30 Сәуір, 2015

Ел мен Ердің ересен ерлігі

473 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
*29-04-15-internet-2 Сайт сөзі Елімізде сәуірдің 26-сы күні өткен Президент сайлауы шын мәнінде бүкілхалықтық мереке болды. Дауыс беруге келген электорат өздерін мейрамда жүргендей сезініп, жаппай көтеріңкі көңіл күй ұстады. Жұрттың бұл күнді асыға күткендері сондай, барлық жерлерде дерлік таңертең сайлау учаскелері ашылмай тұрып-ақ есіктердің алдарында ұзын-шұбақ кезек қалыптасып қалды. Бұл кезектің қарасы мен қайнары түс әлеті ауып, күн екіндіге құлағанша селдірей қойған жоқ. Осылайша бағзы бір уақыттардағы көрініс пен сипат көз алдымызға қайта келе қалғандай әсер етті. Президент сайлауын еліміздің барлық ендіктері мен бойлықтарында қызу, қауырт және белсенді түрде өткенін сәт сайын беріліп тұрған телеарналардағы хабарлар, интернет-ресурстардағы ақпарлар мен әлеуметтік желілердегі пікір алмасулар дүркін-дүркін байқатып тұрды. Сол сағаттарда біздің газетіміздің интернет нұсқасы да тоқтаусыз жұмыс істеп жатты. Ал біздің жер-жердегі меншікті тілшілеріміз бен орталықтағы қызметкерлеріміз үсті-үстіне жариялап тұрған хабарларға орай үн қатып, ой білдірген оқырман қауымда да толас бола қоймады. Осының бәрі бүкіл елімізде бұл жолғы Президент сайлауына жұртымыздың айрықша көңіл бөліп, өзгеше мән бергендерін анық байқатты. Ең бастысы, бұл сайлау халқымыздың бір тудың, бір идеяның, бір көшбасшысының аясына берік топтаса түскенін анық көрсетіп берді. Сайлау, айналып келгенде, Еңселі Ел мен Еңсегей Ердің ересен ерлігін, жетістікті жеңісін, бітімді бірлігін толайым танытқан нағыз назардағы науқан болды. Қазақ елі тағы да өзінің алдағы бес жылдағы лидерін жазбай танып, қапысыз таңдады. Бұл таңдау бүкіл халықтың бір леппен, бір деммен, бір ырғақпен соққан жүрек лүпіліндей болып бір нүктеден көрінді. 97,75 пайыздық үлес біздің осындай тұжырым жасауымызға толық негіз береді. Міне, осы жеңіске еліміздің барша тұрғындары бір кісідей қуанды, үлкен жеңіс үшін ақтарыла шаттанды. Бұған біздің сайтымызда осы күндері жарық көрген хабарларға келіп түскен көптеген пікірлер толық куә бола алады. Ал біз бүгін сол комменттер тасқыны мен нөпірінен аздаған бөлікті ғана екшеп алып, оқырман назарына ұсынып отырмыз. «Астанада бүгін туған күні бол­ған сайлаушыға сыйлықтар берілді» Абдулла Маханов Иә, расында халықтың белсен­ділігі жоғары. Ал мына үрдіс шынымен ұнайды. Шырын Болар елдің балаларындай бар­лығымыз бірлесе атсалысып, елдің ісіне азаматтық көзқарас танытып жа­тырмыз. Ынтымағыздың арқасында. Уәли Көптен күткен керемет сәтте­рімізді бастан өткізіп жатырмыз. Елор­далықтардың көңіл-күйлері керемет.   «Батыс Қазақстанда дауыс беру ұйымшылдықпен өтуде» Айсана Бүгін мен үшін аса маңызды күн. Алғаш рет сайлауға қатысып, ел алдындағы азаматтық мінде­тімді орындадым. Рас, сәл қобал­жуда болдым. Бірақ таңдауымды дұрыс жасадым деген ойдамын. Жігерлі Біздің жерде таңертең учаскелер жұмысын бастасымен өшірет болып, сайлаушылар кезекпен дауысын беріп жатыр, қарап тұрып сүйсінесің. Халық мерекені сезініп отыр. Тәрбие Иә, біздің Орал өңірінде осындай ұйымшылдық жақсы сақталған, біздің облыс жұрты қандай сайлауда да белсенділігін ешқашан жоғалтқан емес.   «Қарағандыда су басқан ауыл жұртының 90 пайызы сайлауға келеді» Беделхан Апат айтып келмейді. Жаратқан­ның жазуына амал жоқ. Мемлекет, халық бар көмегін аяған жоқ. Өмір алда. Сондықтан зардап шек­кендер­дің сенімі өшпесін деп тілей­мін. Тоқсан пайыз сайлауға қатысу сол сенімнен туып отыр. Марал Міне, нағыз патриоттар, қандай жағдай болмасын, ел үшін маңызды кезеңде белсенділік танытқандары қуантады. Ақжүрек Сайлау осындай деңгейде болады деп ойламаған едім, қандай керемет, жігерленіп кеттім.   «Ақмола облысында жасы жүзден асқан қария өзі келіп дауыс берді» Думан Мен Қазақстанда 114-тегі адам­ның бар екенін бірінші рет естіп отырмын. Өткенде 117-ге келген жапон кемпірі қайтыс болып, оны әлемдегі ең үлкен адам етіп шығарды. Сосын Өзбекстанда тағы бір кемпір қайтыс болып, оның жасы бұдан да үлкен болып шықты. Ал біздің әжеміз солардың ізін басып келе жатыр екен.   «Мемлекет басшысы дауыс беру рәсіміне қатысты» Омар Енді айта берсем болатын шығар, мен осы кісіге – қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс бердім. Мен ғана емес, әйелім мен қызым, ұлым мен келінім – барлығы бір үйден бес адам дауыс беріп келіп отырмыз.   «Елімізде сайлаушылардың 41,69 пайызы дауыс берді» Рахымжан, Алматы Немерелерім Жансая мен Жази­раны сайлауға ертіп бардым. Кімге дауыс береміз десем, екеуі де... «ата­ға» дейді. Бізді Алматыдағы №158 мектеп әдеттегідей музыкамен қар­сы алды. Адам легі таусылар емес. Осы жерде талай таныстарымды кездестірдім. Бірақ мынау көрсеткіштегі 17 пайызға көңілім толмай тұр… Жолай қаншама сайлау учаскелерінің жанынан өттім, халықтың нөпірі баршылық. Тегінде Алматы дауыс беруде ешкімнен кем қалмас деп ойлаймын. Ақайша Біздің бала кезімізді ата-анамыз сайлау учаскесі ашылмас бұрын барып, оның есігінің алдында тұратын. Дауыс беруді өздеріне зор міндет санайтын. Біз де сол жасқа жеттік, сосын жолдасымызбен екеуміз бірінші болмағанмен, алғашқылардың сапында дауыс беріп қайттық. Еркетай, Ұзынағаш Алматы облысы қай сайлауда да үнемі алда келеді. Бәрі де ұйым­дастырушыларға байланысты дегенге сенбеймін. Бәрі адамдардың өздерінің сана-қабілетінен шығады. Мешітке бірге баратын түрік, ұй­ғыр, күрд көршілеріммен сайлау учас­кесінде кездесіп қалдым. Әңгіме-дүкен құрып, қауқылдасып қайттық. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі. Майра Куала-Лумпурда туризм менед­же­ріне оқитын ұлым Димаш Қазақ­стан елшілігі ұйымдастырған сайлау учаскесіне барып, Президент сайлауына дауыс беріпті. Жаңа ғана skype-пен сөйлестім. Міне, ғылымның дамығаны! «Шымкентте сайлаушылар белсенді түрде дауыс беруде» Айғаным Болатқызы Шымкенттің халқы ертешіл екен. Мен осында іссапармен келгенмін. Дауыс берейін деп келсем, ұзын-сонар кезек. Түске таман зорға кіріп, дауыс беріп шықтым.   «Ж.