Фото: gov.kz
Ойынның басты мақсаты – оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіріп, оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру.
Ойын квест форматында жасалған. Мұнда ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ тергеуді кімге қатысты жүргізетінін де өзі шешеді: сот, прокурор немесе мемлекеттік қызметші. Ойын барысында ол әртүрлі эпизодтардан өтіп, жемқорлыққа қарсы әрекеттердің қыр-сырын меңгереді және ойын соңында жемқорлықты әшкерелейді.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазіргі уақытта ойын мектепте құқық негіздері сабағында тәжірибе ретінде қолданылып жүр. Автор болашақта аталған жобаны ұялы телефондарға арналған тегін қосымша ретінде үш тілде ұсынбақшы. Осы мақсатта ол өткен жылы І республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында жеңіп алған 1 000 000 теңге сыйақысын ойынды дамытуға жұмсаған. Сонымен бірге ойынның әр кезеңіне Абайдың қара сөздерін қосу арқылы оның рухани мазмұнын байытуды жоспарлап отыр.
«Ойын Қазақстандағы нақты оқиғаларға негізінделген көркем роман форматында жасалған. Әр эпизодта Қылмыстық кодекске түсіндірме беріліп, оқушылардың құқықтық сауаты артады. Ал ойын соңында көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады», дейді жас өнертапқыш.
«Сатылмайтын Алпамыс» – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыруға арналған ерекше жобаға айналды.