Тұлға • 20 Қараша, 2024

Терминтану тамыршысы

218 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл тіл білімінің тарландары, үш құрдас – Әбду­әли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбай сынды әйгілі акаде­мик­тердің ғасырлық тойы бас­талып кетті. Үшеуі де Ахмет Бай­тұр­сынұлы атын­­дағы Тіл білімі институтында тапжылмастан жар­ты ға­сыр­дан астам қызмет етіп, саналы ғұмырын туған тіл­­дің дамуына арнаған еді. Міне, осындай тұғырлы тұлға­лар­мен бірге еңбек етіп, тәлімін бойына сіңірген ғалымның бірі – Шерубай Құр­ман­­бай­ұлы.

Терминтану тамыршысы

Қатардағы аспирант­тан Ұлттық ғы­лым акаде­мия­сы­­­­ның ака­­­де­мигіне дейін, кіші ғылыми қыз­меткерден А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директорына дейінгі атақ-лауа­зым­ға қол жеткізіп, қазақ тіл білімінің дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан академик Шерубай Құрманбайұлының қазақ терминологиясына арналған еңбектерінің орны ерекше.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлт тілінің терминологиялық лексикасы қалыптасып, оның дамуына даңғыл жол ашылғаны белгілі. Кеңес одағының құра­мын­да болғанда терминология саласы дамымады деп ауызды құр шөппен сүртуге де болмас. Ол кезеңде де сөздік қоры­мыздың молайғаны, терминоло­гия мәселелеріне арналған моно­гра­фиялық еңбектер жарық көріп, диссертациялар қорғалғанын айналып өтіп кете алмаймыз. Бірақ «әр дәуірдің өз заңы бар» дегендей, терминология елдің саяси-қоғамдық, мәдени-ағартушылық, ғылыми-техникалық дамуына байланысты жаңа сөздер және атау­лармен толығып салалық терминологияны қалыптастыру үдерісі орыс тілінен және сол тіл арқылы келген кірме терминдердің өзгертілмей айтылуы мен жазылуы міндеттелген қағидаттарды бұлжытпай орындау тұрғысында кеңестік жүйе айқындаған жолмен жүргенін айтқанымыз абзал.

Бұрынғыдай Мәскеуге жал­тақ­тамай, қазақ тілі мем­лекеттік мәр­тебе алған тұста, ұлт тілінің терминологиясын жан-жақты дамытуға, рет­теуге, қалыптастыруға, кеңі­нен қолдануға жаңа көзқарас қағи­­датын ұсынған академик­тер Әбдуәли Қайдар, Өмір­зақ Айтбайұлы қатары тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы жылдары Шерубай Құр­ман­байұлы сынды жас терминолог ғалымдармен то­лықты.

Ғалымның шығармашылық ауқымы кең әрі әр алуан. Оның қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, терминология, лексикология, терминография, сөзжасам, лексикография, тіл мәдениеті, ономас­тика мәселелеріне арнал­ған екі жүзге жуық ғылыми мақа­ла­лары, оның ішінде жиырма шақ­ты моно­гра­фиялық еңбегі, оқу­лықтар мен оқу құралдары, сөз­дік­тері жарық көрді.

Шерубай Құрманбайұлының бар күш-жігерін сарп етіп зерттеп келе жатқан саласы терми­но­логия мәселелеріне ерекше тоқталуымыздың өзіндік се­бе­бі де бар. Ғалымның ғы­лыми жұрт­шылықтың назары­на ілі­гіп, жоғары баға алған еңбек­тері­нің қатарында «Қазақ лек­си­ка­сының терминденуі» атты моно­графиясының орны бөлек. Отыздан енді асқан жас ға­лымның Алаш ардақ­ты­лары А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдай­бер­діұлы, Х.Досмұхамед­ұлы, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, М.Жұма­байұлы, Ж. Аймауытұлы, С.Қожан­ұлы, Е.Омарұлы, Т.Шо­нан­­ұлы, Н.Төреқұлұлы, Қ.Жаленұлы еңбектерін зерделеп, ХХ ғасырдың 1910–1930 жыл­­­дардағы қазақ терминоло­гия­­­сының қалып­­тасу кезеңінің бас­­­тапқы кезін­де жарық көрген ғы­­­лымның әр саласындағы жұмыс­тарға терең үңілу­д­ен бас­тауын аға буын өкілдері құп көрді.

