Мұнай-газ саласы – тұрақты экономикалық дамудың негізгі драйверлерінің бірі. Бүгінде осы саладағы 1 300-ден аса кәсіпорында 220 мыңға жуық адам жұмыс еңбек етіп келеді. Ішкі жалпы өнім құрылымында мұнай-газ саласының үлесі шамамен 16%-ды құрайды.
Елімізде зерттелмеген, нашар зерттелген әлеуетті ресурстар бар. Сондықтан инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл орайда 2022–2023 жылдар ішінде жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамаға геологиялық барлауды ынталандыруға, елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған тұжырымдамалық өзгерістер енгізілген. Бұған қоса биыл 9 айдағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 4,3 трлн теңгені құраған. Соның ішінде ел ішіндегі құнның үлесі – 2,7 трлн теңге.
А.Сәтқалиевтің айтуынша, министрліктің мұнай-газ инжинирингін дамытудың халықаралық орталығымен бірлескен жұмысы да нәтиже беріп отыр. Мәселен, орталықпен бірге ірі жер қойнауын пайдаланушылардың барлық сатып алуларының 77%-ын құрайтын 16 өнім тобын анықтап отыр. 2022–2023 жылдары әлемдік жабдық өндірушілерімен өндірісті оқшаулау және технологиялар трансферті жөніндегі 23 келісімге қол қойылған. Ал 10 айда елдегі мұнай өндіру 73,5 млн тоннаны құрап отыр. Ал келер жылғы мұнай өндіру болжамы 88,4 млн тоннаны құрайды деп жоспарланған. Болжамдарға сәйкес, 2026 жылдан бастап ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жылдық мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады деп күтіледі. Жалпы, 2030 жылға қарай мұнай өндіруге салынатын инвестиция ірі кен орындарына шамамен 21 млрд долларды құрамақ.
Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысты айтқан А.Сәтқалиев қазір Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын экспорттаудың ең сенімді және тиімді бағыты екенін айтты. Жобаны әзірлеудің барлық кезеңінде инвестицияның жалпы көлемі 8,4 млрд доллардан асқанын тілге тиек етті. Мұнай өндірудің өсуін және жаңа теңіз жобаларын іске қосуда министрлік «ҚазМұнайГаз»-бен және басқа да мүдделі тұлғалармен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік жолы бойымен тасымалдау маршруттарын дамытуға ден қойып отыр. Қазір Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты – ең болашағы зор бағыттардың бірі.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов те ұлттық компанияның атқарып отырғаны қызметі туралы баяндап, ел экономикасы құрылымындағы рөліне қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, қазір компания елдегі барлық мұнай өндірудің 26%-ын, мұнай тасымалдаудың 56%-ын және мұнай өңдеудің 80%-ын тұрақты жүзеге асырады. Былтыр ел бюджетіндегі «ҚазМұнайГаз»-дың салық және басқа да аударымдарының үлесі шамамен
10%-ды құраған. Сонда компания мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорға былтыр жалпы 2,4 трлн теңге төлеген. Қазір де бұл компания – елдегі аса ірі жұмыс берушілердің бірі.
Саладағы серпіліс туралы қосымша баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршин еліміздің мұнай-газ саласы әлемдегі трендтер мен Мемлекет басшысының алдымызға қойған стратегиялық міндеттерін ескере отырып жұмыс істеуі қажет екенін тілге тиек етті. Өйткені дилемма бар. Бір жағынан Қазақстанның жалпы әлемдік парниктік газ шығарудағы үлесі 0,56% болса да, еліміз «Париждік келісімді» ратификациялап, «Глобалды метан иницативасын» қолдады. Яғни біз парниктік газдарды азайтып, көміртектік бейтараптыққа бағыт алып, «жасыл энергетиканы» дамытамыз деп жарияладық. Екінші жағынан 2029 жылға дейін ІЖӨ-ні 450 млрд долларға, Ұлттық қордағы активтерді 100 млрд долларға жеткізу міндеті тұр.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Қашаған», «Қарашығанақ», «Теңізшевройл» компанияларының өкілдеріне ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету жоспарына қатысты сауал қойды. Оның айтуынша, біздегі осы үш ірі жоба өндіріліп жатқан мұнайдың 60 пайызын өндіреді. Бірақ олардың ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты ешқандай міндеттемелері жоқ.
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов саланың даму үрдісіне қайран қалғанын жасырмады. Солай бола тұра елімізде неге жылда битум тапшылығы болатынын сұрады. Ал депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа мұнай кен орындарын барлауға тым аз қаражат бағытталып жатқанын жеткізді.
Депутат Ермұрат Бапи «қара алтынның» экспортына мемлекеттік бақылау орнату туралы ұсынысын айтты. ICIJ халықаралық журналистер концорциумының зерттеуінше, Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін шетелде тіркелген әртүрлі компаниялар сыртқы нарықта сатады. Ал Конституцияда халық меншігі саналатын пайдалы қазба өнімдерінің экспортына әлдебір түсініксіз субъектілер ие болып отырғаны қисынсыз.
«Мәселен, қазақ мұнайын әлем нарығында сататын ең ірі «Vitol» компаниясы Швейцарияда тіркелген. «ҚазМұнайГаз»-Трейдинг» компаниясы да – Швейцарияның резиденті. Сол сияқты «Теңізшевройл» өндіретін Теңіз кенішінің мұнайын Нидерланд елінде тіркелген «ҚазМұнайГаз-Финанс» трейдері экспорттайды. Қашағанның мұнайын бірнеше шетелдік трейдер саудалайды. Дәл сол сияқты «Eurasian Oil» және «Petrochina International» трейдерлері Сингапурде тіркелген. Шетелде тіркеліп, Қазақстандағы ішкі баға мен әлемдік баға арасында маржадан түскен пайданың қызығын көріп отырған ондаған шетелдік компания бар», деді депутат.
Өз кезегінде сөз алған депутат Мұрат Әбенов салаға жауапты министрлік монополияға жол беріп отырғанын айтты. Соның салдарынан елдегі әуе билеттері аспандап барады. Алайда Алмасадам Сәтқалиев авиаотын импортын әртараптандыру үшін Қытай және Түрікменстан елдерімен келіссөз жүріп жатқанын жеткізді. Ал ішкі нарықтағы тапшылыққа келсек, Үкіметтің шешіміне сәйкес оператор белгілейді екен. Ал әуе билетінің бағасы әуежайлар жүргізген саясат арқылы қалыптасады.
Үкімет сағатына жиналған мұнай-газ саласының өкілдеріне бағытталған сауалдың көптігі көп нәрсені аңғартқан секілді. Себебі салада шешімін тапқан мәселелерді жіпке тізгенімен, шенділер депутаттар тарапынан айтылған сын-ескертпелер мен шешуге тиіс шаруа да шашетектен екенін мойындады.