Медицина • Бүгін, 08:58

Қаржы жоқ па, әлде қанағат жоқ па?..

59 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отандас­та­­рымыздың әл-ауқатының артуы, денсаулық сақ­тау ­саласында жүзеге асырылған реформалардың нәтижесінде былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты. Соған қарамастан, еліміздегі медицина ұйымдарының жұмысында әлі де кемшілік көп. Мұның себебін Денсаулық сақтау министрлігінің (ДСМ) ­басшылары салаға бөлінетін қаржының жеткіліксіздігімен түсіндіріп жүр.

Қаржы жоқ па, әлде қанағат жоқ па?..

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақ­­­­стан: заң мен тәртіп, эконо­ми­­ка­лық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында денсаулық сақ­тау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлін­ге­німен, оның нәтижесі әлі көрін­бей отырғанын сынады. Нау­қастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес.

«Бюджеттің мүмкіндігі мен мін­деттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемле­кет­тік тапсырыс алатын меди­ци­на мекемелерінің бәріне то­лық бақылау жасалуын және мәлі­мет­тердің шынайы болуын қам­та­масыз етуі қажет. Үкімет осы мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді биыл Жоғары аудитор­лық палата (ЖАП) жүр­гіз­ген тексерістер де айғақтады. Мәселен, өткен жылы еліміздегі нәресте мен ана өлімін азайту жөніндегі нысаналы индика­торларға қол жеткізілген жоқ. Сәбилер қызылша, көкжөтел, жедел респираторлық вирустық инфекция сияқты аурулардан шетінеген. Әйелдер жүк­тілік кезінде өршіген әр­түрлі дерттен және білікті дәрігерлердің жетіспеушілігінен туындаған акушерлік кінәдан қайтыс болған. Ал «Зерттеулер, тал­дау және тиімділікті баға­лау» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі жүргізген әлеуметтік сауалнама денсаулық сақтау ұйымдары ұсынатын медициналық қызмет­тің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың қанағаттану деңгейі жоспарланған 73 пайыздың орнына іс жүзінде небәрі 56,5 пайыз болғанын көрсеткен.

ЖАП «Әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қоры» коммер­ция­лық емес акционерлік қоға­мының (ӘМСҚ) және оның өңір­лік филиалдарының 2022-2023 жыл­дардағы қызметінің тиім­ді­­лі­гіне жүргізген мемлекеттік аудит­ нә­тижесінде Ұлттық қордан бө­лін­­ген 50 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі немесе 26 пайызы иге­рілмегендігі анықталды. Бұған қоса, ӘМСҚ есебінен және нау­қастардың өз есебінен медици­налық қызметтерге қосарланған ақы төлеуге жол берілген. Ста­цио­нарлық көмек бойынша 1,7 млрд теңге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңге, сто­матологиялық клиникалар­дың қыз­меті бойынша 2,1 млрд тең­ге артық төленген. Тіпті ше­тел­­ге тұрақты тұруға кеткен аза­мат­тардың атына дәрі-дәр­мектер рәсім­делген. Аудит қоры­тын­дысы бойынша, рәсімдік бұзу­шы­лық­тардың жалпы сомасы – 32 млрд тең­ге­ден астам, ал тиімсіз пай­да­ла­ныл­ған қаражат – 31,1 млрд теңге.

Сондай-ақ ЖАП ДСМ мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйым­дармен қамтамасыз ету қызметінің тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудит барысында «СҚ-Фармация» ЖШС жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40 пайыздан 365 пайызға дейінгі жоғары бағамен сатып алғанын әшкереледі. Бұдан мемлекетке келтірілген залал – 8 млрд теңгеден астам. Оның үстіне, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңгеге сатып алынған препараттардан бас тартуына әкеліп соққан. Салдарынан 279,5 млн теңгенің дәрі-дәрмегі жарамдылық мерзі­мінің өтуіне байланысты есептен шығарылған. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік аудиттер жүргізу нәтижесінде әшкереленген заң бұзушылық фактілері бойынша материалдар одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына жолданған.

