Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің еліміздің кандидатурасын 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету бойынша Арнайы елшісі Бағдат Әміреев Джибути Республикасында болып, онда осы ел президенті Исмаил Омар Гуллехпен кездесті.
Кездесу кезінде Б.Әміреев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Джибути Президентіне жолдауын табыстап, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқаратын болашақ қызметінің басымдықтары туралы хабардар етті. Басымдықтар қатарында, атап айтқанда, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мен БҰҰ-ның бітімгершілік әлеуетін арттыру, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, ядролық қарусыздану, халықаралық құқықтың үстемдігі, орнықты даму мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да мәселелер аталды.
Достық рәуіште айтарлықтай уақытқа созылған әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың экономика мен мәдениет салаларындағы, сондай-ақ, БҰҰ, Африка одағы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен басқа да құрылымдар аясындағы көп деңгейлі қарым-қатынастардың перспективалары атап көрсетілді.
Б.Әміреев, сондай-ақ, Джибути Президентін 2017 жылы Астанада ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі өтетінінен құлағдар етіп, Джибути басшылығы мен компанияларын аталған көрмеге белсенді қатысуға шақырды.
Б.Әміреев пен И.Гуллех арасындағы кездесуге Джибути Республикасының Сыртқы істер министрі М.Юсеф пен Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративті Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Джибути Республикасында елшілік қызметті қоса атқарушы Ерлік Әли қатысты. Аталған дипломаттар енді екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту үшін жұмыс істейтін болады.
«Егемен-ақпарат».