Аймақтар • 19 Қараша, 2024

Аудандар алға басса, ел өркендейді

45 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Ақжар аудандары кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыда едәуір алға басып келеді. Өндіріс, кәсіп көлемі артып, өнім түрлері ұлғаюымен қатар, тұрғындардың әл-ауқаты да жақсара түскен.

Аудандар алға басса, ел өркендейді

Айыртау туризм орталығы болуға лайық

Аудан еңбеккерлері биыл 375 мың гектар жерден дәнді, майлы, мал азықтық дақылдар жинады. Негізгі бөлігі – 286 мың гектары дәнді дақылдар. Гектар берекелігін 18,5 центнерден айналдырып, аудан диқандары барлығы 530 мың тонна астық алды. Майлы дақылдардың жалпы көлемі 49,4 мың тонна болды. Еңбеккерлер биылғы күздің ұзаққа созылған жайлылығын пайдаланып, астық алқаптарында сүдігер көтеруді де 100 пайыз орындап шықты.

2024 жылы ауыл шаруашылығы саласы әртүрлі бағдарламалар арқылы Үкіметтен айтарлықтай қаржылық қолдау алды, бұл аграрлық секторды нығайтуға, өндіріс тиімділігін арттыруға, жоғары өнімділікке қол жеткізуге ықпал етті.

«Нақты айтатын болсақ, осы көмектің арқасында астық алқаптарына 23 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізілді, 6,3 млрд теңгеге машина-трактор паркі 254 техникамен жаңаланды. Оның ішінде жоғары өнімділікті 140 жаңа техника, оның 34-і комбаин, 30-ы трактор, сондай-ақ лизингпен 121 бірлік техникалар алынды, 5 мың тоннадай жоғары сұрыпты тұқым сатып алынды», дейді аудан әкімі Мейрам Меңдібаев.

Үкіметтің көмегі қатарындағы «Кең дала» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 268 млн теңгеге 6 шаруашылық қаржыландырылса, ал «Кең дала-2» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 183 млн теңгеге 10 шаруашылық қаржыландырылды. «Іскер» бағдарламасы арқылы 20,5 млн теңге несие берілді. Орақ науқанына 4 600 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Ауданда мал шаруашылығы өнім­дерінің көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл 4 100 тонна ет, 27,4 тонна сүт, 7,6 млн дана жұмыртқа өндірілген. Бұл ретте 650 қара малы бар «Арна» шаруа қо­жалығы, 938 қара мал ұстайтын «Әдемі Астық» ЖШС, 534 қара малы бар «Борисфен» ЖШС тұрақты түрде жақсы көрсет­кіштерге қол жеткізіп келеді. «Айыр­тау групп» ШҚ қой өсірумен айналысады. Олардың қарамағында 1 800 тұяқ «Гемпшир» атты асыл тұқымды қой бар.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биылғы 9 айда 13,5 млрд теңге болған. Соның 50,1%-ы кәсіпкерлердің өз қаражаты, бюджеттен бөлінген қаражат 31,9%, қарызға алынғаны 18% құрайды. Іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қатарында «Агро Елецкое» ЖШС-ның 33,4 мың тонна көкөніс сақтай алатын қоймасын атауға болады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда жаңадан 30 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Өнеркәсіп өндірісі былтырғы 9 аймен салыстырғанда сәл төмендеп, 4,6 млрд теңгенің өнімін шығарған. Соның 82,7%-ы өңдеуші өнеркәсіптің үлесінде. Ауданда 24 кәсіпорын азық-түлік өнімдерін шыға­рады.

Өңірде туризм саласы тұрақты даму үстінде. Аудандағы «Ботай», «Қызыл оба», «Айғанымның қыстауы», Ш.Уәлихановтың музейі, «Қарасай мен Ағынтайдың мұ­ражай кешені» сияқты орындар турис­тер тартады. Кейінгі 3 жылда туристердің келуі 2 есеге артты. 2024 жылы олардың саны 100 мыңнан асты. Қазір ауданда тәулігіне 4000 адам қабылдай алатын 46 туристік нысан жұмыс істейді. Жыл сайы­н туризм саласында жұмыспен қамту артып келеді, 2024 жылы ғана 224 адам жұ­мыспен қамтылған. Былтырдан бері 500 млн теңге инвестицияға 5 демалыс аймағы жаңартылған. Туристерді тарту барысында ауданның инфрақұрылымын, соның ішінде жолдарды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Былтыр 1,5 млрд теңгеге 39,3 шақырым жол жөнделсе, биыл «Шалқар су» санаторийінің, «Солнечное ВИП» демалыс аймағына баратын «Арман», «Тұрпан» орындарының 6,4 шақырымдық кіреберіс жолдары жөнделген.

