Өнер • 16 Қараша, 2024

Талайды таңдандырған талант

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арқа жеріндегі декоративтік қолданбалы қолөнер шеберлерінің бірі – Төлеуғазы Дүйсенбеков. Бұл кейіпкерімізбен Қарағандыда өткен «Ортеке» фестива­лін­де туындыларымен танысқан едік.

Талайды таңдандырған талант

Төлеуғазы бала кезінен ағаш­тан түрлі ою-өрнек жасауға аса құштар болыпты. Үйіндегілер туа біткен бұл қасиетін жетілдіру үшін баланың бетін қақпайды, бе­лін буады. Мектепке жүріп ағаштан ойып жасаған түр­лі дүниесіне ауылдастары таң­дай қағады екен. Өнерін әрі қа­рай шыңдауда оған мектебіндегі «Жас техник», «Натуралист» секілді үйір­мелер сеп болады.

Қолданбалы қолөнер шебері атанғанға дейін бірнеше жыл оқып, тоқиды. Алматыдағы атақты шебер Қалқаман Тілеухановтан көп тәлім алады.

«Алматыға арнайы барып, атақ­ты қолөнер шебері мен тео­рети­гі, кезінде елімізде тең­де­сі жоқ «Шеберлер ауылын» құр­ған Қалқаман Тілеухановтың шә­кірті болдым. Көп дүниені сол кісіден үйрендім. Ұстазыммен бірге қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке музей­лік мәртебесі бар заттар жа­са­ға­ны­мыз бар. Атақты шебер Қал­қаман ағаның жанында 15 жылдай жүргенімді мақтаныш санаймын», дейді Төлеуғазы Серікбайұлы.

а

Төлеуғазы шебер бүгінгі күні «Qarmet»-те ағаш шебері болып жұмыс істейді. Жұмысына жауапты ол қолы қалт етсе, үйінің аула­сындағы ұстаханада болады.

Ұста темірден нақыштама жасайды. Балқарағай ағашы мен қызыл ағашты, тасты, сүйекті, мүйізді өңдеп, оны көркемдеп, былғарымен қаптайды. Қолөнеріне Ақтоғай ауылынан арнайы әкелген тастарды да пайдаланады.

Шебер Қарағанды мен Темір­тау қалаларында өтетін көрме­лер­ді қалт жіберген емес. «Qar­met» кәсіпорнының басшылығы Тө­леу­ғазы шебердің дарынын ерекше бағалап, автокөлік сыйлаған.

Мұнымен қоса Төлеуғазы Серік­байұлы қазақтың ұлттық му­зыка­лық аспаптарын да шебер жа­сай­ды. Ұстаханасында тұр­ған бір­неше домбыраны қайта жаңғырту қажет дейді шебер. Ұстаханасында бұдан басқа тайтұяқ, қобыз секілді басқа да музыкалық аспап бар.

«Мен жасайтын дүниелерім­ді әуелі жүз ойланып, мың толға­нып ойда пісіремін. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, ойымда әбден пісіп-жетілгенде ғана кірісемін. Әрине, ол үшін қиялымдағы дүниенің жалпы сұлбасы қандай болаты­нын, оның дәуірмен үйлесімділігін ұмыт қалдырмаймын. Сонымен қа­тар тарихи кітаптарды оқып, өз та­ным-көкжиегімді кеңейтемін, ең бас­тысы, менің жаным сұлулық­қа, әдемілікке құмар, сондықтан қо­лымнан шыққан заттардың талғамы жоғары жұртшылықтың жүрегін жаулап алғанын қалаймын. «Абай жолын» бірнеше рет оқыдым. Сол арқылы хан тағы, сұлтандар отыратын орындық дүниеге келді», дейді шебер.

Иә, шебердің үлкен туындысы өзі айта өткен «Хан тағы». Оның әр фрагментін күмістеп, сүйектен жасаған.

Төлеуғазы шебер өз шығар­ма­шы­лығын тұрақты жетілдіріп жүреді. Ол үй жиһазының түр-тү­рін жасайды. Өз қолынан шыққан орындық, үстелдер үйінің ішіне ғажап әр беріп тұр. Одан бөлек, «Ортеке», «Биші елік» шекімесі, асық композициясы, тұрмыстық және балаларға арналған орындық, сонымен қатар ағаш төсекті де шебер шабады.

«Әрбір зат сырт көзге қара­па­йым көрінгенімен, егер көз тоқ­татып қараса, онда әрбір бұ­йы­мымнан ұлтымның ұлағаты мен па­расатын, тіршілігінің тынысын аң­ғаруға болады. Мен мұн­­дай дүние­лерді жасағанда ата-баба­лары­мыздың бойындағы арда қасиеттер мен бауырмалдықты, адам­гершілік пен даналықты, тұр­мыс-тіршіліктегі ұлттық на­қыш­тарды қоса өрнектеуге тырысамын», дейді Төлеуғазы шебер.

Жақында шебердің қалалық тарихи-өлкетану мұражайында қол­данбалы өнерге арналған жеке көрмесі өткен еді. Ұлттық өнерді ұлық­тап жүрген ол теміртау­лық­тарды өзінің шығармашы­лығы­мен таныстырып, ұмыт болып бара жатқан ұлттық нақыштағы өнер туындыларымен таныстырудан жалықпайды. Шеберханасы­на келген әр мейманды ерекше қарсы алатыны да содан.

Қолөнер шебері Төлеуғазы Дүй­сенбеков зерек шәкірт тәр­биелегісі келеді. «Осы бір ұлық өнерді лайықты жалғастыратын біреу ерсе, біз үшін мұраттың өш­пегені», дейді ол.

«Қаладағы өтетін фестиваль, бас­қа да мәдени кештерге арнайы қа­тысамын. Ел ішіндегі өнерлі аза­маттарды дәріптеп, қолдау көр­сетуге  дайынмын. Бірақ қазіргі жас­тардың ұлттық қолөнерге зау­қы соқпайды. Ауылдан келген Рах­метолла атты бір баланың құл­шынысы бар. «Келер жазда ке­ле­мін» деп кетті. Алдағы жазғы демалыс­та да қолымнан келгенді үйре­темін», дейді қолөнерші Төлеуғазы Серікбайұлы.

Төл туындыларымен талайды таңдай қақтырған Төлеуғазы шебердің қолынан шыққан барлық туынды, өзі айтпақшы ұлттық рухта сөйлейді. Қолөнер осылай сөйлесе ғана шебер мойындалады. Төлеуғазы Серікбайұлы – сөзсіз мойындалған талант.

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы