Саясат • Бүгін, 09:00

Қазақ-Мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа белесін айқындаған сапар

23 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Мажарстанға мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен соң, екі елдің мемлекеттік әнұраны шырқалды. Содан кейін Құрмет қарауылы мен салт атты гвардия салтанатпен сап түзеп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Қазақ-Мажар стратегиялық серіктестігінің  жаңа белесін айқындаған сапар

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Мәдени-гуманитарлық байланыс нығая түседі

Содан соң Шандор сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қарсы алды. Бірге суретке түсу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Түскі ас форматында өткен кездесу барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын талқылады. Мемлекет басшысы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жылдан аса уақытта бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік және берік мәдени-гуманитарлық байланыстар жолға қойылғанын атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған еді. Екі елдің нәтижелі ынтымақ­тастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

пр

Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық ая­сын кеңейтудің маңызына айрықша тоқ­талды. Оның айтуынша, энергетика, көлік-логистика, металлургия, жаңар­тылатын энергия көздері, ауыл шаруа­шылығы, фармацевтика, тамақ өнеркә­сібі және басқа да салаларды дамыту мәсе­ле­сінде екі елдің мүдделері сай келеді.

Өз кезегінде Тамаш Шуйок Қазақстан мен Мажарстан географиялық тұрғыдан алшақ жатқанымен, қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін айтты.

– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады, – деді Мажарстан Президенті.

Әңгімелесу барысында тараптар екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыс­тарын күшейтуге айрықша мән берді. Әсіресе Қазақстан мен Мажарстанның жетек­ші жоғары оқу орындары арасын­дағы академиялық және ғылыми байланысты жандандыру қажет екеніне назар аударды.

Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібі, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.

 

Мажарстан инвестициясы 370 млн долларға жетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, екі ел арасындағы эко­номикалық қарым-қатынас қар­қын­ды дамып келе жатқанын атап өтіп, Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.

– Биыл Қазақстан мен Мажарстан­ның Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 млн долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен аса компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында «MOL Group» және «Gedeon Richter» секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 млн доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Президент.

л

Мемлекет басшысы Қазақстан жаңа саяси және экономикалық парадигмаға бет бұрғанын айтты. Білім мен инновацияны ту еткен өзгерістер бұл үдерістің басты қағидатына айналады.

Президент Мажарстан бизнес­мендеріне энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логис­тика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру, қаржы нарығы секілді маңызды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тындылай келе, мажар компа­ния­ларының басшыларын келесі жылы мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Инвестициялық дөңгелек үстел бары­сында Мажарстанның Қаржы министрі, Қазақ-мажар экономикалық ынтымақ­тасты­ғы жөніндегі үкіметаралық комиссия­ның тең төрағасы Михай Варга мен ірі ком­паниялардың жетекшілері сөз сөйледі.

Жиын қорытындысында ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

 

Парламентаралық ықпалдастықтың маңызы

Президент Мажарстанның Мем­лекеттік жиналыс Төрағасы Ласло Kёвермен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ласло Kёвермен әңгімелесу барысында өзінің Мажарстанға сапары екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін айтты.

Бұл орайда Президент екі елдің пар­ламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл сауда-экономикалық әріп­тестікті кеңейтіп, мәдени-гумани­тарлық байланысты тереңдетуге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жоғары білім сала­сындағы қатынастарды арттыруға баса мән берді.

пр

– Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жо­ғары оқу орындарында білім алып жат­қан қазақстандық студенттермен кездес­тім. Сіз­дің еліңізде оқитын және білім алуға ниет­ті жастарды әрдайым қолдаймыз. Бұл бай­­ланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Мажарстанның Мемлекет­тік жиналысының Төрағасы парламент­аралық ықпалдастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, заң шығару­шы органдардың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайты­нын жеткізді. Сонымен қатар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша стратегиялық серіктестікті тереңдету қажет екеніне назар аударды.

Кездесуде халықаралық аренадағы жағ­дай да талқыланды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап көрді.

