Қоғам • Бүгін, 14:47

Қазақстанда алғаш рет аутизмі бар балалар велоспортпен айналыса бастады

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Игілікті іс «Самұрық-Қазына» АҚ қолдау көрсеткен «Велоспорт - баршаға» жобасының арқасында қамтамасыз етілді.

Қазақстанда алғаш рет аутизмі бар балалар велоспортпен айналыса бастады

Астанада ерекше қажеттілігі бар 30 балаға велоспортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік туды. Оларға киім-кешек, құрал-жабдық, велосипедтер мен көліктер сатып алынып, «Сарыарқа» велотрегінде жаттығулар ұйымдастырылды.

Жоба аясында 16 қарашада Қор басшылығы мен балалардың бірлескен жаттығуы өтті.

1

«Жаттығуды жақында ғана бастасаңыздар да, қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жатырсыздар. Команданың бір бөлігі Астана құрамасына енгенін білемін. Ал тәлім алушылардың бірі Дастан Ордабай* Францияда өткен беделді жарыста күміс жүлдегер атанғанын естіп қуандық», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Нұрлан Жақыпов, сондай-ақ Қор ерекше балаларды тәрбиелеу мен әлеуметке ықпалдастыруға қатысты жобаларды үнемі қолдайтынын баса айтты.

2

«Біз оңалту орталықтарын, мектептерде инклюзия кабинеттерін, тегін спорт секцияларын ашып, ауылдарда спорт алаңдарын, өңірлерде ірі спорт кешендерін салып жатырмыз. Осылайша біз спортты балаларға қолжетімді еткіміз келеді», деді Қор басшысы.

«Велоспорт аутизмі бар балалардың күш-қуаты мен төзімділігін, эмоционалдық көңіл-күйін жақсартып қана қоймай, қоғамда әлеуметтенуіне зор септігін тигізеді. Біздің мақсатымыз балаларды тек жаттықтыру ғана емес, оларды халықаралық жарыстарға шығару және елімізде пара велоспортты дамыту», деп атап өтті «Velolegend» қорының жетекшісі Махаббат Өтегенова.

Ол іс-шара қорытындысында балаларға 30 велосипедтің сертификаты мен жаңа көліктің кілтін табыс етті.

Дастан Ордабай (аутизм спектрінің бұзылуы байқалған) 13-14 қыркүйекте Францияда өткен Virtus Cycling Open Time Trial жарысында 17,3 шақырымдық жекелей жарыста күміс жүлде жеңіп алды.