Таным • Бүгін, 08:27

Тарих пен технология тоғысы

31 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда өтіп жатқан XII халықаралық «Ұлы Жібек жолы бойы­мен» кітап және полиграфия көрмесі аясында Майя Бек­бае­­ваның «Жошы хан. Ұлық ұлыстың билеушісі» атты кітап-альбомы таныстырылды. Аталған еңбек – халқы­мыздың бай тарихи мұрасын заманауи көзқарас тұрғысынан жаңаша ұсын­ған ерекше жоба.

Тарих пен технология тоғысы

Жаңа альбом тарихи зерттеу­лер­ді заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған Жошы ұлысының маңыздылығын жан-жақты ашып көрсетеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың сөзімен айтсақ, «Алтын Орда – біз­д­ің мемлекеттілігіміздің бас­тауы. Жошы ханның тұлғасын тану арқылы біз ұлттық тарихымыз­ды жаңа деңгейде бағалай аламыз».

Иә, Жошы ханның тұлғасы – ұлы дала тарихының алтын діңгегі. Оның басқаруындағы Ұлық ұлыс ел аумағындағы мемлекеттіліктің іргетасы екені сөзсіз. Кітап авторы – журналист, деректі фильмдер авторы Майя Бекбаева бұл еңбекте тарихи оқиғаларды терең талдап, Жошы ханның қазақ халқының қалыптасуына қосқан үлесін ай­рықша сипаттайды.

Кітапта тарихи деректер, фоль­клор­лық мәліметтер мен заманауи зерттеулер тереңнен қабысып, жүйе­лі берілген. Автор бұл еңбегінде Жошы ханның тарихи рөлі мен оның қайшылыққа толы өмірін жан-жақты баяндайды. Тарихи құнды­лық­тарды жаңа ұрпаққа өзгеше фор­ма­мен, тың тәсілмен жеткізуді мақсат еткен.

Жобаның негізгі идеясының авто­ры – «Arman-PV» баспасының бас директоры Дидара Алина кітаптың ұлттық тарихты тану мен оны ұрпақ жадында жаңғыртудағы маңызын ерекше атап өтті.

«Бұл еңбек тарихи мұраға құр­мет көрсетіп қана қоймай, ұлт­тық сана-сезімді нығайтатын қуатты құрал мақсатында жасалды. Ұлт тарихындағы айрықша тұлғалар мен оқиғаларды бүгінгі ұрпақ білуі керек», дейді ол.

Иә, «Жошы хан. Ұлық ұлыстың билеушісі» альбомы – дәстүрлі тарихи еңбектерден өзгеше. Жоба барысында жасанды интеллект технологиясы кітаптың иллюс­трацияларын дайындау үшін қолданылған. Бұл тәсіл тарихи тұлғалардың бейне­ле­рін заманауи форматта көрсетуге және альбомды көркем өнер туынды­сы­на айналдыруға мүмкіндік берді.

«Arman-PV» баспасы жобаны жүзеге асыру барысында тарихи деректерді оқырманға қызықты әрі көрнекі түрде ұсынуды басты мақсат еткен. Жаңа еңбек жастарға тарих­ты визуалды құралдар арқы­лы түсіндіру, мұғалімдерге оқыту үдерісінде қосымша ресурс ұсыну, тарихшыларға жаңа дереккөздер мен заманауи зерттеу әдістерін көрсету, халықаралық аудиторияға еліміздің бай тарихи мұрасын ­таныту бағыттарын қамтыған.

Енді бір жағынан, аталған альбом тарихи мұраны жаңғыртуға бағытталған рухани бағдар сынды. Жошы хан тұлғасының қазақ халқының тарихындағы орны мен оның Ұлық ұлыстың құрылуындағы рөлі тек ұлттық мақтаныш қана емес, ұрпақ үшін маңызды таным көзі ретінде ұсы­нылған. Бүгін­де тарихи мұра­ны тану – болашаққа ұмтыл­ған ұлт үшін бас­ты қадам­дар­дың бірі еке­ні сөзсіз. Жаңа туынды тарихи құн­ды­­лық­тарды сақтап қана қой­май, оны жаңа ұрпаққа на­си­­хат­тау арқылы ұлттық рухты нығай­та­тын қуатты құралға айналды.

Тұсаукесер барысында бел­гілі тарихшылар, жазушылар, зерт­теу­шілер, қоғам қайраткерлері Жошы хан тұлғасының тарихи мұрасын танудың өзектілігі туралы ой бөлісті.

Айта кетейік, кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Бұның өзі тарихи еңбектің тек отандық оқырмандарға ғана емес, шетелдік аудиторияға да бағытталғанын көрсетеді. Кітап-альбом ұлт мәдениеті мен тарихын әлемдік деңгейде насихаттап қана қоймай, тарихи танымның жаңа сатысына көтерілудің айқын мысалы болды.

Тарих пен заманауи техно­ло­гия­ның тоғысында дүниеге келген ерекше жоба ел тарихын зерттеушілер үшін таптырмас дереккөз болумен қатар, заманауи оқырманды та­рихқа жаңа қырынан қарауға ой салады. Өткеннің тағылымы ар­қы­лы болашаққа жол сілтейтін құн­ды еңбек әлемдік аренада да баға­ла­на­ты­нына сенеміз.