Қоғам • Бүгін, 09:33

Бетбұрыс баянды болсын десек...

25 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында еліміздің стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу екенін атап айтып, Үкіметтің алдына агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау міндетін қойғаны мәлім. Осыған орай ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған дәрежеде қуатты қолдау көрсету және салада іске асырылып жатқан реформа оң нәтижесін бере бастады.

Бетбұрыс баянды болсын десек...

Фото: adilettv.kz

Мәселен, биылғы орақ нау­қа­нында 26 млн тоннадан ас­там астық жиналды. Егін шы­ғым­дылығы орта есеппен гек­та­рына 16 центнерден айнал­ды. Егіншілік мәдениеті жоға­ры шаруашылықтар кей алқап­тардың әр гектарынан 40-50 центнер өнім алды. Бұл – кейінгі он жыл ішіндегі ең жоғары көр­сеткіш. Осы жетістікке байланысты жуырда белгілі аграршылар, агроөнеркәсіп саласында құрылған қауымдастықтар мен одақтардың басшылары Президенттің атына ашық хат жолдап, ел шаруаларының атынан алғыс білдірді. Олар атап өт­кендей, қол жеткен табыс шаруа­лардың қажырлы еңбегінің, за­манауи технологияларды пайдаланудың және мемлекеттің уақтылы қолдауының арқасында мүмкін болды.

Ең басты жаңашылдық – биыл­­ғы жылдан бастап ауыл ша­­руа­­шылығын қаржыландыру жүйе­­сіне түбегейлі өзгеріс енгізілген­дігі. Нақты айтсақ, шаруа­лар ондаған жыл бойы айналым қаражатына уақтылы қол жеткізе алмай келген болатын. Олар күзде егіндерін жинап бітірісімен келесі егіс үшін қажетті несие алу қамына кірісіп, бір құшақ құжат жинап, талай табалдырықты тоздырып, келер жылдың сәуір айына дейін сергелдеңге түсетін. Енді мұндай бюрократиялық кедергі жойылып, агроқұрылымдардың сұраған несиелерін желтоқсан айында алуына мүмкіндік туғы­зылды. Осы мақсатта «Кең дала – 2» несиелеу бағдарламасы іске қосылып, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз құжат талап етілетін болды. Несиенің мөлшерлемесі де арзандатылды – жылына 5 па­йыз. Бұл үшін кез келген шаруа «Аграрлық несие корпорациясына» немесе өзі жұмыс істейтін аудандағы ауыл шаруашылығы кооперативтік кәсіпорнына өтініш беруге тиіс. Онда өзінің егістік жері бар шаруа екенін растайтын құжаттарды ұсынса жеткілікті. Несие қаражаты пайда­лануындағы жерінің көле­міне қарай бөлінеді. Егер кепілі жеткіліксіз болса, онда «Даму» қоры оған 85 пайызға дейін кепілдік береді. Осылайша қазіргі таңда шаруа бұрынғыдай жер иеленіп қана қоймайды, мемлекет оның жоғары сапалы тұқым мен тыңайтқыш сатып алу үшін қажет қаражатқа қол жеткізуі­не де мүмкіндік беріп отыр. Атал­ған бағдарлама бойынша не­сиені уақтылы алып, тұқымын жаңартқан, егінді арамшөптен, зиянкестер мен аурулардан қорғаған диқандар биыл тәуір өнім алды.

Жалпы, аталған жоба аясында биыл аграршыларға 400 млрд теңге несие берілген. 2025 жылдан бастап бұл сома 700 млрд теңгеге дейін көбейтілмекші. Несиені бұрынғыша субсидияламай, тікелей беру де отандық фермерлердің қолдауына ие болды. Бұл шара қаражаттың қолжетімділігін арттырды. Сон­дай-ақ кейінгі жылдары «Қаз­АгроҚаржы» акционерлік қоғамы іске асырып жатқан жеңілдікті лизинг бағдарламасы шаруалардың тозығы жеткен техникасын жаңартуға жол ашты. Осы жылы ғана шаруалар 20 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.

Ауыл шаруашылығында бай­қа­лып отырған бетбұрыс баян­ды болуы үшін әлі де толық іске қосылмаған әлеуетті мүмкін­­діктерді мүлт жібермеу қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысы ауыл­ды дамыту үшін шағын ша­руа­шылықтарды қолдау да өте маңыз­ды екенін атап айтқан бола­тын. Алайда әзірге оларды ала­лаушылық бар. Мысалы, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 31 та­мыздағы № 322 бұйрығымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға несие беру қағидасына сәйкес қазіргі кезде республикалық бюджеттен жылдық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайыздық несие тек ірі жоба­лар­ды құру немесе қолданыстағы­ла­рын кеңейту үшін беріліп жатыр. Олар – кемінде 400 сауын сиырға арналған тауарлық сүт фермалары, жылына кемінде 5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикалары, кемінде 5 мың ірі қараға арналған еттік бағыттағы мал шаруашылығы кәсіпорындары, сыйымдылығы кемінде 1 мың тонна болатын көкөніс және жеміс сақтау қоймалары, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындары, жылына кемінде 25 тонна тауарлық балық және басқа да су жануарларын өсіретін балық өсіру шаруашылықтары, тәулігіне кемінде 1 тонна балықты аршып, тазалайтын, одан әрі тереңде­те өңдейтін және сақтайтын балық өңдеу кәсіпорындары, аг­роөнеркәсіп саласындағы жобалар бойынша буып-түю материалдарын өндіру кәсіпорындары, құс шаруашылығындағы асыл тұ­қымдық репродукторлар, заманауи су үнемдеу технологияларын пайдаланатын суармалы егінші­лік, кемінде 5 мың қой өсіретін фермалар. Мұндай мүмкіндік­ті ірі агроқұрылымдар ғана алға­ны­мен, оларға айналым қаржы­сы үшін несие берілмейді. Со­ның салдарынан бүгінде өңірлер­дегі бірқатар бордақылау алаңының иелері шаруа қожалықтары мен тұрғындардан бордақылау үшін жеткілікті көлемде мал сатып ала алмай отыр. Мұның өзі, бір жағынан, шаруа қожалықтары мен тұрғындардың артық малдарын сатуда қиындық тудырса, екінші жағынан ірі бордақылау алаңдарының жүктемесі жеткілік­сіз болуына әкеліп соқты.

Сол себепті бүгінде облыс­тардың әкімдіктері Агро­өнер­кәсіптік кешен саласындағы жо­баларға несие беру қағидасына өзгеріс енгізіп, жеңілдікті не­сие­ні басым бағыттар бойынша жергілікті атқарушы органдар айқындайтын өзге жобаларды қаржыландыру үшін де беруді сұрап отыр. Осы мақсатта олар жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге дайын екендіктерін де біл­дірді. Өйткені бұл шағын ша­руашылықтарды да қаржылай қолдауға мүмкіндік туғызады әрі аграрлы облыстардың салық базасын да кеңейте түседі. Ал шағын және орта бизнестен түсетін салық өңірлердің өздерінде қал­дырылатындығын ескерсек, бұл қадам жергілікті жерлерде кәсіп­керліктің одан әрі дамуы­на және әлеуметтік саладағы маңыз­ды мәселелерді шешуге оң ық­палын тигізетіні сөзсіз.