Конференция басталмас бұрын аудан орталығындағы Бүркіт Ысқақұлының есімі берілген кітапхананың қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Жан-жақтан жиылған зиялы қауым гүл шоқтарын қойып, ұлт қайраткерінің рухына құрмет білдірді. Нұраның талантты балалары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.
Мерейтойлық мәдени іс-шараға Алматыдан арнайы Бүркіт Ысқақұлының қызы Айгүл Ысқақова келді. Мұнымен қоса, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, Нұра ауданының құрметті азаматы Дауылбай Құсайынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамыраев бастаған құрметті меймандар қатары да жетерлік.
Келелі отырысқа келгендер әуелі облыстық «Saryarqa» телеарнасы түсірген Б.Ысқақов туралы деректі фильмді тамашалады.
Конференцияда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың хатын оқып берді. Әкім жолдаған хатта: Бүркіт Ысқақов – «Елін сүйген ерлер» партиясының негізін қалаушы. Қазақ халқының ұлттық сана-сезімін ояту, әдебиеті мен мәдениетін дамытуда аянбай еңбек еткен тұлға. Конференция барысында ақынның тоталитарлық жүйеге қарсы тұра білген қайсарлығына бүгінгі көзқарас деңгейінде лайықты баға беріліп, салмақты пікірлер айтылады деп сенемін. Шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу жолдары да қарастырылуға тиіс. Себебі ақынның өлеңдерінен отанға деген шексіз махаббат көрінеді. Бүркіт Ысқақов бабалардың аманатына адал болды. Енді біз, яғни кейінгі толқын сол адалдықтан үлгі алуымыз керек» делінген.
Конференцияда Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов «Алаштың арда ұлы – Бүркіт Ысқақұлы» тақырыбында баяндама жасады. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақ радиосының ардагері Гүлсара Қабланова да мінберге көтеріліп, Бүркіт Ысқақұлы туралы отандық және шетелдік мұрағаттардағы жаңа деректерді жұртшылық назарына ұсынды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Жанна Үркінбайқызы мен Қарағанды медициналық университетінің профессоры Баян Ыбыраева қайраткер туралы баяндамаларын оқып, ұлт күрескерінің есімін ұлықтау мақсатында ой-пікірлерін ортаға салды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов ақын Бүркіттің қазақ поэзиясына ГУЛАГ тақырыбын әкелгенін айтты.
– Бүркіт Ысқақов қиын заманда тиым салынған тақырыптарды арқау еткен естелік, мемуарларын жазып үлгерді. Содан кейін, ол әдебиеттің проблемалық және саяси тұстарына тоқталған. Қуғын-сүргінді көріп келіп, сондай тақырыптарға бару – ерлік. Ғылымда да ерліктің небір үлгісі бар. 1964 жылы «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты еңбегі жарық көрді. Сол арқылы қасиетті топырақта өркениет көктегенін дәлелдеген. Қарағандыда ГУЛАГ тақырыбын қозғаған қаламгердің бірі – Жайық Бектұров еді. Хамза Абдуллин деген ақын да осы тақырыпқа барған. Біз айтып жүрген «тоталитаризм», «репрессия», «реабилитация», «халық жауы» деген саяси мәні бар терминдерді энциклопедияға енгізуде Бүркіт Ысқақовтың еңбегі зор. Сол арқылы ұлттың аспанындағы түнерген бұлттай болған заманды кескіндеген, – деді С.Жұмағұлов.
Ішкі істер министірлігінің полковнигі, 1941 жылы репрессияға ұшыраған Хамит Абдрахмановтың ұлы Жанат Абдрахманов Бүркіт Ысқақовтың сыртынан кімдер арыз жазғанын жария етті.
Мұнымен қоса, жас ғалым Әділет Жағыпардың ұлт қайраткері жайында жарық көрген тарихи-биографиялық кітабының тұсаукесер рәсімі кештің мазмұнын аша түсті.
Кеш соңында аудан әкімі Бақытжан Мұқанов ғалымдарға, әдебиеттанушыларға алғаусыз алғысын білдіріп, бірқатар азаматты марапаттап, сый-сияпат табыстады.
«О, Азия, ұлысың,
Ұлылығың құрысын.
Ұлылығыңды қайтейін,
Еуропаның құлысың…»,
деп жырлаған қайраткердің ақындығын тани алмай жатқандаймыз.
«Осы өлеңді Сәкен Сейфуллиннің «Азия», Ілияс Жансүгіровтың «Гималай» деген өлеңдеріне еліктеп жаздың», деген айыппен 30 жылға сотталғанында ақын 27 жаста еді. Отызға келмеген жасында шыншыл өлеңімен шоқ шашып, от бүркіген Б.Ысқақов заманының заңғары емес пе?
Конференция түйіні ақынның есімі Алаш қайраткерлерімен қатар аталып, кем ұлықталмаса, бүгінгі ұрпақ ұлт баһадүрінің есімін жадында жаттар еді деген ортақ мәмілеге ой біріктірді.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы