Қоғам • 15 Қараша, 2024

Елімізде барлық банк үшін бірыңғай QR-код іске қосылады

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы  банкаралық QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде барлық банк үшін бірыңғай QR-код іске қосылады

Фото: istockphoto.com

Бірінші транзакцияның көрсетілімі 15 қарашада Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында екінші деңгейлі екі банктің қатысуымен өтті.

Сонымен қатар банкаралық QR төлем қызметі азаматтарға QR төлемдерін жылдам және ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның  құрамдас бөліктерінің бірі саналатыны атап өтілді.

«Банкаралық QR төлемдерін енгізу кәсіпкерлік субъектілеріне әртүрлі банктердің бірнеше терминалдарын орнату құнын төмендетуге, ал азаматтарға QR-код арқылы елдегі кез келген банктің терминалы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде банктер NDFI инфрақұрылымына қатысу аясында банкаралық транзакцияларды өңдеу құнын төмендету және клиенттерге төлем қызметтерін кеңейту есебінен шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік алады», делінген хабарламада.

Қазіргі таңда банкаралық QR төлем жүйесінің функционалдығы қамтамасыз етіліп, қатысушы банктерді кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны масштабтау 2025 жылға жоспарланған.