Көне қаланың күйреуі арқылы мәңгі тақырыптарды қозғаған картина Еуропада мадақ пен марапатқа ие. Одан алған әсерін ақындар – өлеңге, музыканттар – әуенге, режиссерлер – киноға айналдырды. Суреттен басталған өнердегі «домино эффектісі» ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тіпті Помпей аттас компьютер ойыны да бар екен. Осының барлығы көне Рим шаһары атағын аспандата түсті.
Помпей эффектісі
Ал б.з. дейінгі 79 жылы күлдің астында қалған көне Помпей – қазір туристер ең көп баратын, мысалы, былтыр 4 млн астам турист келген, жылына 20 млн еуродай кіріс әкелетін әлемдегі табысты заманауи мәдени ошақтардың бірі. 2027 жылы «Италияның мәдени астанасы» атануға үмітті.
Сол аймақта тарихы Помпейге ұқсас тағы бір бағзы шаһар – Геркуланум бар. Биыл онда көп ғимараттар, жәдігерлер Помпейден әлдеқайда жақсырақ сақталғанын көрдім. Бірақ көпшілік бұл қаланы біле бермейді.
Яғни көне шаһарға дем беретін, оны жандандыратын – өнер. Ал тарихи ескерткішке ең үздік жарнама – көркем туынды. Мысалы, Римдегі Треви субұрқағы туристердің ырымдап салған тиындарынан былтыр 1,6 миллион жинапты. Өйткені бұл жер көпшілікке атақты кино шедеврлар – Феллинидің «Тәтті өмірі» мен Одри Хепберн ойнайтын «Рим каникулдары» арқылы танымал.
Өнердің жоғалғанды қалпына келтіріп, өткенді – бүгінге, асыл мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізетін ғана емес, тарихи орынды кіріс көзіне айналдыратын да құдіреті бар.
Елімізде де тылсым тарихына әлем қызығатындай қаншама ежелгі қалашықтар мен құнды ескерткіштер бар! Солардың бірі – Ұлы Жібек Жолы бойындағы, ортағасырда Бағдаттан кейінгі ірі қала саналған, сол кезде сұлулығы мен сән-салтанатымен тамсандырған Сарайшық.
Сарайшық – бабалар мұрасы
Тарихы жұмбақ пен ақтаңдаққа толы Сарайшықты көркем сурет арқылы жаңғырту – тың әрі сан қырлы бастама. Өйткені онда өнер, мәдениет, тарих, туризм сияқты түрлі сала элементтері тоғысады.
Осы мақсаттағы «Сарайшық – бабалар мұрасы» жобасы мәресіне жетуде дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана филиалының төрағасы Лариса Алдаберген. Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы қолдауымен жүзеге асқан жоба аясында осы өңірдегі танымал мүсіншілер мен графикалық суретшілердің қатысуымен шеберлік сыныптары, семинарлар ұйымдастырғандарын айтты ұйым жетекшісі. Бұл іс-шараларға 200-ден астам адам қатысып, сурет өнері шеберлері тәжірибесімен танысқан.
Суретшілер көне Сарайшық қалашығына барып, графика, мүсін және кескіндеме бағытында көне шаһар мен оның бағзы тарихын бейнелейтін картиналар салған. Олар пейзаж, тарихи көркем сурет, графика, абстракция, символика элементтерін пайдаланған. Арнайы көрмеге 50-ден астам жұмыс қойылып, олар каталогке топтастырылған. Байқау аясында үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар жарияланған.
Көне шаһарлар мен оның тарихи мұрасын көркем өнер арқылы ілгерілету – мәдени дипломатия мен бабалар мұрасын дәріптеу құралы. Көптеген ел сурет өнерін көне қалаларының тарихы мен мәдениетіне назар аударту, оған туристер тарту, мемлекеттік имиджін жақсарту, тіпті мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО мұрасы тізіміне ензігу үшін де пайдаланған.
Ауқымды жобалар арнасы қазақтың көне, тарихи шаһарлары, әсіресе Ұлы Жібек жолы бойындағы қалашықтар мұражайлары арасында тұрақты байланыс орнап, ортақ бастамаларды бірге қолға алса, бұл ұлттық мұрамызды сақтау мен оны ілгерілетуде ауқымды ұлттық жобаға айналар еді.
Ал көне мәдениет ошақтарын насихаттауда дәстүрлі бейнелеу өнері түрлерімен қатар заманауи форматтар – цифрлы сурет өнері, онлайн галереялар, инсталляциялар, видео-арт, стрит-арт және перфоманстарды пайдалану жастардың, сонымен бірге шетелдік суретшілердің тарихи мұрамызға қызығушылығын арттырады.
Сонымен бірге жобаны ауқымды ету жолы – көне тарихи шаһарларын сақтап, оны өнер арқылы көркейтіп отырған Италия, Грекия, Франция, Жапония, Түркия сияқты елдермен әріптестік байланыс орнатып, келісімге келу, бірлескен жылжымалы көрмелер, арт фестивальдар өткізу. Қазақ суретшілерінің тарихи көркемсурет жанрындағы үздік суреттерін еуропалық галереяларға шығару да басқа мемлекеттер назарын Қазақстанның тарихы тұңғиық қалаларына аудартар еді. Бұл – бір жағынан еларалық мәдени байланысты нығайтудың жолы.
Суретшілердің халықаралық резиденциясын, мысалы, Сарайшық маңында ұйымдастырып, шетелдік және отандық суретшілердің ортақ өнер зертханасын жасау қазақ тарихы мен мәдениетін әлемге насихаттауға жол ашады.
Сарайшық – Еуропа мен Азияны байланыстырған, саяси, сауда-экономикалық қана емес, мәдени қарым-қатынаста да маңызды қала болды. Онда осы дәстүрді өнер мен білім арқылы қайта жаңғыртқан абзал. Ұлттық Арт Қала (ArtQala-AQ) ағартушылық идеясы ауқымында көне қалаларда, оның ішінде алдымен Сарайшықта AQ интеллектуалды арт-платформасын ашуға болады.
Ортақ алаңда әлемдегі білім мен инновациялар, трендтер, көне шаһарлар бойынша тарихи-мәдени құнды деректер қазақстандықтарға жетсе, қазақтың өнері мен тарихы, оның ішінде көне қалалар мұрасы басқа мемлекеттерге таныстырылады. Бұл – бір жағы өнер мен мәдениетке қатысты ілімді көпшілікке түсінікті форматта жеткізу әрі кеңінен тарату идеясы. Әсіресе қазіргідей мәдениет – ойын-сауыққа, өнер – «попсаға» айналған кезеңде жастарды ойландыратын, таным көкжиегін кеңейтетін қазақ тіліндегі контент қажет.
Өйткені мәдениеті озық, рухани құндылықтары мығым, қоғамы саналы мемлекеттің экономикасы да берік, тәуелсіздігі тұғырлы болмақ.
Айжан Көшкенова,
журналист