Пайымдап қарасақ, денсаулық сақтау саласында былтыр ғана ондаған млрд теңге қаражат құм­ға сіңген судай болып, тиімсіз жұмсалған. Кемшілікке кеңшілік жасалмауы үшін ДСМ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде, ең алдымен, Президент Жолдауында айтылған сыннан тиісті қорытын­ды шығаруға, Үкіметке беріл­ген тап­сырмаларды бұлжытпай орын­дауға тиіс. Алайда ми­нистрлік бүгінде «Қазіргі тариф меди­ци­налық-санитарлық ал­ғашқы көмекті ұйымдастыру кезін­де жедел медициналық көмек бөлімшесінің барлық шығы­сын толық жабуды қамтамасыз етпейді. Қаржы­ландырудың жет­кіліксіздігі салдарынан тәулік бойы жұмыс істейтін бригадаларды ұстаудың тиімсіздігі байқалады. Бұл креди­торлық берешектің пайда болуына әкеледі» деген уәжбен жедел медициналық жәрдем қызметін реформалауды ұйғарып отырғандығы көңілге қонбайды.

Осы орайда елімізде жедел медициналық жәрдемді ша­қыр­­тулар 4 жеделділік сана­тына бөлі­нетіндігін айтқан жөн. 1, 2, 3-санаттар – адам өміріне тікелей немесе әлеуетті қатер төндіретін жағдайлар болғандықтан, жедел медициналық жәрдем брига­даларының келу уақыты тиісінше 10, 15 және 30 минут болып бел­гіленген. Ал 4-санат – өткір ауру­­дан немесе созылмалы ауру­дың өршуінен туындаған, нау­қас­тың өмірі мен денсаулығына тіке­лей қауіп-қатер төндірмейтін жағ­дай болғандықтан, «жедел жәр­дем­нің» келу уақыты – 60 минут.

ДСМ-ның мәліметіне қа­ра­ғанда, рес­публика халқының саны жыл­дан-жылға артуына байланысты қазіргі таңда қосымша 379 жедел медициналық жәрдем бригадасын құру қажет. Осыған орай бейінді министрлік «Же­дел медициналық жәрдем, оның ішін­­де медициналық авиацияны т­ар­­­та отырып көрсету қағидала­рына» өзгеріс енгізіп, сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін 4-жеделдік санаты бойынша шақыртуларға қызмет көрсетуді медицина­лық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында құрылатын мобильдік бригадаларға тапсыруды жөн көріп отыр.

Денсаулық сақтау министрі­нің осы мәселе бойынша бұйрығы­ның жобасы Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында екі апта бойы талқыланды. Бірақ өз пікірін білдірген 212 азаматтың ешқайсысы аталған құжатқа қолдау білдірген жоқ, ал 102 адам қарсы дауыс берді. Олар жедел медициналық жәрдем қызметі­нің 4-жеделділік санатын МСАК ұйымдарына беруге болмайды деп санайды. Себебі денсаулық жағдайы қиындаған науқастың жай-күйі 4-жеделділік санатының қайсысына жататындығын 103 нөмірі бойынша кезекшілік жасап отырған диспетчер емес, «Жедел медициналық жәрдем» автомобилімен тездетіп жететін дәрігер ғана дәл анықтай алады.

ДСМ-ның жедел медицина­лық жәрдем қызметін реформалау ­бастамасын осы қызметте жүрген мамандар да құптап отыр деу қиын. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық жедел ме­ди­­циналық көмек орталығы дирек­торының міндетін атқарушы, медицина ғы­лымдарының кандидаты Юрий Белоног: «Егер меди­­циналық-санитарлық ал­ғаш­қы көмек ұйымдарының жұ­мыс уақытынан тыс кезде жедел медициналық жәрдемді ша­қыр­тудың 4-жеделдік санаты бойын­ша тек жедел медициналық жәрдем стансасының (ЖМЖС) бригадасы қызмет көрсететін болса, онда ЖМЖС-ның жүктемесі тым ұлғайып кетеді. Мұның өзі жеделділік санаттарының барлығы бойынша пациенттерге жету уақытын кешіктіруге әкеліп соғады. Тұрғындарға жедел медициналық жәрдемді толық­қанды және уақтылы көр­сету үшін жедел жәрдем брига­даларының санын ұлғайту қажет. Бұл қосымша шы­ғысты қажет ете­тін­діктен, қазіргі қыз­мет көр­сету тарифін (жан басына шақ­қандағы норматив бойын­ша база­лық коэффициентті) 25 пайыз­ға ұлғайту орынды деп санаймыз», деген пікірін ортаға салыпты.

Демек, ДСМ жедел медици­на­лық жәрдем қызметін реформалау мәселесін осы сала мамандарымен жан-жақты пысықтағаны жөн. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», дейді қазекем.