Құрылтай • 16 Қараша, 2024

Президент құттықтауын жеткізді

66 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада әлеуметтік кәсіпкер­лердің Еуразия құрылтайы өтті. Оған аталған бағыттағы әлем­дік көшбасшылар, ESG сала­сындағы жетекші сарапшылар, қоғам­дық және халықаралық ұйым­дар мен қайырымдылық қор­лардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшім­баев сөз сөйлеп, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Президент құттықтауын жеткізді

Мемлекет басшысының құттық­тауында әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайы белсенді, азамат­тық ұстанымы айқын, қоғамда игі құндылықтардың орнығуына атсалысып жүрген кәсіпкерлер, сарапшылар және көшбасшылар бас қосатын бірегей диалог алаңы екені айтылған.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік әлем экономикасының маңызды қыры саналады. Осы бағыттағы бастамалар инклюзивті орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын жақсарту ісінде ерекше рөл атқарады. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікке айрықша мән беріледі, оған жан-жақты қолдау көрсетіледі. Соның нәтижесінде бизнестің жасам­паздық пен жанашырлыққа негізделген осы түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Бұл саланың өкілдері түрлі мәселенің түйінін тарқататын иннова­циялық тәсілдер ұсынып жүр. Бүгінгі басқосуда да салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін. Форум Еуразия халықтары арасындағы серіктестікті нығайтуға серпін беріп, өзара ықпалдастықты арттыра түсері сөзсіз», делінген ел Президентінің құттықтау хатында.

М.Әшімбаев өз сөзінде қазір әлем­де уақыт өткен сайын әлеуметтік кәсіпкерлікке сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге бағытталған бизнес инвесторлар, мемлекеттік құрылымдар және жалпы қоғам тарапынан көбірек қолдауға ие. Бұл ретте еліміз де бизнес­тің аталған санатын орнықты дамудың ұлттық стратегиясының бір бөлігі ретінде мақсатты әрі жүйелі негізде қолдап, өркендетіп келеді. Сенат төрағасы Мемлекет басшысының бас­тамасымен осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жөнінде заңнама­лық өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Нәтижесінде, былтырдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне тіркелген компаниялардың саны айтарлықтай артқан.

– Әлеуметтік кәсіпкерлер өзекті қоғамдық мәселелерді шешу жолында мемлекеттің маңызды серіктестері екенін атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлер қызметінің құқықтық мәртебесін анықтауға және оған қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға жол ашты. Осыған байланысты әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қар­жылық, инфрақұрылымдық және консуль­тациялық қолдау алу мүмкінді­гіне ие болды», – деді палата спикері.

Дегенмен М.Әшімбаев атап өткендей, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бірқатар өзекті сын-қатер бар. Оларды еңсеру үшін кешенді жұмыс және барлық мүдделі тараптың іс-әрекетінде бірыңғай тәсіл қажет. Осыған байланысты Сенат төрағасы әріптестерін Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия аясындағы үш міндет төңірегінде бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

– Әлеуметтік кәсіпорындар көбіне гранттар мен қайырымдылыққа тәуелді. Сондықтан әлеуметтік жобаларды қолдау үшін микроқаржыландыру тетіктерін және басқа механизмдерді дамытудың маңызы зор. Оқыту және тәлімгерлік бағдарламаларын іске асыру әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың негізгі бағыттарының бірі бола алады. Сондай-ақ өңірлердегі әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорация­лары жанынан жұмыс істеуге қолай­лы кеңіс­тік ұсынып қана қоймай, консуль­тациялық қызметтерді, оқыту мен тренинг­терді және қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ететін арнайы инфрақұрылым қалыптастырғаны абзал. Парламент депутаттары осы және басқа да мәселелерді шешу үшін әлеуметтік кәсіпкерлермен, сондай-ақ барлық мүдделі тараппен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге мүдделі, – деді М.Әшімбаев.

Бұған қоса ол әлеуметтік кәсіпкерлер мен ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтардың бастамаларына одан әрі қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Құрылтай барысында ауылдарда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұсыныстар, сапалы білім мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті арттыруға қатысты бірлескен жобалар бойынша тың бастамалар және саланы одан әрі жетілдіруге арналған ұтымды пікірлер айтылды. Іс-шарада Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров, Ұлттық экономика министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің және Еуразиялық топ басшылығының өкілдері, сондай-ақ Ресейден, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және халықаралық ұйымдардан келген қатысушылар сөз сөйледі.

Айта кетейік, Еуразиялық құрылтай аясында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған түрлі форматтағы іс-шаралар, оның ішінде тақырыптық тренингтер, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу жоспарланған.