Несие • Бүгін, 09:35

Тауар несиесі – табыс көзі

32 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтарды заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын ойлауға ынталандыру мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін айтты. Осы орайда Үкіметке былтыр басталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Тауар несиесі – табыс көзі

Сурет: ru.freepik.com

Былтырдан бері 20 мыңға жуық ауыл тұрғыны 2,5%-дық жылдық мөл­шер­лемемен жалпы сомасы 100 млрд теңгеден астам шағын несие алып, кәсіп ашқан. Ауылды көтерудің жаңа драйвері саналатын аталған жобаға 2029 жылға қарай 1 млн ауыл тұрғынын қатыстырып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет аталған мақсатқа 1 трлн теңге көлемінде қаражат бөлу қарастырылып отыр. Былтыр осы қолайлы мүмкіндікті пайдалануда Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрғындары ерекше белсенділік танытып, жобаға бөлінген бүкіл қаржының жартысына жуығын алды.

Алайда биыл «Ауыл амана­тының» іске асырылу барысы көңіл көншітер­ліктей емес. Жыл басынан бері жос­пар­лан­ған 100 млрд теңгенің небәрі 7 млрд теңгесі ғана иесін тапқан. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсен­баевтың пікірінше, мұның бір­неше себебі бар. Біріншіден, облыс әкімдері аталған жоба бо­йынша берілетін несиенің қайтарылу кепілі болғандықтан, көпшілігі тәуекелге барудан бас тартып отыр. Екіншіден, жобаға қатысушылардың бәрі бірдей таңдаған кәсібі негізінде оқытылмайды. Мұнсыз бәсекеге қабілетті өнім шығару қиын. Осыны ескеріп, Жамбыл облы­сы­ның Меркі ауданында арнайы оқыту орталы­ғы ашылған. Енді осы тәжірибені басқа өңірлерге тарату қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының биылғы Жол­дауында Үкіметке берген нақты тап­сыр­­масы да бар. Үшіншіден, жобаға қатысқан ауыл тұрғындары өсір­­ген өнімдерін сата алмай, қиын­­дық көріп жүр. Мысалы, биыл оңтүстік өңірлердің шар­уалары құлпынайдан жақсы өнім алғанымен, оны тиімді бағамен сата алмады. Себебі нарықты шетелден әке­лін­ген, бағасы арзан құлпынай басып алған.

Отандық шаруалар өнімін қайта өңдеуге, ұзақ сақтауға қажетті инфра­құры­лым бол­маған­дықтан, өзіндік құны­нан арзанға сатуға мәжбүр болды. Соның салдарынан шаш-етектен шығын­ға батты. Енді олардың алған несие­лерін қа­шан қайтаратыны белгі­сіз. Төр­тін­шіден, «Ауыл амана­ты» жоба­­сына бұрын алған не­сиелері бойынша берешегі бар азаматтар қатыса алмайды. Шынтуайтында, мемлекет­тік қолдауды бірінші кезекте қажет ететін ауыл тұрғындары – солар. Осыған орай депутаттар Үкіметке «Ауыл аманаты» жобасын жетілдіруді, соның ішін­де ауыл тұрғындарына өз өнім­де­рін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құруды және Прези­дент­тің тапсырмасына сәйкес «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Ауыл» партиясының Мәжі­­лістегі фракциясының Серік Егізбаев бастаған депутат­тары Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне бөлінетін қаржының 70 пайызы – мемлекет қаржысы екендігіне байланысты Үкіметке тауар несиесін беру тәсілін кеңінен қолдануды тапсырғанына қол­дау білдіріп отыр. Өйткені бұл мәсе­лені шешуде «Ауыл» партиясы мүше­лерінің қазірдің өзінде жинақтаған оң тәжіри­бесі бар. Ақтөбе облысының Алға ауданындағы «Жансая» шаруа қо­жалығы мұқтаж жерлес­теріне қоса, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақ­стан облыс­тарының шаруаларына 640 асыл тұқымды жылқыны тауар несиесі ретінде таратып берген. Ал Шалқар ауданындағы «Нұралы» шаруа қожалығы 4 мың қойды жерлестеріне несиеге берген. Бұған қоса, ірі қараны да тауар несиесі ретінде бере бастаған. Бұл ретте айта кететін жайт – тауар несиесін алушылар екіжақты шарт бойынша 5 жыл ішінде жыл сайын алынған төлдің 50 пайызын несие берушіге қайтарып отыруға міндеттенген.

Қазіргі бюджет қаржысының жетіс­пеу­шілігі жағдайында тауар несие­сін беру мемлекет қа­ражатынсыз іске асыры­латын­дығы маңызды. Бұл шара ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақ­сар­туға бағытталғаны да сөзсіз. Сон­дық­тан да «Ауыл» партиясы қазір қолын­да барын жұртпен бөлісіп жүрген кәсіп­кер­лерге мем­лекет тарапынан қолдау көр­сетіп, олардың өз бизнестерін одан әрі толыққанды жүргізуіне жағдай жасау қажет деп санайды. Осы мақсатта Үкіметке ақтө­беліктер тәжірибесін жан-жақты зерделеуді және республика бойын­ша тауарлық несие беруге ниет білдіретін кәсіпкерлердің тізімін жасап, оларды ынталандыру тетігін әзірлеуді ұсынып отыр.

Осы орайда тауар несиесін беруді Сол­түстік Қазақстан об­лы­сындағы «Зен­ченко және К» коммандиттік серіктес­тігінің бас директоры, Қазақс­танның Еңбек Ері Геннадий Зенченко бұдан он бес жылдай бұрын бастап, Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының тұр­ғындарына өзара тиімді шартпен мал таратып бергені есімізге түсті. Ал белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуат Есімханов 2020 жылы коронавирус пандемиясы басталған кезде ауылдағы ағайынның хал-жағдайын ойлап, өзі бір кезде қызмет істеген Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы аудандардың әкімдеріне телефон соғып, ауылдардағы жұмыссыз отбасыларға құс балапандарын несиеге үлестіріп беруді ұсынғаны жадымызда. Өзі болса, мал шаруашылығымен айналысатын жерлестерінен бірнеше бұзау сатып алып, туған аулындағы кедей отбасыларға тегін таратып берген еді. «Елім!» деп өткен есіл ерлердің игі бастамалары бүгінгі алмағайып заманда жалғасын тауып жатса, халқымыздың құт-берекесі ортаймасы анық.