 

Серпінді Будапешт келісімі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапары аясында Премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізді. Кездесу достық рәуіште өтті. Бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екенін көрсетеді.

Келіссөздер барысында ынты­мақ­­тастықтың басым бағыттары мен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі терең­дету келешегі талқыланды. Қазақстан Президенті Мажарстанды еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ достас әрі бауырлас мемлекет ретінде атап өтті.

Президенттің айтуынша, Мажарстанға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтас­тықты дамыту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика сияқты бағыттарға тың серпін беруді көздейді. Бұл ретте мұнай-газ секторы мен ауыл шаруашылығы, ло­гис­­тика, атом өнеркәсібі және қаржы сала­ларын­дағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Ор­бан жоспарланған бастамаларды табысты орындау үшін екі ел үкіметтері қолайлы жағдай жасауға дайын екенін растады.

Мажарстан Премьер-министрі сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Бұған қоса тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстар жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық аренадағы рөлін арттыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Будапешттегі келіссөздер қос тараптың стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екенін көрсетіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты.

 

Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қоры құрылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақыруы және көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдіріп, қос халықтың тарихи және мәдени жақын­дығын атап өтті.

– Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақ­тастыққа тың серпін беру, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар м­аңыз­ды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айт­­қанда, Қазақстан – Мажарстан инвес­­ти­­­ция­л­ық қорын құруға келісті. Келіс­сөз ба­­р­ы­сында сауда-экономика, энер­­гетика, мұ­най-газ, көлік, білім сала­ларын­дағы бай­ланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.

Өз кезегінде Виктор Орбан екіжақты қа­рым-қатынасты жандандырудың маңыз­ды еке­нін атап өтіп, қол жеткізілген келісім­­дер­дің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.

– Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақ­тастықты нығайтуға мүмкіндігі мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Мажарстан Премьер-министрі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Астанаға сапармен келуге шақырды.

Келіссөз қорытындысында екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Мажар­станның ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасын­дағы консулдық мәселелері бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «National Capital Holding» ұлттық компаниясы арасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісім;
  4. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (Қазақстан), «L.A.С Holding» (Мажарстан) және «Xi’an Free Trade Port Construction and Operation Co» (Қытай) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  5. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «MOL GROUP» компаниясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Мажарстанның Ұлттық банкі арасындағы банк саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

 

Алдағы меже – алыс-берісті 1 млрд долларға дейін арттыру

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында брифинг өткізіп, бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы қазақ пен мажар тереңнен тамыр тартатын туыс халық екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, әйгілі Дунай мен көне Алтайдың арасы алшақ болса да, тағдырлас екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір.

– Отыз жыл бұрын Қазақстан Мажарстаннан өз елші­лігін ашты. Бұл еліміз­дің Орталық Еуропадағы тұңғыш елші­лігі болды. Содан бері екі ел арасын­дағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді, арамызда тек достық, жақсы ниет бар. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан бұл сапарымның бас­ты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру. Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтас­тық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі. Жаңа ғана Жоғары Мәртебелі Виктор Орбан мырзамен мазмұнды келіссөздер өткіздік. Премьер-министр мырзаның былтыр Астанаға жасаған ресми сапарында көптеген уағдаластыққа қол жеткізген едік. Бүгін соны қайта пысықтап, ықпалдастықтың жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Биыл екі елдің стратегиялық әріптестік орнатқанына 10 жыл толды. Келіссөздер барысында серіктестігіміздің болашағын талқыладық. Тиімді саяси диалог жүргізу және ортақ экономикалық жобаларды іске асыру – өте маңызды міндет. Сондай-ақ көпжақты ықпалдастықты нығайта түсу қажет. Осы орайда бүгін Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сан қырлы байланысты күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді, – деді Президент.

Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.

па

– Қазір әлемде экономикалық және энер­гетикалық дағдарыс белең алып тұр. Со­ған қарамастан, екі елдің өзара тауар айна­лымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Был­тыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 9 пайызға артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 млрд долларға де­йін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 млн доллар болатын 95 тауар тү­рін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, метал­лургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс сала­сы­ның өнімдерін экспортқа шығаруға мүм­кін­дігіміз бар. Мажар компаниялары Қазақ­стан­дағы инвестициялық жобаларға қызығу­шылық танытып отыр. Елімізге 2005 жылдан бері 370 млн доллар мажар инвес­тициясы тартылды. Мен бүгін Мажар­стандағы ірі компания басшыларымен кездестім («MOL», «OTP Group», «Gedeon Richter»). «UBM» холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойдық. Оның құны – 62 млн доллар. Экономикалық байланысты жандандыру – уақыт талабы. Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық техноло­гия тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті нығайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктес­тіктің жаңа бағыттарын дамытамыз. Қазақ­стан – Мажарстан Үкіметаралық комис­сиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-эко­номикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Екі ел делегациялары келіссөздер кезінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін талқылады.

– Бүгін «KTZh Express», «L.A.C. Holding» және «Xi’an Free Trade Port Construction and Operation» компания­лары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі. Құжат елдеріміз арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтуға жол ашады. Инфрақұрылым, логистика және халықаралық сауданы дамытуға мүм­кіндік туады. Азиядан Еуропаға құрлық­пен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 миллион тонна жүк жеткізіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тараптардың мәдени-гуманитарлық байланысты нақты іс-шаралар арқылы күшейту жөнінде уағдаласқанын жеткізді.

– Биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Мажар құрама командасы белсене қатысты. Қолдау­ларыңызға рақмет айтамын. Мұндай іс-шаралар өркениетіміздің, тарихымыздың тамыры ортақ екенін көрсетеді. Бауырлас халықтарды жақындата түседі. Мажар үкіметінің қолдауымен кейінгі 10 жылда Қазақстан студенттеріне оқу гранттары бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде бірнеше мың жас Мажарстанның жоғары оқу орындарында білім алды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытын­дылай келе, екі елдің көпжақты ынтымақ­тастығы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мем­ле­кеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құры­лымдар аясында табысты дамып келе жат­қанына назар аударды. Әсіресе Мажа­рстан Премьер-министрі Виктор Орбан­ның Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына белсене атсалысып, түркі интеграциясының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосып жүргенін ерекше бағалайтынын жеткізді.

Виктор Орбан Қазақстан Президентінің Мажарстанға сапары соңғы рет 17 жыл бұрын болғанын еске салып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен келуі екі елдің стратегиялық серіктестігін кеңейту тұрғысынан маңызды екеніне назар аударды.

– Келісөздер барысында сауда-эконо­микалық байланыстарды нығайту мәсе­лесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ екі халықтың достығы мен тарихи тамыр­ластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы, сауда-саттықты дамыту, энергети­калық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыт­тарын құру екі елдің өзара мүдде­сіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырза­мен мажар-қазақ экономикалық ынтымақ­тастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық, – деді Виктор Орбан.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрінің салтанатты қабыл­дауына қатысты. Қазақстан Президентінің құрметіне ұйымдастырылған салтанатты қабылдау Мажарстан Премьер-министрінің кеңсесі орналасқан ғимаратта өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына көрсеткен қонақжайлылығы мен достық пейілі үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Будапешт қаласындағы Халықаралық дзюдо федерациясы­ның штаб-пәтеріне барды. Онда Қазақстан басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен кездесті.

IJF басшысымен әңгімелесу барысында осы танымал спорт түрін елімізде дамыту келешегі талқыланды. Мариус Визер Қазақстан дзюдоны қол­дауға арналған дәйекті шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Соны­мен қатар спортшыларымыздың халықара­лық жарыстардағы нәтижелеріне және Қазақстан дзюдо федерациясының жұмы­сына жоғары баға берді.

Мемлекеттік сапары келелі кездесулермен түйінделген Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан құрметпен шығарып салды.