Сүлеев: кәдеге асқан интернет қуатында шек болмады» Серікхан Расында интернет желісі жақсы жұмыс жасап тұр. Бұл байқаушылар мен ақпарат құралдарының өкілде­ріне өте қолайлы. Дауыс беруді тоқ­тат­пайық! Ғайникамал Орманбекова Мен ұлтым үшін, ұрпағымның болашағы үшін дұрыс таңдау жасадым. Жадыра Мәлік Біз алдымен кандидаттың президент болуға лайықты қарым-қабі­летіне қарап барып, дауыс беруіміз керек. Сонда ғана егемен елдігімізді берік сақтап қаламыз. Аружан Асылбек Мен биыл алғаш рет Президент сайлауына қатысып, дауыс бердім. Осындай Қазақстанның ауасын жұтып, жерін басып жүргенім үшін ерекше бақыттымын. Алланың нұры жаусын баршаңызға! Аян Ауылдағы ата-апаларымыз сай­лауға дәстүрлі кимешектерін киіп, өте әдемі болып барып, дауыс берді. Сәкен Сайлауға Елбасымыздың өзі де келіп, дауыс беріп жатқанын көріп, біз де қалыс қалмай дауыс берейік деп, сайлауға бардық. Гүлнұр Бұқаралық ақпарат құралдарынан барлық министрлеріміз бен депутат­та­рымыздың жұрт қатарлы кезекке тұрып, дауыс бергендерін көріп қуанып жатырмыз.   «Өскемендіктер сайлауда дауыс беріп, ұтыс купондарын ойнады» Рауза Өскемендіктер қатырған екен! Сайлаудың қорытындысында да осылай алда болыңдар, жерлестер!   «Маңғыстауда сайлаушылар ерекше белсенділік танытуда» Арыс Қашаннан өзіндік үні бар, өзіндік ойы бар, өршіл де өрелі Маңғыстау жұр­тының әрбір дауысы бағалы. Мен Үстірт­тегі жұрттың Президент таңдауда ешбір қателеспейтініне сенемін.   «Карин Штренц: бұл сайлау жаңа жетістіктерге екпін береді» Маралтай Шынтемірұлы Көп ұлтты ел екеніміз осы. Өзге ұлт­тың өкілдері Қазақстанды атаме­кені санайды. Біздің болашағымыз жарқын болмақ. Санжар Бақдәулет Тіліміз бен дініміз жойылмас үшін ел тізгінін лайықты жанға ұста­тайық. Дауыс беруге кел, ағайын! Гүлсім Айбар Балаларымның болашағын ойлап, елімнің келешегін ойлап, таң­дауым­ды Президент бола алатын кандидатқа жасадым.   «Кәмшат Дөненбаева: бақытты болашақ, тыныштық үшін дауыс беремін» Иса Кәмшат апай, сіздер елдің ұсты­нысыздар ғой. Халық сіздердің соңдарыңыздан ереді, сөздеріңізді тыңдайды. Ал сіздер оларды дұрыс жолға бастай аласыздар. Қазір көненің көзі сияқты болып қалған сіздер аман болыңыздар. Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын, апа! Сіздер қолдайтын Президентіміз де аман болғай. Заман Барлық жерде сайлау өте қызу өтіп жатқанға ұқсайды. Мұндай бел­сенділікті бұрын байқамаппын. Осы­ның бәрі елдің сана-сезімі түзел­генін көрсетеді. Сол саналы топ­ты кешегі кеңес заманынан бері халық­тың алдында жүрген Кәмшат апай сияқты ардагерлеріміз бастаса әсте жа­ман болмаймыз. Апайға мен де зор денсаулық тілеймін.   «Еліміздегі сайлаушылардың 89,69 пайызы дауыс берді» Рамазан Ел таңдауын жасады! Біз күткен, ел күткен Президент дайын. Оның кім екеніне де ешбір күмән болмаса керек. Лайым осы бірлігіміз бен тірлігіміз жараса берсін, жалғаса берсін. Мереке Көмбенің шеті көрініп қалды. Артынша кімнің озып келгенін де білеміз. Дегенмен, оның кім екенін де бәріміз біліп отырмыз ғой деп ойлаймын. Өз басым қатты қуаныштымын.   «Тәуелсіз байқаушылар Маңғыстаудағы сайлауды жоғары бағалады» Самал, Ақтөбе. «Егеменнің» ұжымы ұйымшыл­дықтарын көрсетті. Елбасын сайлау елдігімізді тағы бір айқындады. Соның жер-жердегі көрінісі газет сайтында беріліп тұруы сүй­сінт­ті. Мұндай шаруада асқан ыж­да­ғат­тылық танытқан редакция ұжымының қимылына тәнті болдық.   «Назарбаев Президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жетті» Құдірет Ортақ жеңіс құтты болсын, ағайын! Бұл сайыста Елбасының же­ңіс­­ке жететініне ешкім де күмән­дан­ған жоқ. Бірақ 97,5 пайыздық дауыс деген шынында тамаша көр­сеткіш! Бұл – Президентке лайықты баға! Нұрлан төре Мен осындай болатынына еш шүбә келтірген жоқпын және ойла­ғаным орындалғанына қуаныш­тымын! Данил, Ақтөбе Елбасына таңдау жасадым. Бұл жалпы халықтың ойындағы сенім екені сөзсіз. Біз алдағы болаша­ғы­мызды Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен бірге көреміз. Бұл – барша қазақстандықтардың ой-арманы, тілегі, қалауы! Мүталлап, ақын, Петропавл Елбасының жеңісі – бәріміздің жеңісіміз. Енді ел болашағы үшін еш алаңдамауға болады. Пре­зиден­тіміздің маңайына ауызбірлік­пен топтассақ, алынбайтын асу жоқ. Елбасының амандығы алдымен қазаққа керек.   «Жеңімпаздар форумы Жетісу жерінде де жалғасын тапты» Сәбит, Ақтөбе облысы, Хромтау қаласы Халықаралық байқаушылардың Президент сайлауын ең демо­кра­тиялық сайлау болды деп баға­лауы көңілімді марқайтты. Егемен еліміз өркениетті елдер қатарынан осылай ойып тұрып орын алатынына сенімдімін. Атқарған жұмыс­тарымыз берекелі, өміріміз мерекелі болсын, Президентіміздің іргелі істерге бел буып отырғаны халқының қамы ғой, зор денсаулық, жемісті еңбек тілейік, достар!   «Ақтөбеде жеңімпаздар форумы жоғары деңгейде өтті» Самғат Байдуллин, жұмысшы, Ақтөбе Елбасы сайлауда жеке дара озып келді. Елді басқаратын басшыға тізгін ұс­татқанымыз дұрыс болды. Назарбаев алдағы бес жылда бірталай шаруа тындырады деп ойлаймын. Өзі де екі есе күшпен жұмыс істейтінін білдірді ғой. Ал Елбасының қолынан ол келеді. Құтты болсын, денсаулық берсін.   «Жеңімпаздар форумы Павлодарда жалғасты» Жантас Мен Павлодар қаласында ЖОО студентімін. Мұз сарайында болдым. Форумға қатыстым. Павлодар өндіріс өлкесі деп айта аламын. Фо­рум­ға мұнайшылар, ардагерлер, темір­жолшылар т.б. өндіріс орын­дары­ның жұмысшылары қатысты, Көңіл күйлері тамаша, Форумға қаты­сушылар алар асуларымыз, жетер белес­теріміз алда деп ойларын жеткізді.   «Назарбаев Президент сайлауында ресми түрде жеңімпаз деп танылды» Орал Ең бастысы, халық бір ауыздан өз таңдауын жасады. Енді болашаққа алаңдамауға негіз бар. Бұл – талай жылдар бойы жасалған, әлі де жасала түсетін еңбектің жеңісі.   «Халық өз таңдауын жасады» Ыдырыс Бұл – расында елдің өз таңдауы. Бұл – елдің дамуына деген халықтың сенімі, Елбасына сенімі. Жаратқан жар болып, елдіктің ерлік үлгісін көр­сетейік, ағайын!   «Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына ант берді» Ғабиден Елбасының ұлықтау рәсімін теледидардан бастан-аяқ көріп шықтым. Бұл кісі әдеттегідей алда тұрған міндеттерді әдемі жіктеп айтып берді. Осыдан да еліміздің келешегіне деген сеніміміз арта түсті. Өз басым Нұрсұлтан Назарбаев штурвалінде тұрған елдің болашағы баянды болатынына бек сенемін. Әсел Мемлекет басшысын қайта сайлап алғанымыз бәріміз үшін де құтты болсын. Елбасының осы орында отырғаны ең алдымен бізге, ха­лыққа керек. Соны жақсы