Алғашқы ұлт оқулықтары салалық терминологияның қалып­тасу көзі болғанына, А.Бай­тұр­­­сынұлы бастаған қазақ зиялы­ла­рының термин жасау­дағы басты ұста­нымына, шет тілдерден термин қабылдау мәселесіне ғалым ерекше көңіл бөледі. ХХ ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалып­тастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы, яғни қазақ терминологиясының тұңғыш ғылыми қағидаттарын жасаушылардың бірі, қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалаушысы – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін білім-ғылым тілі ету жолында тер төккен еңбектерін терең талдауын ғылыми орта жылы қабылдады. «Ең алдымен термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерінен алу; ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда, оларды басқа туыстас түркі тілдерінен алу; жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілдің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек; қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық сөзді дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек» деген терминологиядағы Алаш идеясын айқын көрсетіп, мән-мағынасын ғылыми түрде талдау жасау негізінде, ХХ ғасырдың 10-жылдарынан бас­тап ғылым мен техниканың түрлі саласы бойынша қазақ тілінде оқулықтар жазылып, қазақ баспасөзінің ел арасына ғылым-білімді кеңінен насихаттауы – ғылыми терминология­ның қалыптасуына негіз болға­нын, А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ оқығандарының термин шығармашылығында ұстанған қағидаттары терминологиялық лексиканы ұлт тілі негізінде жа­сауға бағытталғанын зерделейді.

Міне, осы Алаштың термино­ло­гиялық лексиканы ұлт тілі негізінде жасау бағытын бағ­дар­шам етіп алған академик Шерубай Құрманбайұлы ұлт­тық терминологияның ең бас­ты ерекшелігі ретінде қазақтың байырғы сөздерін кәдеге жарату, жалпы халық тілінің сөз байлығын сарқа пайдалану және халықаралық деп аталатын тер­миндерді ұлт тіліне аудару, жазу мен қабылдауда қазақ тілінің термин шығармашылығындағы рөлін арттыру керектігін ғы­лы­ми еңбектерінің өзегіне ай­нал­дырған.

Қазақ тіл білімінің көрнекті аға буын өкілдері Ә.Қайдар, Ш.Сары­бай, Р.Сыздық, Б.Қали­ұлы, Б.Сағындықұлы, А.Жұба­нов, Ж.Әбуов, т.б. Шеру­бай Құрманбайұлының моногра­фия­лық еңбектеріне оң баға берді. Ғалымның «Қазақ лекси­ка­сының терминдену үрдісі» атты доктор­лық диссертация­сына оппоненттік еткен академик Шора Сарыбай оның «Терминологиялық өріс-тер­миннің өзіне тән барлық қасиетін сақтай алатын оның өмір сүру аймағы болып табылады. Терминнің белгілі бір терминологиялық өріске қатысты болуы – оның қандай да бір терминологиялық жүйенің мүшесі болғандығы, оны термин ретінде танудың және өзге салалардың терминдерінен ажы­ратудың басты белгілерінің бірі. Сондықтан терминнің табиғатын тануда оны өзі қатысты болатын терминологиялық өріс­пен байланысты қараудың маңызы зор», дей отырып, оның тың тұжы­рымын жоғары бағалағанын ғылыми орта ұмыта қойған жоқ. Ал ака­демик Әбдуәли Қайдар қазақ лексикасының тер­минденуін, қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік ерекшеліктерін, терминологияны дамытудың ғылыми қағи­даттарын, терминжасам, тер­­­ми­налмасым, түркі тілдеріне ортақ терминдер қалыптастыру, терминдерді біріздендіру мәсе­лелерін жан-жақты зерттеп келе жатқан Ш.Құрманбайұлы ізденісін тілге тиек еткен. Ол – терминтану саласында тер төгіп, тынымсыз ізденіп, жемісті еңбек етіп келе жатқан қаламы қарымды, өте еңбекқор ғалым. Жалпы, термин, терминология мәселелері – Ш.Құрманбайұлының ғылыми шығармашылығының негізгі арқауы» деп, зерттеуіне ақ жол тілеген еді.

