Отырыс барысында сенаторлар аталған жоспарға сәйкес осы аптада өтетін іс-шараларға тоқталды. Атап айтқанда, әскери білім және ғылым, оның ішінде түлектерді жұмысқа орналастыру, азаматтық авиацияны дамыту, «әлеуметтік әмиян» механизмін енгізу және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында әлеуметтік аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған іс-шаралар өткізіледі.
Бекітілген күн тәртібіне сәйкес алдағы бейсенбіде Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған. Сондай-ақ аграрлық саланың табысын арттыруға және ауыл шаруашылығы тауарларының электрондық саудасын дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бюрода бұған дейін Парламент Мәжілісінде қабылданған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.