Фотолар: gov.kz
Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас хатшысы Зураб Пололикашвили, Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік туризм агенттігінің төрағасы Фуад Нағиев және 20-дан астам ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан іс-шарада ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев ұлттық парктер мен қорықтар құрамында қорғалатын бірегей табиғи экожүйелеріміз бар екенін атап өтті.
«Міндетіміз – қоршаған ортаға зиян келтірместен экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Біз туризм саласында көмірқышқыл көлемін азайтуға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік беретін «Жасыл стандарттарды» енгізуді жалғастырамыз», деді Ержан Еркінбаев.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәлім етуінше, кездесу барысында туризм саласындағы климаттық әрекеттерді күшейтуге бағытталған Баку декларациясының негізгі бағыттары талқыланды. Қазақстан туризмнің климатқа әсерін азайтуға және тұрақты тәжірибелерді халықаралық аренада ілгерілетуге бағытталған барлық бастаманы қолдайтынын білдірді.
Сонымен қатар Ержан Еркінбаев Қазақстанның экологиялық туризм саласындағы жетістіктерін, соның ішінде Саты ауылының Best Tourism Villages конкурсында үздік шыққанын және ITB Berlin халықаралық көрмесінде «Гүлденген қауымдастықтар» аталымындағы жетістігін атап өтті.