31 Қаңтар, 2015

Сағат жөндеуші

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
сагат жондеу 1 Кезінде сағат жөндеушілерді мемлекеттік қызметтегілер деп санаған екен. Жақсы сағат жөндеуші болу үшін 5 жылдай еңбектену керек. Кейіпкеріміз Марат Ғайниденов татар азаматы, сағат жөндеумен 30 жыл бойы айналысып келеді. 1779 жы­лы шыққан француз сағатын жөн­де­дім, дейді ол. Антиквариат зат. Бір қызығы, көне дүниенің жасалған қорабы қазіргіден мықты келеді екен. Швейцариялық сағаттарды да жөндеу қолынан келеді. – Қазірде көпшілік кварц және электронды сағаттарды қолданады. Осылардың бірінен-бір қалыс қалатын тұстары бар ма? – деп сұрадық кейіпкерімізден. – Мұндай сағат түрлерінің бірінен бірінің қалыс қалып жатқандығын байқамадым. Мен өзім кварц сағатты ұнатамын, – дейді Марат Ғайниденов, – 5 жыл таққан соң батареясын жаңартасың. Әркімнің жеке талғамы бар. Біраз адам күнде бұрап отыратын механикалық сағатты жақсы көреді. Ал электронды сағатты көбіне спортшылар, мемлекеттік қызметкерлер тағады. Себебі қатты соққыға, суға төзімді. Осы мамандығым өзіме ұнайды. Әйтеуір нансыз отырмаймын. Шеберханамды жекешелендіріп алдым. Бір өкініштісі, қазір бұл іске қызығушылық білдіретін жас­тар жоқтың қасы. Меніңше, көп ұзамай біз де шетелдіктер секілді боламыз. Оларда істен шығып қалған дүниені қалпына келтіріп әуреленбейді екен, жаңасын сатып ала салады. Германияда сағат жөндеуші деген тапшы деп естідім. Маған сол жақтан келіп, швейцариялық сағатын жөндеткен бір танысым айтты. Кейбіреулер сағат жөндеу деген шұқыланған жұмыс деп ерінеді. Мен айтар едім, ерінбеңдер. «Ерінбеген етікші болады» демей ме қазақ?! Жағдайы жоқ жандардан, үлкен қариялардан ақша алмаймын. Студенттерді де аяймын. Сағаттардың ішінде күрделілігі жағынан, бөлшектерінің есепсіз көптігі жағынан «Репетитор» маркасы мені таңғалдырады. Ал жапондық сағаттардың іші-сырты өте ұқыпты, дәлме-дәл сағаттар дей аламын. Ресейлік сағаттар да сапа жағынан қалыспайды. Маратты Семейдегі бірден-бір кәсіпқой маман деуге болады. Ресейдің Рубцовск қаласының техникумында механик мамандығы бойынша оқып шыққаннан кейін, Донецкіде әскери борышын өтеген. Ердің жасы елуден асқан ол отыз жыл бойы айналысып келе жатқан сағат жөндеуші кәсібін аса қадірлейді. Жұбайы Гүлнәр қазақ қызы, математика пәнінің мұғалімі, Елнұр, Елжан есімді екі ұлы Семей колледжінің студенттері. Мараттың айтуынша, сағат жөндеуші боламын деп осы мамандыққа ұмтылушылардың қатары күн санап азайып барады. Қызығушылық танытып отырған жастар шамалы. Сондықтан да ол екі ұлына сағат жөндеудің қыр-сырын ыждағаттылықпен үйретуден жалықпайды екен. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.