түсін­ген отандастарыма ризамын. Жасы­ратыны жоқ, дәл қазір біз еліміздің ертеңін Назарбаевсыз көз алдымызға елестете алмаймыз. Бұл кісі – біздің еліміздің тыныштығына, татулығы мен бірлігіне, осы арқы­лы қалыптасып, жасалатын эконо­микалық өрлеуіне кепіл. Дария Инаугурация өте жақсы өтті. Ұлықтау рәсімінде Президентімізді жаңа қырынан танығандай болдық. Оның алдағы алуан асудан тұратын абыройлы істерімізге тың күшпен, соны серпінмен кірісетіні көрініп тұр. Арыстанбек Жамбылұлы Ұлт көшбасшысының ұлықтау рәсімін телеарнадан тамашалап, үлкен әсер алдым. Енді сол әсерімді сіздермен бөліссем. Осыдан тура 24 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті етіп сайлаған тұста халықтың көңілінде мемлекетіміздің тізгінін тұңғыш рет ұстап еді. Сол кезде Елбасының әрбір қабылдаған бағдарламасына қолдау білдіріп, Қазақстанның жарқын болашағына үмітпен қарадық. Ал қазір сол сенім ақталды, әлеуметтің әл-ахуалы жақсарды. Бастысы, еліміз қарыштап дамып, экономикалық деңгейіміз ілгері басты. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясаты мен халықтың тұтастығының арқасы. 24 жылда Қазақстанда үлкен өзге­рістер, оң бағыттар мен игі істер ат­қа­рылды. Осы жетістіктердің көшін­д­е Елбасымыз тұрды. Енді міне, тағы бір мәрте Президент сайлауын өткізіп, Ұлт Көшбасшымыздың ұлықтау рәсі­мінде антына куә болдық. Президентіміздің алдағы еңбе­гіне сәттілік тілеп, сенім арттық. Ең бастысы, Елбасы мен еліміз аман болсын! Қаламқас Шашубайқызы Меніңше, ұлықтау деген сөз ұл­тымыздың ұлы тұлғасын құрметтеу, оның жасаған жақсылығын паш ету дегенге саяды. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтардың алдында ұлықтау рәсімін өткізіп, ант беруін: «Менің жаным да, қаным да қазақ, еңбегім адал, жұмысым жемісті болады. Халқыма қорған, елдің тыныштығына кепіл боламын және Сіздердің қамқорлықтарыңызды бағалай білемін», – деп түсіндім. Демек, Президентіміздің салмақты сө­зі мен салиқалы саясаты біздің жүре­гімізге нұр ұялатып, бойымызға жі­гер беретіні анық. Дана халқымыз «Әкім бол, хал­қыңа жақын бол!» деген. Елбасымыз әр кез егемендікті, елдікті, ерлікті баға­лап, халықпен санаса отырып, игі­лік­ті істің ұйытқысы болып тұрады. Біз Қазақстанның кемел келешегі мен жарқын болашағына сенеміз. Ұрпағымыз иманды, саналы, білімді болып өсіп келеді. Бұл – Елбасы­мыз­дың жастарға барлық жағдай жасап, үнемі қолдау білдіріп отыруының жемісі. Мен осы елдің тұр­ғыны ретінде Президентіміздің жаңа қызметіне сәттілік тілеп, Қа­за­қстанның өсіп-өр­кендеуіне сүбелі үлесімді қосамын. Күш-жіге­рімізді аямай жұмсаймын дегім келеді. Назарбаевқа халық сенім артты, ел тізгінін ұстатты. Енді біз Елба­сымызға сүйенер тірек, дем берер жүрек болайық. Ахмет Омаров Елін сүйген, елі сүйген Елбасы. Бүгінде тұрақты сөз тіркесіне айналып кеткен осы жолдарды тағы бір қайталап айтуға тура келіп тұр.