Басылым • 16 Қараша, 2024

Бірегей

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітап­ханада қазақ әдебиетінің көрнекті аудармашысы, жазушы-публи­цист Герольд Бельгердің 90 жыл­дығына орай екі томдық «Таң­дамалылар» кітабының тұсау­кесері өтті.

Бірегей

Алқалы жиынға мәдениет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әдебиеттану­шылар мен аудармашылар, сондай-ақ Ресей дипломатиялық корпусының өкілдері қатысты.

Іс-шарада Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

Министр құттықтауында Герольд Бельгердің қазақ әдебиеті мен мәдениетін дәріптеудегі адал қызметі мен көптілді мұрасы келешек ұрпақ үшін маңызды құндылық екені айтылған.

«Бұл жинақ Мәдениет және ақпарат министрлігі үйлестіретін «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көріп, еліміздің кітап­ханаларына таратылады. Бұдан бөлек биыл бірегей тұлғаға арналған жүзден астам рухани іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Жылдың кейінгі ширегінің өзінде Герольд Бельгердің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 32 іс-шара жоспарланып, қалың оқырманға ұсынылуда. Министрлік тарапынан жазушының шығармашылығы мен өмір жолын насихаттау жұмыстары да қарқынды жүргізіліп отыр. Телеарналар арқылы тараған «Бірегей» бағдарламасы, «Біз біргеміз» ролигі, «Неизданные произведения Герольда Бельгера» сюжеттерін ерекше атап өткім келеді», делінген құттық­тау хатта.

Сондай-ақ жиында жазушының қызы Ирина Ковалева-Бельгердің іс-шара ұйым­дастырушыларына алғыс білдірген хаты оқылды.

«Қазақстанның әр өңірінде Герольд Бельгердің 90 жылдық мерейтойы аясында көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Сондай маңызды іс-шараның бірі – екі томдық жинақтың жарық көруі. Бірінші томда ең үздік әңгімелері мен шығармалары жинақталған. Екінші том өміріндегі аса қымбат жандарға, бірге өмір сүрген, өзі талантын жоғары бағалаған адамдарға арналған. Оның шығармашылығы мен өміріне қызығушылық танытып, насихаттап жатқандарыңыз үшін шексіз алғыс білдіреміз», деді И.Ковалева-Бельгер.

Саналы ғұмырында «Қазақтың қуа­нышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым» деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне қызмет еткен адал азаматтың ұлт руханиятына сіңірген еңбегі орасан. Қазақтың қайғысы үшін қабырғасы қайысып, қуанышынан қуаттанған Герольд Бельгер көзі тірісінде алпысқа жуық кітап, «Гете мен Абай», «Асылға абай болайық!» сынды екі мыңға тарта мақала жазды.

Жиын барысында сөйлеген Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов көрнекті аудармашының тіліміздің өрісін кеңейткенін атап өтті.

«Герағаның 90 жылдығына біздің министрліктің осындай көңіл бөлуі, мемлекеттік тапсырыс бойынша екі томдығын шығаруы, тұсаукесерін өткізуі құптарлық. Ол қандай құрметке де лайықты адам. Біздің тіліміздің даңқын көтерген, өзімізді өзімізге танытуға үлкен үлес қосқан тұлға», деді С.Абдрахманов.

Ал жазушы Қуаныш Жиенбай тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.

«Енді көрнекті тұлғалар санатына Герағаң­ды қосуға болады. Нұрпейісовпен кейде келісіп, кейде келіспей қалған сәтіне мен куәгер болдым. Бұл кісінің жа­зуға деген шеберлігі, әр сөзіне деген жауапкершілікпен қарайтыны, қолымен жазған дүниесі тасқа басылғандай орфографиялық ережелермен түп-түзу жазатын. Оның үстіне ол кісі қайтып сызбайтын, қайтып жөндемейтін. Сол күйінде баспаға кете беретін. Бельгер деген кісі қазаққа қарыздар. Қазақ Бельгерге қарыздар. Ол кісінің өмір жолының бар­лығы қазақтың тыныс-тірлігімен біте қай­насқан. Қазақтың небір мықты жазушы­ларының барлығын Бельгер ағамыз аударды» дейді жазушы.

Аудармашы Бейімбет Майлин, Әбді­жәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов сынды қазақ жазу­шыларының бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған. Қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, Герольд Бельгер қазақ халқының ертеңіне алаңдаған тұлға болды.

«Қазақ халқының көптеген ұнамайтын жақтарын ашық, анық айтатын. Мына мемлекет басында жүрген азаматтар, министрлер, депутаттар неге қазақша сөйлемейді, олар ұлы Абайдың тілінде осы мінберден бір рет пікір айтып, солардың сөзіне сілтеме жасап жатқанын көргенім жоқ дейді. Қазақтың бір перзентінен артық қызмет жасаған ұлы болды», дейді Ө.Озғанбаев.

Герольд Бельгердің екі томдық «Таңда­малылар» жинағына 140-тан аса шығар­масы мен аудармасы еніп, әрқайсысы 3 мың данамен жарық көріп отыр.