Сексен жылда консерватория еліміздің әлемге танытқан музыканттардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған ордаға айналды. Қара шаңырақ түлектерінің арасында Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Юрий Клушкин, Алан Бөрібаев, Байғали Серкебаев, Медет Шотабаев сияқты Қазақстанның халық әртістері, Еңбек сіңірген қайраткерлері мен дарынды музыканттар бар.
Консерватория 25 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтетін мерейтойлық марафонға барша көрерменін шақырады. Күн сайын отандық музыканың бай тарихы, заманауи жетістіктері көрсетіледі. Бағдарламада халықаралық конференция, көрмелер және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланған.
Еліміздің жетекші музыканттары тәжірибесін бөлісу үшін шеберлік сабақтары мен кездесулер өткізеді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева, Ресей скрипкашысы Назар Кожухарь, дарынды дирижерлар Алан Бөрібаев пен Абзал Мухитдинов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Измайлов, тағы басқалары бар.
Мерейтойлық марафон 3 желтоқсан күні Республика сарайында өтетін гала-концертпен қорытындыланады. Еліміздің ең беделді сахнасында консерваторияның шығармашылық ұжымдары – оркестрлер, ансамбльдер, хор және солистер, сондай-ақ қонақ ретінде шақыртылған әртістер жиналады. Бұл кеш ұрпақтар арасындағы байланысты, музыкалық дәстүрлердің байлығы мен отандық өнердің заманауи үлгісін көрсететін мерейтойдың қорытындысы болмақ.