Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орта Азияда баспа саласына мамандар даярлап отырған бірден-бір оқу орны. Семинардың ашылуында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев семинарды өткізуге арнайы келген Франкфурт кітап көрмесі өкілдеріне құрмет білдіріп, алдағы уақытта Frankfurter Buchmesse өкілдігін Алматыда ашу мәселесіне тоқталды.
Әлемге әйгілі Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Орталық Азиядағы алғашқы семинарының Алматы қаласында, ұлттық университетте өтуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әлемде болып жатқан, баспа ісі саласындағы жақсы тенденция мен соңғы жаңалықтарды Франкфурт кітап жәрмеңкесінің сарапшыларымен бірге талқылау, пікір алмасу осы салада жүрген мамандардың біліктілігін арттырып, кәсібилігін шыңдай түседі, – деді ректор.
Іс-шара барысында сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының шетел делегациясына зор ықыласын жеткізді.
«Бүгінгі жиын барлық кітапсүйер қауымның айтулы мерекесі. Франкфурт кітап жәрмеңкесінің бес ғасыр уақыттан бері үздіксіз өтіп келетінін жақсы білеміз. Баспа машинасын ойлап тауып, адамзат дамуына өлшеусіз үлес қосқан Иоганн Гутенбергтің отанындағы осындай ұйымның кітап дамуына жүйелі үлес қосып отыруы үлкен құрметке лайық, озық дәстүр. Франкфурт Еуропаның кітап астанасы ретінде әлемдік кітап сататын орталығына айналып, баспалар мен баспаханалардың халықаралық ынтымағына жол ашып келеді. Германияның федералды сыртқы істер министрлігі мен Франкфурт кітап жәрмеңкесінің демеушілігімен Орталық Азияда алғаш рет баспа ісінің өзекті мәселелеріне арналған екі күндік семинарды өткізуді қолдаған Frankfurter Buchmesse президенті Юрген Босс мырзаға арнайы алғыс білдіргім келеді. Өйткені Франкфурт кітап жәрмеңкесі өкілдерінің Алматыға келуі еліміздегі баспагерлер, кітап таратушылар үшін маңызды оқиға. Семинардың сала мамандарына зор әсері болатыны анық.
Құрметті кітапсүйер қауым, өздеріңізге мәлім болғанындай, Мемлекет басшысы «Кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек» деген мақсатты Ұлттық құрылтайда айқындап беріп, озық ойлы ел болудың тиімді жолы кітап екенін айтты, кітап оқуға, кітаптан тәлім алуға және кітапханалардың дамуына мән беруге шақырды. Президент өз сөзінде «Кітапхана мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін тарихи құнды деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деген болатын. Бүгінгі семинарда кітап шығару, өндіру, таратумен қатар қандай кітап жазу керектігі де айқындалады. Семинардың өтуіне тілеулеспіз. Рухани қазынамыз молая берсін», деп атап өтті Мәлік Отарбаев.
Семинардың ашылуында Frankfurter Buchmesse президенті Юрген Босс Орталық Азияға алғаш ат басын бұрып отырған делегацияның Алматы қаласынан алған әсерін жеткізіп, Қазақстанның баспагерлері, қаламгерлермен осы саладағы тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендігін білдірді. Кітап индустриясын дамыту және әдеби диалогты ынталандыру үшін осындай іс-шаралардың маңыздылығын айтып, сондай-ақ Франкфурт кітап жәрмеңкесі мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықтың дамитынына сенім білдірді.
Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли сөз сөйлеп, құрметті маймандарға жылы лебізін білдірді.
Франкфурт делегациясы құрамында келген Mertin Witt әдеби агенттігінің негізін қалаушы Николь Витт, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің халықаралық жобалар менеджері Беттина Бек, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің негізгі клиенттерін басқару және сату жөніндегі менеджері Владка Купска, цифрлық басылымдар бойынша консультант, сарапшы Герман Эккель арнайы лекция оқып, «Nomad Culture Foundation» қоры директоры Баян Қабылаш «Авторлық құқықтар мен лицензияларды сатып алу және сату», «Франкфурт кітап жәрмеңкесі және оның шақыру бағдарламалары», «Frankfurt Connect және Frankfurt Rights» платформасында сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты.
Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар ассоциациясының президенті Әділ Қойтанов, Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының кафедрасының меңгерушісі, профессор айгүл Рамазан, доцент, аға оқытушысы Қоңыр Мұқатаева баспагерлік және баспа ісіне мамандар даярлау туралы баяндаса, Кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Сәлменбаева кітап көрмесіне қатысты баспагерлер сұрақтарына жауап берді.
Әлем елдері баспагерлерін бір алаңға жинайтын Франкфурт жәрмеңкесі Қазақстан қаламгерлері, баспагерлері, полиграфистері мен кітап таратушылары үшін кітап жазу, шығару, тарату ісіндегі заманауи жаңалықтарды игеріп, ықпалдасуға мол мүмкіндік береді.
Семинарға «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп», «Фолиант», «Раритет», «Arman-Pv», «Qasym kitap», «Отбасы хрестоматиясы», «Amalbooks» баспасы мен кітап сатушылар қоғамының өкілдері қатысып, Франкфурт жәрмеңкесі тәжірибесіндегі баспагерлік, полиграфия жетістіктері жайындағы заманауи жаңалықтармен бөлісіп, пікір алмасты.
Биыл Франкфурт кітап көрмесінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан стенді ұйымдастырылып, 300-ден астам баспа өнімдері қойылған болатын. Айтулы шараға әлемнің 150-ден астам елінен 200 мыңнан астам кітап сүйер қауым қатысты.
АЛМАТЫ