Аудандағы «Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Есіл» бағытындағы көпір­лерді жөндеуге бюджеттен 3,8 млрд теңге қарастырылып игерілген. Сондай-ақ 71 шақырымдық «Саумалкөл – Сырымбет – Қарақамыс – Светлое» бағытына 3 млрд теңге бөлінген, жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Халықты әлеуметтік қолдау аясындағы жұмыстар да жанданып келеді. 1 қазандағы мәліметке қарағанда ауданда 645 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл барлық еңбекке жарамды халықтың 3,6%-ы. Ұлттық жоба аясында ауданда халықтың әлеуметтік осал топтарына 32,5 млн теңге сомасына бизнес-идеяларды іске асыруға 22 грант беріліпті. Берілген гранттар туристік қызметтерді дамыту, ешкі сүтін, жиһаз өндіру, дәнекерлеу жұмыстарын көрсету, т.б. қызметтердің түрлі бағыттарын қамтиды. Іске асырылған бизнес жобалардың ішінде Гүлнәр Жүсіпованың қонақтарға киіз үйлерді жалға беруін, көпбалалы ана, Қытайдан келген қандас Оразбай Балғынның ұлттық киімдер тігу өндірісін атап өтуге болады.

Кәсіптік оқудан 28 адам өтіп, оның 24-і жұмысқа орналастырылған. Бұл шаралар аудан тұрғындарының біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту мәселелерін шешуге мүмкіндік берген. Қаңтар-маусым айларында аудандағы орташа айлық жалақы 269,7 мың теңгені құрап, өткен жылғы деңгейден 7%-ға жоғары болған.

Ауданда 44 мектеп бар, оларда 4 819 бала оқиды. Мектепке дейінгі 43 мекемелерде 1071 бөбек тәрбиеленеді. Аудан орталығы Саумалкөл мен мектептері жоқ ауылдардың 465 оқушысын күн сайы­н 19 автобус мектепке жеткізеді. Кейінгі төрт жылда жаңадан 11 автобус алынған. Биыл бірнеше оқу орындарына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Айыртау ауданында медициналық көмек көрсететін 58 емдеу мекемесі, бір аудандық аурухана бар. Медициналық қызметкерлер саны 279, соның 49-ы дәрігер, 230-ы орта дәрежедегі медициналық қыз­меткерлер. Тоғыз маман бойынша меди­циналық қызметкерлер жетіспейді.

Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ауданда туберкулез сырқатына ұшырағандар саны 20,7%-ға, онкологиялық ауруға тап болғандар саны 1,6%-ға азайған.

Ауданда 55 мәдениет мекемесі, 179 спорттық нысандар бар. Саумалкөл ауылында ашық хоккей кортының құрылысы аяқталды.

 

Ақжар да артта қалған жоқ

Аудан диқандары биыл гектар бере­келігін 17,5 центнерден айналдырып, 392,5 мың тонна астық жинады. Майлы дақылдардың гектар өнімділігі 5 центнерден болып, 17,1 тонна өнім алынды. Үкіметтің қолдауымен диқандар егіс алқаптарына 19,6 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізіп, 3 мың тоннадай элиталық тұқым сіңірді. Жыл басынан бері 2,7 млрд теңгеге 116 жаңа техника мен құралдар сатып алынды.

«Жыл басынан бері қолданылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 7 200 гектар жер қайтарылды, оның 470 гектары егіс алқаптары, 6 731 гектары мал жайылымдары. Белгіленген жоспар 7 мың гектар еді, біз оны 104,3% орындадық», дейді аудан әкімі Рүстем Елубаев.

Пайдаланылмай жатқан жер көлем­дерін мемлекетке қайтару жұмыстары әлі де жалғасады. Биылғы жылдың 9 айын­да 62 мың гектар жер алып, пайдаланбай отырған 11 шаруашылыққа ескертпелер жасалған. Оларға жер салығын 20 есе арттыру қарастырылып жатыр. Сонда 85 млн теңге салық түсетін болады. Оның 21,4 млн теңгесі биылғы жылдың аяғына дейін түспек.