­ Өткен сайлау бұл тіркестің шын­дыққа жанасымды екенін тағы да танытып берді. Біз Елбасының елін сүйетініне де, елінің Елбасыны сүйетініне де еш күмәнданған жоқ едік. Сол ойымыздың оралымды екеніне тағы да көз жетті. Біз алдағы қандай да бір жетістіктерге еліміздің осы кезеңдегі бағына туған Еңселі Еріміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге жететініне ешбір күмәнданбаймыз. Ендеше, осы жеңі­сіміз баянды болсын! Жүніс қажы Қазақстанда тағы да ақ түйенің қарны жарылды. Қазақ елінің жасы мен кәрісі, ері мен әйел жұрты, барлық ұлттары мен ұлыстары Президенттің қайтадан сайланып, халықтың жаңадан мандатын алып жатқан күнін бүкілхалықтық үлкен мереке санайды. Біз Елбасына тағы да сенім артып, таяудағы бес жылымызды сол кісінің қолына тапсырдық. Және мұны өте дұрыс жасағанымызды бүкіл жан-жүре­гімізбен сезініп отырмыз. Оралхан Мен Қазақстанда, соның ішінде осы кезеңдері туып, өмір сүріп жатқаныма қатты қуанамын. Мен мұны Нұрсұлтан Назарбаев ел билеген дәуірмен байланыстыра айтып отырмын. Енді Елбасына сарқылмас қуат-қажыр, мұқалмас денсаулық және саламатты ұзақ ғұмыр тілеймін.   «Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады» Болат АҚШ секілді әлемдегі ең ірі дер­жава басшысының біздің Елбас­ымызды осындай ұлан-асыр жеңі­сімен құттықтап жатуының өзі көп нәрсені білдіреді. Бұл – Америка президентінің біздің ли­дерімізбен санасуының белгісі. Осының өзі біздің еліміздің әлем қауымдастығында айтарлықтай орны бар екенін білдіреді. Ал мұндай беделге Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің қарымы мен қабілеті арқасында жетіп отыр. Біз осыны бағалай білуіміз керек. Иман Мен осы хабарды күттім. Және АҚШ президентінің біздің басшымызды сайлаудағы орасан зор жеңісімен құттықтайтынына еш күмән келтірген де жоқпын. Себебі, Нұрсұлтан Назар­баев пост­кеңестік елдер ли­дерлері ара­сындағы ең рейтингісі жоғары тұрған президенттердің бірі болып табылады. Онымен жер жүзінің қай елінің де басшысы санасып тұрады. Темірлан Әлемдік саяси аренада Елба­сының абыройы артып келеді. Оның жүргізіп отырған саясатына халық­аралық беделді саясат­керлердің біразы қызығушылық танытады. Еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің арқасында көптеген дамушы елдер бізбен әріптестік құруға мүдделі бола түсті. Жаһангер Н.Назарбаев бүкіл әлемге Қазақ­станды қашанда халықаралық қауіпсіздіктің сақталуына атсалысатын ел ретінде, бейбітшілік пен келісімнің жаршысы ретінде таныта білді. Жаһандық ядролық қарусыздану процесіне қосқан үлесіміз үшін біз бұл салада да көш­басшы атандық. Ал Украинадағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жүріп жатқан процеске қосып жатқан үлесі үшін Петр Поро­шенконың өзі Елбасына алғыс білдірді. Осы жетістіктермен-ақ Қазақстан көпте­ген елдерге үлгі бола алатыны анық. Раушан Елбасының жүргізіп отырған көпвекторлы саясатының арқасында біз барлық елдермен тиімді әріп­тестік құра аламыз. Қазақстан да­муының негізіне айналған келісім мен тұрақтылықтың арқасында көптеген шетелдік инвесторлардың бүйрегі бізге қарай бұрып тұратыны да жасырын емес. Дүрия Шыны керек, АҚШ сынды алып елдің бірінші басшысы Елбасын құттықтағаны үшін кәдімгідей мар­қайып қалдым. Мұның өзі Барак Обаманың бұл кісіге деген құрметі мен қошеметіне айғақ болады.   Пікірлерді реттестірген Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».