Алматы • 19 Қараша, 2024

Шаһар жарығы – қауіпсіздік кепілі

75 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қаланы жарықтандыру көптеген функцияны орындайды: айналаға жылылық пен жайлылық береді, қаланың көркем келбетін, сәулет туындыларын айшықтай түседі. Дегенмен оның басты міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сапалы жарықтандыру қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының ықтималдылығын төмендетеді. Осы тұрғыда агломерация есебінен күн сайын құлашын жайып келе жатқан Алматы қаласында көшені жарықтандыру жүйесіне ерекше мән беріледі.

Шаһар жарығы – қауіпсіздік кепілі

Тапа-тал түсте шамдар неге жанып тұрады?

Қаланың қауіпсіздігі мен орнықты дамуын арттыру мақ­са­тындағы атқарылып жатқан жұмыста жетістіктермен қа­тар күрмеулі мәселелер де бар. Айталық, талай көшеге жарық тартылып үлгермей жатқанда, қаланың келесі жағында күндіз жанып тұрған шамдар жұрттың жүйкесіне тиетіні сөзсіз. Көше шамдары күндіз неліктен жанып тұратынына «Алматы қала жарық» мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорнының (АҚЖ) басшысы Игорь Мысик түсі­нік берді. 90% жағдайда бұл ке­лең­сіздік шамдарды ауыстыру, желілерді тексеру, үзілген, күйген жерлерді анықтау сынды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты көрі­неді.

Мекеме басшысы қаланы сыртқы жарықтандыру ісі аудан­дық әкімдіктерге берілгеннен кейін жұмыс әлдеқайда жедел­де­ге­нін айта келіп: «Қазір 40-тан астам жөндеу бригадасы тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында өтініштерді қарау мерзімі бір­неше есе қысқарып, әрі кетсе екі апта уақыт алады. Бірақ тапсырманы одан да тезірек орындап жатырмыз», деді.

Ең бастысы, бүгінде «АҚЖ» сапасыз әрі арзан шамдарды сатып алудан бас тартып отыр. Себебі белгілі, арзанның сорпасы татымайды, тез күңгірт тартып, күйіп кетеді. Дегенмен И.Мысиктің айтуынша, бұған дейін сапасыз дүниені тасыған компаниялар тендерге қайта қатысуға тырысып жатыр екен.

«Осындай жағдайда тендер нәтиже­сі­мен алысуға тура келетіндіктен, біз сотқа жүгініп жүргенде, қоймадағы шам­дардың түгесіліп қалатын кездері болады. Сондықтан кейде тұрғындардың өтініштерін уақтылы орындай алмай жатамыз», дейді мекеме басшысы.

 

Жыл басынан бері 82 учаскеге жарық тартылды

Қалай десек те, бүгінде Алматыда көшені жарықтандыру жөнінен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. 5 мыңнан астам ескі шамдар жаңа жарықдиодты шамдарға ауыстырылып, LED шамдар әлдеқайда жарық әрі ұзаққа шыдайды, электр қуатын да азырақ қажет етеді.

«Алматы қала жарық» МКК биыл жазда республикалық, жергілікті маңызы бар тарихи, мәдени ескерткіштерді де жарықтандыру жұмыстарын жүр­гізді. Сол сияқты 28 гвардия­шы-панфиловшылар атындағы саябақта да ауқымды жұмыс атқарылып, алты шақырымнан астам жаңа желі тартылды, 470 шам ауыс­тырылып, 450 автоматты ажыратқыш орнатылды. Әрбір шам мен прожекторды қосудың егжей-тегжей кестесі бар саябақты жарықтандыру жүйесінің пас­порты жасалды.

2024 жылғы қаңтардан бас­тап «Алматы қала жарық» компаниясы үш компания­дан тұратын консорциум мемлекет-жеке­меншік әріптестігі шарты жөніндегі өз міндеттерін орындамағаннан кейін қаладағы жарықтың басым бөлігіне жауап береді. 2023 жылдың жазында қала әкімі Ерболат Досаев жеке серіктеспен шартты бұзып, бар­лық желілерді аудан әкімдік­терінің теңгеріміне беруді тапсырды.

Биылғы 9 айда АҚЖ бригадалары бұған дейін шам бағаналары бол­маған аулаларға, көшелер мен тұйық көшелерге жарық желілерін жүргізіп, қараңғы 82 учаскені жарқыратты. Мәселен, Бостандық ауданында 13 учас­кеде, Алмалы ауданында – 21, Жетісуда  11 учас­кеде жұмыс жүргізілді. Мысалы, Брусиловский көше­сінде Абай даң­ғылынан Қарасай батырға дейін 32 жаңа шам бағанасы орнатылды. Клубная, Есенәлиев көшелері мен «Восточка» ТК бағытында 12 бағана орнатылды. Қазыбек би көшесінде Байтұрсынов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін оңтүстік жағында жарық мүлдем болмаған. Қазір 21 ба­ғана орнатылып жатыр, оған екі шам қо­йылды, енді тротуар мен жолға жарық түсіп тұрады.