Ака­демик Ш.Құр­ман­­­бай­­ұлы­ның «Термин­танушы құралы» атты сөздік-оқулығының орны ерекше. Бұл еңбектің ерекшелігі – тү­­сін­­­­­дір­­ме сөздіктің қызметін қатар атқа­руында десек те болады. Тер­миндердің анықтамасымен қатар оған қосымша мысалдар арқылы түсініктер берілуі – білім алушының ғылыми ұғымдарды тез игеруіне мүмкіндік туғызары сөзсіз.

Ғалымдардың назарын аудар­ған, шығару форма­тымен де, мазмұнымен де айрықша еңбек – «Қазақ терминологиясы» атты кітабы. Мұнда «Қазақ лексикасының терминденуі», «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары», «Алаш және терминтану (ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясының дамуы)» атты монографиялары мен «Терминтанушы құралы» атты оқулық-сөздігі және қазақ терминологиясының бір ға­сырдан астам уақыт ара­лы­ғын­­дағы зерттелуін көр­се­тетін «Тер­минологиялық әдебиет­тер­дің библиографиялық көр­сет­кіші» атты зерттеулері бір кітап­қа топтастырылған. Атал­ған көр­сеткіште еліміздің ғалым­дары жазған ғылыми мақалалар, моно­гра­фия­лық еңбектер, қорғал­ған кан­ди­даттық және док­торлық ­диссертациялар, тер­ми­нологиялық сөздіктер мен жинақ туралы толық мағлұмат бар. Тер­минологиялық жұ­мыс­тармен шұ­ғылданып жүр­ген ғалымдар­ға, сала маманда­рына, докторанттар мен магис­трант­тарға бұл еңбек таптырмайтын, кәдеге жарар кітапқа айналды. Жарық көрген еңбек авторларының аты-жөні, тақырыбы, шыққан жылы көрсетілуі ізденушілердің өзін қызықтырған сала бойынша материалды оп-оңай табуына мүмкіндік береді.

Академик Ш.Құрманбайұлы – ғылыми жұмыспен қатар, еліміз­дің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді атсалысып жүрген тұлға. Үкімет жанындағы терминология комиссиясының мүшесі, Тіл комитетінің басшысы ретінде кезінде қоғамды толғандыр­ған терминология мәселелері жөнінде ұсыныс-пікірлерін, атап айтқанда, Үкімет­тік комиссия шешімін шығарғанға дейін қыруар жұмысты дайындай алатын, білікті мамандардан тұратын әрі тұрақты жұмыс істейтін мамандандырылған құрылым керектігі туралы және өзге де өзекті мәселелер туралы биік-биік мінберлерден мәлім еткенін талай естігенбіз. Сондай-ақ автор­ларының бірі санала­­­тын Мемлекеттік терминология­­­лық жұмыс тұжырымдамасы­­ның қабылдануы – ғылыми және қолданбалы мәселелерін зерделеген зерттеулер қатарын арттыруға септік еткенін айтқа­нымыз абзал.

Ұлт тілінде термин жасау­дың маңызына, туған тіліміздің термин шығар­машылығына араласуын тежеп келгенімізге тоқталған ғалым «Енді мем­лекеттік мәрте­беге ие болған кезде оны термин қабылдаушы тіл қатарына қал­дырып, ғылыми атауларды өз тілімізде жасауға тосқауыл қойып тұқырта бергеннен не ұтамыз? Керісінше, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, терминжасам қабілетін арттыру, ғылым мен өзге де арнаулы салалардағы қызметін кеңейту ғылыми қауымның, ұлт зиялыларының төл міндеті болуға тиіс», деп мәселе көтеруін – терминологиядағы Алаш идеяларын жалғастырып, адалдық танытып келе жатқан терминологтің замандас әріптестерге үндеуі деп қабылдаймыз.

Ендеше, туған тілді тұғы­ры­на қондыруда, мемлекет­тік тіліміздің мәртебесін өз деңгейіне көтеруде атқарылар алуан түрлі іс-шара ортасынан табылып, ұлттық терминологияны қалыптастырудың ұйыт­қысына айналған акаде­мик­тің ғылымдағы жолы, ізденісі, ұстанымы жас буынға өнеге екені анық.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі, академик