“Тек өзіңнің сүйікті ісіңді тауып, оны жақсы етіп жасауға ұмтылу керек”. Петропавлдағы өзі аттас жиһаз кәсіпорнының негізін қалаушы кәсіпкер Владимир Левиннің дағдарысқа қарсы дәруі міне осындай.
Владимир Давыдович өзінің сүйікті ісін бұдан жиырма жыл бұрын, атап айтқанда, 1989 жылы бастаған еді. Ол алдымен жиһаз өндірісінде маман болып істеді. Ал қазір кәсіпкердің бизнесі дамудың жаңа серпініне ие болды. Қазкоммерцбанктен алған несие қаржыландырудың сапалы секірісін қамтамасыз етті. Ол “Самұрық-Қазына”, “Даму” мемлекеттік қорларымен келісім шеңберінде жүзеге асты. Бұл қорлар өңдеуші өнеркәсіп саласында істейтін кәсіпкерлерді қаржыландыруға машықтанған. Кәсіпкерге отандық бизнесті дағдарысқа қарсы қолдау мақсатында бөлінген төртінші транштың шеңберде 32 миллион теңге мөлшерінде несие берілді.
– Владимир Давыдовичтің кәсіпорны бізге жақсы таныс, – дейді “Қазкоммерцбанк” АҚ Петропавл филиалының директоры Талғат Сұлтанғазин. – 2007 жылдан бастап жиынтықты, жұмсақ және ағаш жиһаз өндіріп, сатумен айналысатын “Левин” ЖК Қазкомның клиенті болып табылады. Бізге кәсіпкердің іскерлік мақсаткерлігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі өте ұнайды. Ол әркез алға қарай ұмтылып отырады. Өзінің жеке үйінің бірінші қабатын шеберхана етіп жабдықтаған Левин, 1991 жылы бес жалдамалы жұмысшымен бірге жеке өндірісінде станоктармен ағаштан алғашқы бұйымдар жасауды бастады. Содан бері кәсіпорын өсіп, өркендеді. Іскер жан жекеменшік дүкендер ашты. Қазіргі таңда өзіндік технологиясы бар бәсекелестікке қабілетті өндіріс орны екені баршаға аян. Кәсіпорын толық тізбекті өндіріске ие. Ол өнім өндіруден бастап дайын бұйымдарды сатуға дейін ауқымды жұмыстар атқарады. Мынаны атап айтқым келеді, “Левин” ЖК Солтүстік Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік ауқымдағы ағаш жиһаздарын өндіретін жалғыз өндіруші. Кәсіпорынның ерекшелігі тек дербес тапсырыс бойынша жиынтықты жиһаз жасауға маманданғанын атап айтқан жөн. Бұл оның фирмалық белгісі. Тұрғындар жиһаз жасаушылардың бұйымдарын тұтынуға ерекше құштар, өйткені өнім жоғары сапасымен ерекшеленеді. Әзірге тапсырысшы тарапынан шағым түсіп көрген жоқ.
Кәсіпорын жиһаздың сан алуан түрін жасайды. Атап айтқанда тұрғын, кеңселік және салонға арналған тәрізді көз жауын алатын бұйымдар еліміздің түрлі өңірлерінде өтімді. “Левиннің” өнімі Петропавлда ғана емес, сондай-ақ Жезқазғанда, Павлодарда, Қарағандыда, Астанада, Көкшетауда, Ақтауда, Степногорда сұранысқа ие.
Әрине, несие алу кәсіпкерге үлкен қолдау болғандығын банктегілер мақтанышпен айтады. Қазір несиелік ресурстарға қолжетімділік қиындай түскен. Оны алу үшін алдымен өндірісті өркендету, сондай-ақ айналымдағы қаржыны барынша тиімді жұмсау тәрізді талаптар қойылған.
– Берілген несие бойынша мөлшерлеменің талабы да қатаң, бірақ оның жеңілдетілген шарттары да бар, деп сөзін одан әрі жалғады “Қазкоммерцбанк” АҚ Петропавл филиалының директоры Т.Сұлтанғазин мырза. – Мәселен, біз негізгі берешекті өтеу бойынша 24 айлық кезеңге жеңілдік береміз. Осылайша, кәсіпорын қажетті жабдық алуына, оны орнатып, жұмысты бастауына болады. Сонымен бірге өнім шығарып, табысқа кенеле бастайды. Ал кепілге қою мәселесіне келетін болсақ, ол заемшыға банктің стандартты жағдайында беріледі. Тағы да мынаны атап өткім келеді, банкке де өндірістік сектор қызықты, өйткені ол отандық өнімді өндіріп, нақты өндіріс құрайды. Біз өндірістік бизнесті белсенді түрде несиелейміз және де мемлекеттік бағдарламаға қатысушы ретінде өндірісшілерге күрделі кезеңді еңсеріп, дағдарыстан нығайып шығуына мүмкіндік береміз.
Владимир Давыдович берілген несиені бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін тетік ретінде ерекше бағалайды.
– Қазкомға және “ДАМУ” қорына несиені қайта қаржыландыру мүмкіндігі үшін үлкен рахмет. Төмендетілген мөлшерлеме бойынша несиені төлеу едәуір жеңілдей түсті, деп кәсіпкер Левин мойындайды. – Әйткенмен, біздің кәсіпорын дағдарысты сезінбей қалған жоқ. Қазкомның және “ДАМУ” қорының арқасында біз алдағы күндерге деген сенімімізді жоғалтпай, жұмыс орындарын сақтадық. Тұтынушыларға қажетті жиһазды өндіруді тоқтатқан жоқпыз. Оның қолжетімді бағаға және жоғары сапаға ие болуына күш-жігерімізді жұмсадық. Төккен теріміз текке кетпеді. Кәсіпорынның жұмысы қазіргі таңда қалыпты. Өз ісіңе сенсең, алынбайтын қамал жоқ екен. Және де жақсы әріптестер жаныңнан табылып жатса, кез келген жағдайда, жаңа жоспарлар құрып, жүзеге асыруға болады. Мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау деп осыны айтқан абзал.
… Міне осылайша, Левиннің ісі дағдарысты бірте-бірте еңсеріп келеді.
Динара ҮСІПОВА.