Жарықсыз аймақтарды инс­пекторлар көше мониторингі, аудан әкім­діктері мен «АҚЖ» кәсіпо­рнына түсетін тұрғын­дар­дың өтініштерін саралау арқылы анықтайды.

«Қала тірі ағза сияқты, өзге­реді, өседі, үнемі дамып оты­рады, оған жаңа аумақтар қосы­лады, қала ішінде де құрылыс бар. Мысалы, бір кездері жер бос жатқан, оның орнына бизнес-орталық немесе тұрғын үй кешені салынған. Осы құрылысты орындау­шылар жобалау кезінде сырт­қы жа­рықтандыру желілерін өткізуді кейде ескермейді, сөйтіп жарық­сыз аймақтың санын арттырады. Егер біздің кәсіпорын құ­ры­лысты жоспарлауға, бақы­лауға қатысуға тартылса, онда мұндай учас­келердің саны бір­ден азаяды. Әзір­ге тек қолда­ныстағы жарықтандыру желі­ле­ріне қызмет көрсетеміз», дейді И.Мысик.

Сол сияқты бір кездері Алматы облысына кіретін, кейін қалаға қосыл­ған аудандарға әлі де толық жарық жүр­гізілмеген. Мысалы, Наурызбай ауданының тау бөктерінде, Қарағайлы шағын ауданында бір көшеде ғана 11 жаңа жарық нүктесі орнатылды. Ауданда барлығы 16 учаске болды, оларды жарық­тан­дыруға қосымша жүзге жуық тірек орнатылды.

 

Мектептер маңы жарықтандырылды

Оқу жылы басталғанға дейін «Алматы қала жарық» аудан әкімдіктерімен бірге барлық білім мекемелерінде жа­рықты тексеріп, жарығы сөніп қалған жерлерге жарық тартылып жат­қан­дық­тан, қазір тұрғындар тарапынан нара­зылық азайды десек те болады. Бұған бір жағынан жоғарыдағы мекемеде штаттың ұлғаюы та септесіп отыр.

«Мектептердің айна­ла­сын­дағы қа­раң­ғы көшелер туралы шағымдарға келетін болсақ, бұл наразылық көбінесе көше жарығы ешқашан болмаған мектептерге қатысты туындады. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, біз шұғыл түрде жаңа желілер жүргізіп, бағаналар, тіректер, шамдар орнатып, желі тартып шықтық. Әуезов ауданында осындай жеті мектеп болса, оқушылар қараңғы жерлермен жүрмесін деп, бұл аумақты ішкі жағынан ғана емес, 250 метр радиуста да жарықтандырдық. Басқа аудандарда да дәл осындай жұмыс атқарылды», деді И.Мысик.

 

25 мыңнан астам шам ауыстырылды

Осылайша, 2024 жылы Алматыда 25 мыңнан астам шам ауыс­тырылып, 250 шақы­рымнан астам кәбіл тартылып, 1800 тірек орнатылды. Шамамен шаһарда 6 мың көше бар болса, оның қазірде 85%-ына жарық толық орнатылды.

Қазір қалада жұмыс істеп жатқан 40 бригада жаңа шамдарды орнатумен қатар, ескі же­лілерді де қалпына кел­тіру­мен айналысады. «Мысалы, бір көшеде белгілі бір учаске істен шығады, біз оны жөндейміз, ал бірнеше күннен кейін сол сияқты ақау басқа жерде пайда болады, содан бүкіл көше қайтадан жарықсыз қалады. Осыған байланысты тұтас аудандардың жарықсыз қалғаны туралы шағым түсіп жатыр», дейді мекеме басшысы.

Қорыта айтқанда, биылғы қаңтар айынан бастап мега­по­лис­тің жарқырап тұру міндетін мойнына алған «Алматы қала жарық» мекемесінің атқарған тірлігін қала тұрғындары да көріп отыр. Бұған дейін бұл іске үш компаниядан тұратын жеке консорциум – «ABM-Building 2007» ЖШС, «Электроремонт» ЖШС, «ABM-Project» ЖШС жауапты еді. Өкінішке қарай, бұл консорциум жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыра алмағанын жоғарыда атап өттік. Қалған шаруа, бұрынғы олқылықтар мен кемшіліктерді түзету шаралары «Алматы қала жарық» компаниясына мұраға қалып тұр.

 

АЛМАТЫ