Халықаралық конференцияның мақсаты – ғылым, білім, медицина, биотехнология, химиялық технология, құрылыс, құрылыс материалдары, агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі технологиялары, механика, экология, табиғи ресурстарды рационалды қолдану, жаңартылатын энергия көздерін, энергия үнемдейтін технологиялар және IT технолоиясын пайдаланудағы зерттеулер нәтижесін талқылау.
Жиын барысында «Қазфосфат» ЖШС, «ҚазАзот» ЖШС, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Еуропалық комиссия, Путра Малайзия университеті, Шеньян химия-технологиялық университеті, И.Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университеті, Вулверхэмптон университеті, Эгей университеті, Иваново мемлекеттік политехникалық университеті, Беларусь мемлекеттік технологиялық университеті, Беларусь ұлттық техникалық университеті, «Мәскеу энергетика институты» Ұлттық зерттеу университеті, Д.И. Менделеев атындағы Ресейдің химиялық-технологиялық университеті мен Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институтының (техникалық университет) өкілдері баяндама жасап, заман талабына сай мамандар оқыту мен жаңа технологиялар жасаудағы техникалық жоғары оқу орындарының маңызы мен рөлі туралы салмақты сөз сөйледі.
Мәселен, Путра Малайзия университетінің ғалымы Мухаммад Мух Насир ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық технологияларды пайдаланудың артықшылығы туралы баяндады.
«Малайзияда 690 мың гектар күріш алқабы бар. Оларды суару үшін мол су керек. Сондықтан бұл жерде су үнемдеу технологиясын қолдану өте маңызды. Ал оны біз гидрологиялық модельдеу арқылы іске асырып жатырмыз. Мұнда жерасты сулары, жауын-шашын мөлшері, өзен-көлдердің су толымдылығы бәрі-бәрі ескеріледі», деді ол.
Жалпы, Путра Малайзия университеті Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан бұл елде ең үздік алғашқы 5 жоғары оқу орындарының қатарына кірсе, дүниежүзілік университеттер рейтингінде 158-орын алады.
Бұдан бөлек, Ислам Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің өкілі Гүлнара Ихтиярова аталған техникалық жоғары оқу орнының мүмкіндігі туралы әңгімеледі. Бір ғасырдан астам тарихы бар университетте геология, бағдарламалау, цифрландыру, жасанды интеллекет, баламалы қуат көздері сынды мамандықтар бойынша студенттер білім алады. Сонымен бірге Жапонияның іргелі оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Соның нәтижесінде студенттер аталған университеттен бөлек Күншығыс еліндегі жоғары оқу орындарында да білім алып, тәжірибе жинайды. Университеттің ендігі мақсаты – әлемдегі ең озық жоғары білімді мамандар даярлайтын оқу ордаларының қатарына ену.
Сондай-ақ конференция аясында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан, Ислам Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік және Дмитрий Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеттері арасында химиялық технология бойынша академиялық хаб құру туралы меморандумға қол қойылды.
ШЫМКЕНТ