Ақжар ауданының жері тастақ, құм, балшық, қиыршықтас сияқты құрылыс материалдары мол. Аудан аумағында жоғары сапалы қиыршықтас өндіретін 7 кәсіпорын, кварцтық құм өндіретін 2 өндіріс орны бар. Биылғы жылдың 9 айын­да 1 млрд 500 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 122,5%-ға артық. Биыл ауданда құрылыс тастарын өңдейтін «Промщебень», «Akzhar mining» ЖШС ашылды. Олар тиісінше 60 мың, 300 мың текше метр тас шығарып, өңдейді.

2024 жылға арналған тұрғын үйді іске қосу жоспары 2 860 шаршы метрді құрайды, 10 айда 2 471 шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді. 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 6 574,7 млн теңгені құрады немесе өткен жылға нақты көлем индексінен 78,7% артық.

Ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасына сәйкес биыл Ақжар ауданындағы Ақжарқын, Бос­тандық, Восход, Кіші Қараой ауылдарында медициналық пункттер ашу жұмыстары қолға алынды. Қазір Ақжарқын ауылын­дағы медициналық пункттің жұмысы аяқталуға жақын, қалғандарында 90-95 пайыз жұмыс атқарылды. Бұл төрт медпунктке бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 802 млн теңгеден артық.

Аудандағы «Горьковское» ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық клубтың құрылысы аяқталды. Оны Алматы қаласынан келген мердігер «АсарҚұрылысСервис» ЖШС 132,7 млн теңгеге тұрғызды.

Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 713,5 шақырым. Соның ішінде «Көкшетау – Кішкенекөл – Бидайық – РФ шекарасы» бағытындағы жол республикалық, қалғандары облыстық, аудандық маңызға ие. 2024 жылы облыстық, аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге 3 млрд теңгедей қаражат бөлініп, 10 жоба іске асырылды. 19,8 шақырымдық кентаралық жолдарды жөндеуге 742 млн теңге, 45 шақырым аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 1,7 млрд теңге, 15 шақырым облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 1 млрд теңге қаражат жұмсалған.

Аудан аумағындағы 24 елді мекеннің ішінде Айсары, Ақсай, Тұғыржап ауылдарынан басқасының бәріне сапалы ауыз­су жеткізілген. Орталықтандырылған су көзіне қол жеткізбеген осы үш ауыл ауыз­суды жергілікті құдықтардан алады.

2024 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес ауданда жұмыссыз жүрген 1048 адам жұмысқа орналастырылған. Бұл бел­гі­ленген жоспардан артық. Соның 375-і жаңадан ашылған жұмыс орындарының есебінен нәпақасын тапты. Атаулы әлеу­меттік көмек алатын 45 отбасы мүше­лерінің саны – 214 адам. Оларға 9 айда 16,3 млн теңгенің көмегі берілген.

Аудан аумағында 24 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Сонымен бірге 26 мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелер бар. Барлық мектептегі оқушы саны екі мыңнан асады. Биылғы оқу жылында мектептерге 19 жас маман орналастырылды. 2023–2024 жылғы оқу жылын ҰБТ бойынша ең жоғары ұпаймен Жаңаауыл орта мектебінің түлегі Аяулым Белгібаева аяқтады. Ол мүмкін болған 140 ұпайдың 135-ін алды. Екі үміткер «Алтын белгі», 5 түлек үздік аттестатқа ие болды. ҰБТ тапсырған 82 оқушының 72-сі жоғары оқу орындарына түскен.

Ауданда бір орталық аурухана, 4 ФАП, 18 медпункт бар. Жоғары білімді дәрігердің саны – 23, орта дәрежелі медициналық қызметкер саны – 112. Ауданға окулист, хирург мамандықтары жетіспейді.

Ақжар ауданында 28 мәдениет нысаны – 10 мәдениет үйі, 18 ауылдық кітапхана бар. Аудандық мәдениет үйі жанында Смағұл Сәдуақасов атындағы тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Горький ауылында жаңа ауылдық клубтың құрылысы аяқталды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы