Мәселе • Бүгін, 08:55

Браконьерлерге бұғау болмай тұр

66 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің батысындағы су айдындарында браконьерлерге бұғау болмай тұр. Заңсыз әрекетке баратындар, әсіресе Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас бағалы балықты баудай түсіруге бейім.

Браконьерлерге бұғау болмай тұр

Сурет: sergeydolya.livejournal.com

Мәселен, шекара қызметінің мәліме­тіне сүйенсек, қазан айында бес мемлекетке ортақ теңіз акваториясында 57 браконьерлік дерек анықталыпты. Ел шебін кірпік қақпай қорғайтын шекарашылар құқық бұзушылардан 31 жүзу құралын, балық аулауға арналған 70 шақырым тор, 1 765 кг бекіре тұқым­дас 299 балықты тәркіледі. Ал өзге тұқым­дасқа жататын 904 дана балықтың салмағы – 2 165 кг. Браконьерлер торына 13 итбалық түскені анықталып отыр. Суық қолдылардың жымысқы әрекетінің алдын алынған залал сомасы шамамен 671 млн теңгені құрады.

Ал Жайық-Каспий су бассейнінде жыл сайын «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтіп жүр. Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, аталған акцияның көктемгі кезеңіне Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыс­тарынан 1 177 қыз­меткер қатысқан. Оның ішінде 374 қыз­меткер – Атырау облысында, 254 қызметкер – Батыс Қазақстан облысында, ал 549 маман мен әскери қызметшілер Маңғыстау облысының аумағында акцияның сәтті өтуіне атсалыс­ты. Олар 80 қайықпен, шағын көлемді жүзу құралдарымен, 254 автокөлік және квад­рациклмен, 6 дронмен қамтылды.

Көктемгі акцияның қорытындысымен 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Браконьерлік дерегіне, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерін заңсыз аулауға қатысты 71 қылмыстық іс қозғалды. Құқық бұзу­шы­ларға 19 млн теңге айыппұл салынды.

«Заңсыз айналымнан 11 тонна 308 кг балық алынды. Оның ішінде 2 тонна 229,5 кг бекіре, 8 кг бекіре балықтарының уылдырығы, 162 балық аулау құралы мен 44 су көлігі бар. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күн сайын траулау нәтижесінде жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын 1 416 заңсыз балық аулау құралы табылды», дейді Аян Бахиянов.

Су айдындарында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 848 хаттама толтырылып, 134 материал сот органдарына жіберілді. Балық аулау ережелерін өрескел бұзғаны үшін 5 жеке тұлғаға қатысты 4 материал қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Ал мемлекет кірісіне 2 784 тонна заңсыз ауланған балық, 286 аулау құралы, сондай-ақ 16 жүзу құралы тәркіленді.

Браконьерлер аулаған балығын жыл сайын қамыс арасына жасырады екен. Биыл «Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері сәуірде Жайық өзенінің жағасынан көп мөлшердегі бекірені тауып алды. Браконьерлер 14 қапқа салынған бағалы балықты қамыс арасына жасырып кеткен.

Балық шаруашылығы комитеті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, полиция және мамандан­дырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлескен рейд кезінде Дамбы ауылының маңындағы 2 өзек тексерілді. Су айдынының жағасындағы қамыс арасынан 14 қапқа салынған жалпы салмағы 313,3 кг бекіре тұқымдас балық табылды. Заңсыз ауланған су маржанынан балық қорына келтірілген залал мөлшері 173 млн 505 мың теңгені құрады.

Полиция қызметкерлері «Бекіре» акциясының күзгі кезеңінде балық аулау заңдылығын бұзған 59 деректі анықтады. Құқық бұзған тұрғынның бірінен бекіре тәркіленді.

«Бұл іс-шараның мақсаты – бекіре және басқа да балық түрлерін заңсыз аулаудың жолын кесу. Балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері балықты заңсыз аулаған 25 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Құрманғазы ауданының азық-түлік дүкендерінің бірінде заңсыз балық аулаумен айналысқан 1995 жылғы ер адам ұсталды. Тексеру кезінде салмағы 27 кг 620 грамм болатын бекіре тұқымдас балық өнімдері тәркіленді. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу басталды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Кейін тәртіп сақшылары заңсыз балық аулап жүрген браконьерлерден 356 балық тәркіленді. Оның 270 килосы – бекіре тұқымдас балық. Құқық бұзушыларға қатысты 3 қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Анықталған құқық бұзушылық бойынша айғақ зат ретінде 2 автокөлік, балық аулауға арналған 21 құрал алынды.

Мұнайлы өңірде бағалы бекіре тұқымдас балықты аулауға қатысты заңсыз деректердің бір парасы – осындай. Алайда браконьерлерді толық бұғаулайтын қадам болмай тұр.

 

Атырау облысы