталары үлгісімен жасалса да, ұлттық нақышты қамтитын бірегей стильге ие еді. Төл валютамыздың қазіргі келбеті мемлекеттік әрі ұлттық құндылықтарды айшықтайды. Жылдан-жылға дизайны жаңарып, заманауи қауіпсіздік талаптарына сай дамып келеді. Қазір теңге тек төлем құралы емес, елдігіміздің бірегей нышандарының біріне айналды.

Теңге дизайнында тек те, тегеурін де бар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тарихи атау

Орта ғасырда түркілердің күміс монеталары «денге» немесе «таньга» деп аталған. Осыны негізге алып академик Сауық Тәкежанов «теңге» сөзін ұсын­ған болатын. Осылайша, төл тұғырына қонған алғашқы банкноттар Англияда басылып шықты. Тек 1995 жылғы 19 мамырда елімізде Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды. Қаражат үнемдеу мақсатында «Гидромаш» зауытының бір корпусын жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды. 1995 жылы фабрикадан 83 млн-нан астам банкнот шығарылды, келесі жылы 104 млн-нан астам банкнот басылды. 1997 жылы фабрика ел азаматтарының төлқұжаты мен жеке куәліктерін де шығара бастады.

Теңге сарайы 1992 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды. Ең алғашқы монета партия­сы 1993 жылы осы сарайдан шықты. Кәсіпорын Ұлттық банктің тапсырысы бойынша түрлі түсті металл, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталарын шығарды. Яғни айналымға арналған монеталар, естелік және коллекциялық монеталар әзірленеді. Оның ішінде диаметрі 100 мм, салмағы 2 килоға дейін жететін қымбат металдан соғылған «proof» сапалы ерекше өнімдері де бар.

Кәсіпорын мемлекет наградалары мен медальдарын, алыс-жақын шет мем­ле­кет­тердің тапсырысы бойынша да монеталар шығарады. Қазақстан теңге сарайы – Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі. Бұл қауымдастыққа мыңжылдық тарихы бар Англияның Корольдік монета сарайы сияқты нарықтың ірі өкілдері кіреді.

 

Теңге дизайны қалай жасалады?

Тұжырымдаманы әзірлеу. Бұл банкнот­тардың тақырыбын таңдаудан басталады. Тақырып ретінде ел тарихы мен дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалардың портреті, елдің бірегей тарихи, географиялық орындары мен сәулет ескерткіштері, мемлекеттік және халықаралық оқиғаларға қатысты сурет­тер, еліміздің флорасы мен фаунасы, сондай-ақ тарих, мемлекеттілік, саясат, құқық, экономика, ғылым, білім, мәдениет, өнер, спортқа қатысты суреттер, жаһандық құндылықтар, мұралар, тарих, мәдениетке қатысты бейнелер алынуы мүмкін. Міндетті түрде ұлттық ою-өрнектер немесе олардың фрагменті қолданылады.

Дизайн. Дизайнерлер банкноттың эскизін жасайды. Банкноттар эстетикалық жағынан тартымды әрі оңай танылатын болуы үшін түс палитрасы мен композицияға баса мән беріледі.

Қорғаныс элементтерін енгізу. Жоба­лау кезеңінде банкноттарды қолдан жасау­дан қорғауға заманауи қорғаныс элементтері енгізіледі. Ұлттық банк қауіпсіздік бойынша үздік тәжірибелерді қолдану мақсатында халықаралық сарапшылармен жұмыс іс­тейді.

Банкноттарды басып шығару. Дизайн бекітілгеннен кейін банкнот дизайны Банкнот фабрикасына басып шы­­ға­­руға жіберіледі. Барлық қорғаныш эле­мент­терін дәлме-дәл қайталап жасауға маман­дандырылған баспа машиналары қолданылады.

Сынақтан өткізу әрі сапасын бақылау. Әр жаңа банкноттың төзімділігі, қорғаныш элементтері мен сапа стандарттарына сәйкестігі тексеріледі.

Айналымға енгізу. Барлық кезең сәтті аяқталған соң банкноттар айналымға ен­гізіледі.

 

Сенімді қорғалған валюта

Көпшілік: «Теңге дизайны неге жиі өзгереді?» деп ойлауы мүмкін. Бұл сұрақты біз де бас банк мамандарына қойдық.

«Әлемдік практикада қолдан ақша жасау­ға жол бермес үшін 7-8 жыл са­йын банк­ноттардың дизайны өзгеріп, жаңа түрі шығып тұрады. Жаңадан қор­ғаныш элементтері енгізіліп, банкнот дайындау­да жаңа технология қолданылады. Мысалы, жаңа «Сақ стилі» сериясын айна­лымға шығарудағы негізгі мақсат – валю­тамыздың қорғаныс деңгейін арттыру, оны пайдалануға ыңғайлырақ ету. Әрі елдің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуді де көздейді», дейді Ұлттық банк өкілі.

Мамандардың айтуынша, теңге – әлемдегі ең жақсы қорғалған валютаның бірі. Бұл – банкнот өндірісі саласында халықаралық қоғамдастық мойындаған факт.

«Себебі Ұлттық банк әлемдік тә­жірибеде алғаш рет банкнотқа екі түсті микро­оп­ти­калық қорғаныс жіптерін енгізді. Бұл қорғаныс элементі банкнотты әрі-бері аударып қарағанда, екі түс өзара әре­кеттесіп, динамика әсерін тудырады. Мұндай элементті тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде жасауға болады, яғни материал полимерлік болмауы керек. Сонымен қатар банкнот дизайнында жарқын әрі есте қалатын 3D әсерін, сондай-ақ үш өлшемді қорғаныс элементтерін қалыптастыратын оптикалық өзгермелі голографиялық элементтер бар», делінген Ұлттық банк жауабында.

Біздің банкноттарда халық оңай танитын қорғау дәрежелері болғанымен, оларды өндіру өте күрделі. Бұл – түсін өзгертетін бояу, түсін құбылтатын әсері бар жіптер, голограммалар, жоғары бедерлі бейнелер мен басқа да элементтер. Ұлттық банктің әлемдік тәжірибеде бар жаңа қорғаныш элементтеріне үнемі талдау жүргізуі ұлттық валютаны жоғары деңгейде қорғауға және қолдан жасауға жол бермейді. Теңгені қорғау дәрежесін арттыру мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізеді: алдымен жаппай басып шығару кезінде өндіру мүмкіндігін бағалау үшін «үй банкноттары» шығарылады, сосын жаңа қорғаныш элементтері мерекелік және естелік банкноттарда сыналады. Содан кейін қорғау элементтерінің ішіндегі үздіктері сериялық банкноттарда пайдаланылады.