Әдебиет • 26 Қараша, 2024

Ажалды жеңген адам

84 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Танымал қаламгер Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» рома­ны жарық көрді. Қазақ әдебиетінде сирек кездесетін детектив жан­рын­дағы туындыға оқырманның сұранысы жоғары.

Ажалды жеңген адам

Жазушы «Ажалын жоғалт­қан адам» кітабында Арғын есімді кейіпкердің басынан өткен сан қилы оқиғаны суреттей отырып, жалпы адамзат баласына ортақ – сүю мен жеккөру, қатігездік пен мейірімділік, екіжүзділік пен адалдық секілді түсініктерді арқау еткен. Роман оқиғасы кеңес дәуірінің соңғы ширегінде басталып, азаттық дәуіріне ұласады. Адам тағдыры­ның күрделі қырларын аша отырып, қылмыс әлемін, түрме мен Сібірдегі өмірін, қоғамдағы күйсіз, баспанасыз жандардың тауқыметін жан-жақты суреттейді. Құралайдың Арғынға деген адал махаббаты шығарманың жалпы лейтмотиві десе болғандай. Арғынның басынан кешкен кеше­гісі мен бүгінгісі параллельді түрде өрбіп, оқырманды қызықтыра жетелеп ­отырады.

Жазушылар одағының Пав­ло­дар облысындағы өкілі Серік Елікбай «Кітап заманауи қазақ әдебиетінде ұялмай ұсынуға болатын туынды» ­деген баға беріп отыр.

«Бүгінгі әдебиетімізге олжа салған роман деп айтуға болады. Кейіп­кердің оқиғасы әртүрлі пласта, адам­ның өмір­ге деген құштарлығын түр­лі бояу­мен қиюластырып, шым-шы­тырық оқиғалармен ұсынған. Оқыған сәтте бірден баурап әкетеді, тілі тұтқыр емес, тіреліп қалатын тұсы жоқ. Ертіс-Баян өңірінің қалам­герлері роман жазу жағынан жақсы бір белеске көтеріліп келе жатыр. Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұттар туған өлкеде мұндай сәтті дүниелердің мол болуы заңдылық та. Жұртшылықты кітап оқуға жақындататын роман деп айтсам болады. Кешегі Кемел Тоқаевтың «Ұясынан безген құс», Роллан Сейсенбаевтың «Шайтанның тағы» романдарында түрме өмірі, қоғамға беймәлім өзге де қылмыс әлемінің түйткілдерін оқып білдік. Ал «Ажалын жоғалтқан адам» осы жанрда жаңа сүрлеу салып отыр. Поэзия жүрекпен жазылса, проза қажырлы адамдардың ой-өрісінен туады», деп атап өтті Серік Төлеубайұлы.

Негізі романның алғашқы бөлім­дері 2015 жылы «Жұлдыз» жур­на­лында басылыпты. Ол тұста туын­дының жартысы ғана жазылған. Шы­ғар­масын соңына дейін аяқтауға бекінген автор былтыр барлық шаруа­ны ысырып қойып, ақыры нүктесін қойып шықтым дейді. Айтуынша, «Ажалын жоғалтқан адам» – өз шы­ғармашылығындағы проза жанрының ең биік белесі.

«Арғын – намысқой, әжесінің тәрбиесінде өскен жігіт. Айттырып қойған қызы Құралай екеуі бір-бірін сүйсе де, араларына қыздың анасы түсіп, барлығы басқаша жағдайда өріліп кете барады. Соның салдарынан бас кейіпкерім әскерге өз еркімен аттанып, кейін Сібірде жұмысқа қалып қойды. Абайсызда адам қанын мойнына жүктеп, түрмеге қамалды. Одан қашып шыққан соң, көрген бейнеті қаншама. Адам ит жанды ғой. Осында жазылған оқиғалар бір кісінің басынан кешкені емес, ол әртүрлі образдан жиналды, ел аузында жүрген хикаялардан терілді. Қай жерде жүрсе де, қазақ азаматтары үнемі өрліктің бейнесі болып қала беретінін көрсеткім келді. Екіншіден, әйел махаббатын көрсету еді. Роман соңына қарай Арғын «қайыршының» күйін кешіп, ауруханада жатқанында Құралай одан бас тартпады, шын сүйгенін дәлелдеді. Үшіншіден, Арғын қай жерде жүрсе де, әжесі айтқан ақыл сөздерін есіне алып, әжесін түсінде көреді. Туған еліне оралып, көше кезген қаңғыбастың біріне айналса да, азаматтығынан айырылмады. Қаншама рет төніп тұрған ажал тырнағынан құтылып, ажалды жеңіп тынды», деп әңгімелейді кітап авторы Сайлау Байбосын.

Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Әшенұлы осы уақытқа дейін өлкетану бағытындағы сүбелі шы­ғар­маларымен, поэзиялық кітап­тарымен танымал. Ертіс-Баян және Ереймен­тау өңірлерінің танымал тұлғалары тура­лы танымдық материалдар жазып, әзіл-сықақ жанры­на да қалам сілтеді. Ағамыздың шы­ғармалары мен өлеңдері респуб­ли­калық мүшәйра­лар мен додаларда жүлделі болды, Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы әдеби сыйлықтың иегері. Бір жылдары ақындық өнерімен айтыс сахналарынан да жарқырап көрінді. Қазақстанның еңбек сіңірген мәде­ниет қызметкері атанды. Бүгінде «Ақбеттау» журналының бас редак­торы қызметін атқарып жүр.

 

Павлодар облысы