17 Маусым, 2015

Елімізде уран банкі орналасады

437 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
17-06-2015-uran banki 011991 жылдың 29 тамызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны мәңгіге жабылған болатын.  Қазақстан бастамасымен БҰҰ аталған күнді Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Енді­гіде ағымдағы жылдың тамыз айы­ның соңында Қазақстан мен МАГАТЭ арасында төмен байы­тылған уран  (ТБУ) банкін құру туралы келісімге қол қою ядролық сынақтарға қарсы iс-қимылдың халықаралық күнi қарсаңында агенттiктiң бас директоры Юкио Аманоның қатысуымен өтедi деп жоспарлануда. Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында талқыланған «Кепілдендірілген жеткізулерді қамтамасыз ету. Төмен байытылған уранды мүше мемлекеттерге жеткізу үшін МАГАТЭ ТБУ банкін құру» тақырыбы аясында белгілі болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты ядролық қаруға  қарсы халықаралық қозғалыс көшбасшысы ретінде бүкіл әлем танитыны баршаға белгілі. Елбасының осы саладағы  маңызды бастамаларының бірі – Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру болатын. Бұл ұсыныс халықаралық қауымдастықта  кең қолдау тауып, үстіміздегі жылдың 11 маусымында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Басқарушылар кеңесі Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді және Ресеймен транзиттік келісімді бекітті, деді Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Барлыбай Садықов. Сонымен қатар, оның айтуы бойынша, МАГАТЭ-мен келіссөздер төрт жыл бойы барлық мүдделі ұйымдарды тартумен жүргізілді. ТБУ банкін құрудағы негізгі мақсат – МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттерге ядролық отынға қол жеткізу кепілін қамтамасыз ету.  Сондай-ақ, аталған банктің құрылуы еліміздің халықаралық беделін арттырып,  ядролық қаруды таратпау тәртібі мен жаһандық қауіпсіздікті нығайтады. Келесі кезекте сөз алған Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары  Тимур Жантикин Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттiк Қазақстандағы Ядролық банктiң қорын биылдан бастап толтыруды бастай алатындығын айтты. Бұл жобаны жүзеге асыру бойынша дайындық жүргiзiлiп жатыр. Банк жұмысы мен қауіпсiздiгi МАГАТЭ ұсыныстарына сәйкестендiрiлуде. Төмен байытылған уранды сату үдерісіне шығу екi жыл алуы мүмкiн, деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар, ТБУ банкі Өскемен қаласында орналасқан Үлбі металлургия зауыты аумағында орналастырылмақ. Кәсіпорын барлық қажетті технологиялар мен білікті кадрларға және ядролық отын циклі саласындағы мол тәжірибеге ие екендігіне айрықша тоқталған Т.Жантикин банктiң құрылуы барша әлемде уранды бейбiт мақсатта қолдануға мүмкiндiк беретінін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, жиында жобаның қаржыландырылуы ерікті жарналар есебінен МАГАТЭ жинаған 150 млн.долларға тең және де МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін құру Қазақстанның саяси және технологиялық мүдделеріне сай екендігі, ТБУ МАГАТЭ-нің барлық талаптарына лайықты және еліміздің ядролық өнімінің сенімді дәрежесін нығайтатын заманауи нысан болатындығы сөз болды. Айта кетерлігі, аталған банкті құру біздің елдің ядролық материалдармен жұмыс істеу стандарттарын жетілдіруге, халықаралық қадағалаумен қазақстандық кадрлар дайындығын одан әрі нығайтуға жол ашпақ. Сондай-ақ, Қазақстан және МАГАТЭ сарапшыларының бағалауынша, банктің Өскемен қаласында орналасуы экология және тұрғындар үшін қауіпсіз. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар